АймақБалқашБас тақырып

Балқаш пен Қарқаралыда туристік полиция құрылды

Қарағанды облысында туристер санының артуы күтілуіне байланысты өңірде туристік маусымға дайындық жұмыстары қарқынды түрде басталды. Жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде: инфрақұрылымды дамыту, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру, жол бойындағы сервисті жақсарту және жайлы жағажайлар жасау басты назарда. Негізгі мақсат – демалушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыру.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өңірде туристік полиция құрылып, оның бөлімшелері Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданы аумағында жұмыс істей бастады.

– Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін туристік полиция құрылды. Мамыр айының соңына дейін негізінен жағалау аймақтарында қосымша 102 бейнебақылау камерасы орнатылады. Құтқару инфрақұрылымы күшейтілуде: Балқашта екі капсулалық-модульдік станция орнатылып, қолданыстағы құтқару станциясы жөндеуден өтті. Сонымен қатар 70 қоғамдық құтқарушы дайындалады. Торанғалық пен Шұбартүбекте тәулік бойы жұмыс істейтін жедел жәрдем бекеттері ұйымдастырылды, – деді аппараттық кеңесте туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық туристік нысандарға түгендеу және паспорттау жүргізіліп, демалыс орындарына тұрақты мониторинг ұйымдастырылуда. Кәсіпкерлермен кездесулер барысында жағажайларды абаттандыру стандарттары түсіндіріліп жатыр.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бюджет қаражаты есебінен инженерлік желілер тартылып, соның ішінде Торанғалық кентіне су құбыры жүргізілуде.

Жол бойындағы сервис сапасын арттыруға ерекше мән берілген. Биыл автожолдар бойында 11 жанармай құю станциясы мен бес санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған.

Байланыс сапасын жақсарту да маңызды бағыттардың бірі. Балқаш қаласында, Торанғалық және Шұбартүбек кенттерінде, сондай-ақ Балқаш бағытына апаратын автожол бойында антенна-діңгекті құрылғылар орнатылады. Сонымен бірге қолданыстағы базалық станциялар жаңғыртылып, байланыс пен интернеттің тұрақтылығы күшейтіледі.

Туризмді цифрландыру бағытында да жұмыстар қолға алынған: демалыс орындары Kaspi Travel платформасына қосылуда. Бұдан бөлек, Балқаш, Қарқаралы және Қарағанды қаласының орталық саябағында жаңа визит-орталықтар ашу жоспарланып отыр. Ақпараттық орталықтар теміржол вокзалы мен әуежайда да іске қосылады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев туристік маусымға дайындықтың өңір имиджі үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, туристік нысандар мен инфрақұрылым белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс және бұл жұмыс бір реттік емес, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуі қажет.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button