Қарағандыда 5 жыл халықаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қарағанды облысында халықаралық іздеуде болған күдікті арнайы операция барысында қолға түсті. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 43 жастағы ер адамды ұстады.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтың мәлімдеуінше аталған тұлға бопсалау фактісі бойынша 5 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген.
Арнайы операция Қарағанды қаласының аумағында, жекеменшік тұрғын үйлердің бірінде өткізілді. Тінту барысында құқық қорғау органдары арнайы жабдықталған жасырын орынды анықтап, күдіктінің сол жерде бой тасалап жүргенін әшкереледі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам қала тұрғынын қорқытып, күш көрсету арқылы 117 миллион теңге көлемінде қаражат бопсалауға қатысы бар деп күдіктелуде. Ұзақ уақыт бойы ол құқық қорғау органдарынан жасырынған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



