Этнограф Төрехан Майбастың жаңа кітабы жарық көрді
Кеше, 22 сәуірде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жерлесіміз, белгілі жазушы-этнограф, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Төрехан Майбастың «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, Парламент депутаттары қатысты.

Басқосуды жүргізген журналист Қамбар Ахмет Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнінің мән-маңызына тоқталды.

Бірталай прозалық, этнографиялық кітаптардың авторы Төрехан Майбас Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде де біраз жыл қызмет істеген. Баспасөзде де, әдебиет саласында да талай уақыттан бері жемісті еңбек етіп келеді. Этнография саласында өмір бойы тірнектеп жинаған қоры, ізденістері мен өзіндік пайым-толғамдары бірнеше рет кітап болып жарық көрді. «Елқұжат», «Абадан», «Шікіл», «Үшінші ауыл», «Оныншы ауыл», «Айбар», «Жауһар», «Портреттер», «Айбөкен» атты кітаптары қалың оқырманның оң бағасын алған. Сондай-ақ, «Сарыарқа кітапханасы» жобасы аясында таңдамалы шығармалары жарық көрді.

Бұл жолы қаламгердің жаңа кітабы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау» бағдарламасы аясында жарық көріп отыр. Еңбектің атауы айтып тұрғандай, мұнда қазақтың көмескіленген салт-дәстүрлері, көне наным-сенімдері, ел жадынан өшуге айналған түрлі ұғым-түсініктер қайта жаңғыртылып, мейлінше жан-жақты талданған.
Іс-шара барысында сөз алған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, белгілі қаламгер, академик Бауыржан Омаров Төрехан Әкімжанұлының талай жылғы еңбегін лайықты бағалап, жарық көрген туындыларының ғылыми, рухани маңызына тоқталды. Серік Ақсұңқарұлы жазушының осынау еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға лайық деген жоғары пікірін айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов ұлттық мұраны сақтау, дәріптеу, оны бүгінгі және келер ұрпақтың игілігіне пайдалану мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.

Салтанатты жиында академик Дихан Қамзабекұлы, Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Құдайберген Бексұлтанұлы, Аманжол Әлтаев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің деканы Елдос Түйте, профессорлар Тілеген Садық, Қойлыбай Асанов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда сөз сөйлеп, автордың этнография саласындағы сүбелі еңбектерін айрықша бағалап, игі лебіздерін білдірді.

Кеш соңында жазушы-этнограф Төрехан Майбас жиналған көпшілікке жүрекжарды алғысын айтып, көп жылғы еңбегі ұлтымыздың қажетіне жарап жатқанына ризашылығын білдірді.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Ortalyq.kz



