Қалада жылыту маусымы тұрақты өтіп, ірі жөндеу жұмыстары басталды
Қарағандыда жылыту маусымы тұрақты өтіп, 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларында жөндеу науқаны басталды. Сонымен қатар ЖЭО-3-ті кеңейтуге бағытталған ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл қаладағы жылу мен электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ЖЭО-3-ке барып, энергетиктердің жұмысына алғыс білдірді, жөндеу жоспарларымен танысып, жаңа энергоблок құрылысының барысын тексерді.

Жөндеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасады және екі станцияда негізгі 26 бірлік жабдықты қамтиды. ЖЭО-3-те жұмыстар электр энергиясын өндіруді тоқтатпай жүргізілуде. Қазіргі уақытта бір қазандық пен бір турбина дайын. №4 қазандық агрегатын жаңарту басталды.

«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гариповтың айтуынша, бұл — ең ауқымды жобалардың бірі. Жөндеу барысында шамамен 150 тонна металл ауыстырылып, қосалқы жабдықтар жаңартылады. Сонымен қатар экрандық жүйе толық жаңартылып, қазандықтың алдыңғы бөлігі қайта жасалып, жаңа бу қыздырғыштар орнатылады.

ЖЭО-1-де де күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.
ЖЭО-3-тегі жаңа энергоблок құрылысы – өңірдегі негізгі энергетикалық жобалардың бірі. Қазіргі таңда инженерлік ізденістер аяқталып, іргетастар құйылған, бас корпус кеңейтіліп, инфрақұрылым салынуда. Алаңға металл құрылымдар мен жабдықтар жеткізіле бастады.

Жаңа қазандық агрегаты заманауи талаптарға толық сай келеді және экологиялық көрсеткіштері бойынша Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де теңдесі жоқ болмақ.

Жоба Еуразиялық даму банкінің қатысуымен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа энергоблокты 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Жоба аяқталғаннан кейін станцияның қуаты айтарлықтай артады: электрлік қуат 140 МВт-қа, ал жылу қуаты сағатына 180 Гкал-ға өседі. Бұл 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қаланың алдағы жылдардағы тұрақты жылумен қамтамасыз етілуінің кепілі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



