АймақБас тақырыпҚарағанды

15 сәуірден бастап уылдырық шашу науқанына орай балық аулауға тыйым салынады

Қарағанды облысында 15 сәуірден бастап «Нерест» және «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциялары басталады. Осы кезеңде балық ресурстарын сақтау және олардың табиғи жолмен көбеюіне жағдай жасау мақсатында балықшылар үшін бірқатар шектеулер енгізіледі.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

«Нерест» акциясы 30 маусымға дейін жалғасып, Нұра-Сарысу бассейнінің барлық аумағын қамтиды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Қарағанды облысы бойынша Балық инспекциясы бөлімінің басшысы Ерік Әбішевтің хабарлауынша, «Уылдырық шашу» акциясы аясында 15 сәуірден 30 мамырға дейін Қаныш Сәтбаев атындағы канал бойында, соның ішінде барлық су қоймалары мен гидроқұрылғыларда балық аулауға тыйым салынған.

Алайда белгілі учаскелерде торта, ақтабан, алабұға, мөңке, шортан секілді кейбір балық түрлерін спорттық және әуесқойлық мақсатта аулауға рұқсат етілген.

Қосымша түрде жекелеген балық түрлеріне қатысты тыйым мерзімдері белгіленген:

көксеркеге – 20 сәуірден 20 мамырға дейін;

сазанға (тұқыға) – 1 мамырдан 30 маусымға дейін.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген жаңа қағидаларға сәйкес, 1 мамыр мен 10 маусым аралығында Нұра–Сарысу бассейнінің барлық су айдындарында балық аулауға толық тыйым салынады. Қаныш Сәтбаев атындағы канал бойынша шектеулер 16 сәуірден 30 мамырға дейін енгізіледі.

Уылдырық шашу орындарында моторлы қайықтармен және өзге де жүзу құралдарымен қозғалуға тыйым салынады.

Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар қарастырылған.

15 сәуір мен 31 мамыр аралығында өңірде «Таза су айдындары» акциясы өтеді. Оның қатысушылары су айдындарын тасталған ау мен қоқыстан тазартумен, сондай-ақ жағалау аумақтарын абаттандырумен айналысады.

– Уылдырық шашу кезеңінде шектеулер енгізу – биоалуантүрлілікті сақтау және балық қорын қалпына келтіру үшін қажетті шара. Тұрғындарды белгіленген талаптарды сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырамыз, – деді Ерік Әбішев.

Нұра-Сарысу бассейні аумағында жергілікті маңызы бар 195 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар 2 су айдыны бар.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button