Қарағандыда жасыл желек көбейеді: биыл шаһарда 25 мыңнан астам түп ағаш егілмек
Қарағандыда көгалдандыру маусымы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген аймақтарды жүйелі түрде абаттандыру және жасыл желекпен көмкеру міндеті өңірлерде жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті экологиялық іс-шара бүгін өтіп, Назарбаев даңғылы бойына 60 жас көшет егілді.

Игі іске Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы, қала әкімі Мейрам Кожухов қатысып, өз қолдарымен тал екті. Сондай-ақ, шараға кәсіпорын қызметкерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері, еріктілер, қалалық Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары және қала тұрғындары атсалысты.


Экологиялық бастама аясында биыл Қарағандыда ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүзеге аспақ. Жоспарға сәйкес, шаһарда 1,5 миллионнан астам гүл егіліп, басқарма мен аудан әкімдіктерінің күшімен 7 мың бұта, 12 700 түп ағашпен көмкерілмек. Бұған қоса, қаланың әр ауданында, саябақтардан бөлек аумақтарда және өтемдік негізде 13 мыңнан астам түп ағаш егу көзделіп отыр. Осылайша, жыл соңына дейін Қарағандыда 25 мыңнан астам түп ағаш егіліп, жасыл аймақтар қатары кеңейе түспек.

Табиғат жанашыры, зейнеткер, қоғам қайраткері әрі кәсіби агроном Сәкен Әбіжанұлы Келдібаев бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде егілген 60 түп қарағай жергілікті жерден арнайы таңдалып алынған. Бұл көшеттердің жаңа ортаға тез бейімделуіне және тамыр жаюына оң әсер етеді.


– Менің негізгі мамандығым – агроном. Көгалдандыру саласында 11 жыл еңбек еттім. Қазір зейнетте болсам да, қаланы көркейту ісінен шет қалмаймын. Бүгін егіліп жатқан қарағайлар – жергілікті жерге бейім ағаштар. Сондықтан, олардың жерсіну мүмкіндігі жоғары, – деді Сәкен Келдібаев.

Сәкен Сәбиденұлының айтуынша, ағаш егу жұмыстары қатаң агротехникалық талаптарға сай жүргізілуі керек. Қазіргі кезде көшеттерді отырғызуда арнайы темір себеттер пайдаланылады. Бұл тәсіл бұрын қолданылған полиэтилен не пленкамен орау әдісіне қарағанда әлдеқайда тиімді. Өйткені, темір тор тамырдың табиғи дамуына кедергі келтірмейді.


Бүгінгі жұмыстардың тағы бір маңызды мақсаты – осы аумақтағы ескі ағаштарды кезең-кезеңімен жаңартып, олардың орнына сапалы қарағай саябағын қалыптастыру. Бұл қаланың келбетіне көрік беріп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да үлес қоспақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН



