Биыл Қарағанды облысында көктемгі егіс науқаны 1,23 млн гектар аумақты қамтиды
Өңір әртараптандыруға басымдық беріп отыр: бидай егістігі қысқартылып, табыстылығы жоғары майлы дақылдардың көлемі ұлғайтылады.

Осы және өзге де мәселелер Абай ауданында өткен дәстүрлі агрокеңесте талқыланды. Жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты.

Кездесуді ашқан өңір басшысы аграрлық саланың әлеуетіне ерекше тоқталды.
— Мемлекет басшысы аграрлық сектордың азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты экономикалық өсімнің негізі ретіндегі стратегиялық маңызын үнемі атап өтеді. Қарағанды облысының мүмкіндігі мол — кең алқаптардан бастап, технологияларды енгізу қарқыны артып келеді. Біздің міндет — өңірдің позициясын нығайтып қана қоймай, оны инновациялардың драйверіне айналдыру, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аграршылар көктемгі дала жұмыстарына сәуір айының соңында кірісуді жоспарлап отыр. Ал егіс жүргізудің оңтайлы мерзімі — 10–20 мамыр аралығы.

— Көктемгі егіс үшін 109,5 мың тонна тұқым дайындалды. 8,5 мыңнан астам трактор, 229 егіс кешені және өзге де техника жұмылдырылады. Сондай-ақ 17,5 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінді, — деп хабарлады ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебеков.

Мемлекеттік қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Вице-министр Азат Сұлтановтың айтуынша, мемлекет аграршыларды қолдауды күшейтіп жатыр.

— Отандық өндірушілерден тыңайтқыш сатып алған кезде оның 60 пайызы мемлекет тарапынан тікелей субсидияланады. Бұл аграршыларға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу мүмкіндігі кеңейтілуде. Биыл «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында 5 пайызбен кемінде 300 млрд теңге несиеге бағытталады, — деді ол.

Кездесу барысында кадр мәселесі де көтерілді. Қазір өңірде орта буын мамандарын даярлайтын жеті аграрлық колледж жұмыс істейді.
— Біз «егістіктен сөреге дейінгі» толық циклді қамтамасыз ете аламыз. Алайда саладағы нақты кадрлық қажеттілікті дұрыс айқындау маңызды, — деді білім басқармасы басшысының орынбасары Лариса Буравко.

Отырыс басталар алдында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі ұйымдастырылды.

Жаңалықтардың бірі — бір ауысымда 350 гектарға дейін өңдей алатын агродрон.

— Әлем цифрлық технологияларға қарқынды көшіп жатыр. Мұндай дрондар Қазақстанның солтүстігінде кеңінен қолданылуда, ал Қарағанды облысында оларға деген қызығушылық артып келеді, — деді DJI Agriculture дилері Валерий Прилипко.

Агрокеңестегі диалог мазмұнды өтті: аграршылар өзекті мәселелерін көтеріп,

мемлекеттік органдар мен сарапшылар нақты түсіндірмелер мен ұсыныстар берді.

Жиынды қорытындылаған Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс мерзімдері мен сапасына тоқталды.
— Көктемгі ылғалды сақтау аса маңызды — болашақ өнім соған байланысты. Егіс науқанын тұрақты өткізу үшін барлық қажетті шараларды дер кезінде орындап, ішкі нарықты да, экспорттық әлеуетті де нығайту қажет, — деп атап өтті облыс әкімі.



