Қарқаралыда Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына орай 100 қарағай егілді
Қарқаралылықтар «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды жалғастыруда. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, көктемгі тазалық жұмыстары барысында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына орай батыр атындағы көше бойына 100 түп қарағай ағашы отырғызылды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Қабиденұлы акцияның мән-маңызына ерекше тоқталып, батырдың жерлестерін «Таза Қазақстан» акциясын бірлесе ұйымшылдықпен қолдауға шақырды. Алдағы уақытта қала ішіне жасыл көшеттерді егу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Денешынықтыру жаттығуларымен бой сергітіп алған қарқаралылықтар жұмысқа құлшына кірісіп, ұйымшылдықпен атқарды.
Қала басындағы мекемелер мен ұйымдар, депутаттар мен қоғамдастық өкілдері, ардагерлер мен ерікті жастар, жас отбасылар бірлесуімен іске асқан бірегей шара «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға бағытталып, биыл 80 жасқа толатын Тоқтар Оңғарбайұлына деген игі тілек аясында іске асты.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz





