Хоккей: Бар үміт – бесінші кездесуде
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының ақтық кезеңінде елордалық «Nomad Astana» клубымен төртінші кездесуін өткізді. Өкінішке қарай, жерлестер өз алаңында өткен екінші ойында 1:5 есебімен жеңіліп қалды. Енді қос команда арасында соңғы, яғни, бесінші кездесу ғана қалды. Ал, ол кездесу сырт алаңда өтеді.

Өткен жолы қарағандылықтар өз алаңында елордалықтарды 7:1 есебімен жеңгенде, бір қуанып қалғанымыз рас. Дәл солай, өз алаңымыздағы екінші кездесуде де жеңіске жететінімізге еш шүбә болмаған. Алайда, елордалықтар, керісінше, айласын асырып кетті.
Ойынның бірінші айналымында елордалықтар қатарынан үш шайба салып, есепте алға шықты. Ал, екінші айналымның басында тағы да шабуыл ұйымдастырып, таблодағы есепті 0:4-ке жеткізді.
31-минутта қарағандылықтар қарымта шабуылға көшті. Сол сәтте шайба оң қапталда тұрған Егор Кузьменконың еншісіне тиген еді. Ол кідірместен қақпа маңында ұрымтал тұста жүрген әріптесі Артем Лихотниковқа дәл пас жолдайды. Артем болса қарсы қапталда бос тұрған Данила Карабанды байқап, шайбаны соған бағыттайды. Мүмкіндікті мүлт жібермеген Данила қақпаға жойқын соққы жасап, есеп айырмасын қысқартқан. Алайда, 34-ші минутта елордалық ұжым жауапсыз қалмай, тағы бір шайба соғып, таблодағы көрсеткішті 1:5-ке жеткізді.
Үшінші кезеңде қос команда да есеп аша алған жоқ. Осылайша, «Сарыарқа» елордалықтармен өткен төрт кездесудің тек біреуінде ғана жеңіске жетіп отыр. Енді алда – шешуші, яғни, соңғы ойын. Егер жерлестер осы кездесуде басым түссе, турнир регламентіне сәйкес командалар тағы екі матч өткізеді. Демек, басты мақсатқа жетуге небәрі бір қадам қалды. Енді барлығы соңғы ойындардың нәтижесіне байланысты. Бізге тек жеңіс керек.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»





