Қарағанды облысының шахталарында 8 жылда алғаш рет электровоздар жаңартыла бастады
Qarmet компаниясы шахталарда жерасты көлік паркін жаңартуға кірісті. Жаңартудың алғашқы кезегі «Қазақстан» шахтасына тиді — онда 2В8-900 маркалы электровоз пайдаға берілді. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, бұл соңғы сегіз жылдағы алғашқы ауқымды жаңарту.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, шахталық локомотивтер – жерасты жағдайындағы ең маңызды көлік түрі. Тау-кен қазбаларында олар ауыр тау-кен жабдықтарын және адамдарды тасымалдайды. Кәсіпорынның тұрақты жұмысы осы техниканың сенімділігіне тікелей байланысты.
2В8-900 электровоздары жоғары қуатымен және пайдаланудағы әмбебаптығымен ерекшеленеді. Техника жекелей де, екі локомотив бірге жұмыс істейтін жұптасқан режимде де қолданыла алады. Бұл ретте оның төрт қозғалтқышы бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істейді — бұл тарту күшін арттырып, ауыр құрамды тасымалдауға мүмкіндік береді.
«Өнімділік айтарлықтай өсті: ескі электровоздарымыз ауысымына 8 вагонға дейін тасыса, жаңа машиналар 18 вагонға дейін тасымалдай алады», — деп атап өтті «Қазақстан» шахтасы учаскесінің бастығының орынбасары Серік Рамазанов.
Электровоз алты сағаттық бүкіл ауысым бойы қайта қуаттаусыз үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ететін төрт аккумуляторлық батареямен жабдықталған. Бұл жерасты өндірісі жағдайында, энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығы өте маңызды болған кезде, ерекше мәнге ие.
«Бұл электровозда параметрлерді тіркеу модулі орнатылған, барлық қателер мен ықтимал ақаулар көрсетілетін цифрлық ақпараттық тақта бар — бұл диагностика, апаттарды анықтау және тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді», — деді «Қазақстан» шахтасының рельстік көлік учаскесінің механигі Ильяс Сайфутяров.
Одан басқа, бортты компьютерден деректерді кейінгі талдау үшін жүктеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл техниканың жай-күйін бақылауды жеңілдетеді және оған техникалық қызмет көрсетудің тиімділігін арттырады. Машинистердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Электровоздардың кабиналары жабық орындалымда жасалып, тек отырған күйде ғана басқаруға болатындай етіп жобаланған. Бұл жарақат алу қаупін азайтып, еңбек жағдайларын жақсартады.
«Қазақстан» шахтасының мамандарының бағалауынша, жаңа буын электровоздарын енгізу қазірдің өзінде нақты нәтиже бермек. Тасымал көлемі артып, жұмыстың сенімділігі жоғарылап, техникалық ақаулармен байланысты тоқтап қалу жағдайлары азаюда.
Жерасты көлігін жаңарту – компанияның өндірістік қуаттарын жүйелі жаңғырту шараларының бір бөлігі және тау-кен жұмыстарының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Осы жылы шахталарға осындай техниканың тағы 9-ын жеткізу жоспарланып отыр.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ





