Руханият

Еменнің иір бұтағы

Құстың тұмсығындай қыстың қысқа күндерінің бірі еді. Жұмыстан кейін балашағамызбен дастархан басына жинала бергеніміз сол еді, ұялы телефонымның «сарнап» қоя бергені…

– Әл-лөу – дедім, қазақы мәнерге салып.

– Ілияс па екен?

– Болсақ болармыз!

– Сізбен кездесіп, әңгімелессем деп едім…

– Қандай мәселе жөнінде?

– Өлеңдеріңізбен ғаламтор арқылы жақсы таныс едім. Ыңғайы кеп жатса бір жинағыңызды қолтаңбасымен алсам ба деген ойым бар…

Жер жаралып, су аққалы қазақ деген қабырғалы елмен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан сөз өнеріне деген құрметтің кемшін тартып, өрелі өлеңнің өгей баланың күйін кешкен осы бір шарасыз шағында шығармашылығыңа шұқшиып, күн жарықта май шаммен іздеп жүрген бейтаныс жанның лебізі майдай жақса керек, мекенжайымды айтып, құрақ ұшқаным есімде…

Сәлден кейін буы бұрқыраған дастархан басында «буы бұрқырап» екі жан отырды. Бірі – әрине, осы жолдардың авторы да, екіншісі – жаңаарқалық жайсаң азамат Бүркіт Ғалымұлы Әлин болатын…

***

Содан бері жылжып жыл, аяңдап айлар өтті. Көзінен – нұр, сөзінен – жыр ақтарылған бекзада болмысты осы бір азаматпен таныстығымыз – сыйластыққа, сыйластығымыз – достыққа ұласты. Асылында, адам есімінің тағдырына тікелей әсері бар деген тәмсілдің жаны бар. Қырағылығы қатарласына, алғырлығы айналасына аян Бүкеңнің мұзарт шолған мұзбалақтай биіктікті жаны сүйетін қыран тектес азамат екеніне талай мәрте көзіміз жетіп, көңіліміз сенген. Бауырына басып жегенді емес, маңайына шашып жегенді ұнатар мәрттің, таяқ ұстап келгенге тай мінгізген, арқан алып жеткенге ат жетектеткен сақидың өзі екеніне де куә-дүрміз. Сондай жұртқа болса екен деген көлдей көңіл, жомарт жүрегінің арқасында бүгінде ынтымағы уыздай ұйыған Ералиев ауылының, жазиралы Жаңаарқа жұртының абыройлы азаматтарының сапында. Қасиет дарып, құт қонған ауылдағы жалғыз жауапкершілігі шектеулі серіктестік – «АСБЕР-Агро»-ның екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап, шаруашылығын шалқытып отырған оның шебер ұйымдастырушылық қабілеті мен қайраткерлік қырына қайран қалған жұртшылық «Тегіне тартып туған ұл» деп, ертеңіне сеніммен қарауда.

***

Иә, «Ата тегі мұндағы – Орта жүздің ұлығы, ана тегі ондағы – өзен судың тұнығы» деп Абай һәкім жырлағандай, Бүркіт Ғалымұлы – жақсының жұрнағы, шұғаның қиығы. Бабасы Әлі Сүйіндікұлы Қосағалы болысын табаны күректей 20 жыл басқарған. Қара қылды қақ жарған әділдігімен елдің ықыласына бөленген жан. Алаш арысы Міржақып Дулатовпен пікірлес, сыйлас болған екен. Әлі болыстың тұғырлы тұлғасы, ілкімді істері ел аузында сақталып қалған Балбике мен Маймақтың айтысында жанжақты жырланған. Сапты аяқпен ас ішіп, сабынан қарауыл қойған заманда болыстың елге болысқан халықшыл ұстанымы ұнамай, 1928 жылы «ұлы кәмпескеде» ұсталып, жер аударылған. Бәйбішеден туған тұңғыш ұлы Көпбай да қудаланып, әкесінің соңынан ізтүзсіз кетеді. Ал, екінші әйелінен қалған жалғыз ұл – Көпбосын болса ол кезде ойын баласы екен.

Алла алқап, аруақ жебеген болар, тектіден қалған жалғыз тұяқ – Көпбосын өсіп, өнді. Нұрзипа шешей екеуі төрт құбыласындай болған төрт тұлымдысы мен көзінің қарашығындай жалғыз бұрымдысының бойларына тал бесіктен ізгілік нұрын септі, ұлағат дарытты. Көпекеңнің отының алды, суының тұнығы – Ғалым болса қаршадай кезінен көзге түсті. Тамырында атасы Әлі болыстың қаны тулаған Ғалекең бекзат болмыстың иесі болды. Іскерлігімен дараланып, ел басқару ісіне ерте жастан араласты. Археологиялық қазба жұмыстарымен елге келген Әлкей Марғұлан бөгенайы бөлек, жалын атқан Ғалекеңнің ақыл-парасатына, қажыр-қайратына таң қалып, Алматыға оқуға шақырған екен. Бірақ, бір үйдің сенім артар үлкені болған соң әжесі мен ата-анасына, бауырларына қарайлап, іріге ілесе алмады. Есесіне елде де оны қыруар жұмыс, өтелуі тиіс перзенттік парыз күтіп тұрды.

Елге сіңірген еселі еңбегінің арқасында азан шақырып қойған Ғалым аты ұмытылып, Арқа атырабы Дөде деп алапатын асырды. Төбесіне көтерді. Ералиев елінде Жаңаарқа жерінде Дөденің шарапатын, жақсылығын көрмеген жан некен саяқ шығар?! Себебі, көлеңкесі күндік жерге түскен биік бәйтерек сияқты көпке пайдасы тиді. Болар істің басында, жақсылардың қасында жүрді. Елдегі атқарылған игі істерді былай қойғанда, ауылдағы алты бақан алауыздыққа да Дөде бітімгер болды. Ағайынның ымыра-бірлігіне баса назар аударды. «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» екенін ұғындырумен өтті.

Қара сөзді қойша өргізген (өз сөзі) марқұм Рақымжан Отарбаев Дөде туралы «Астана, Орал, Жезқазғаннан бас қосқан ағайындардың бәрі де ортамыздағы бір азаматқа «Дөде» деп ілтипат арнайды. Ықыласын жерге түсірмей қағып алып, бас шұлғысады. Нұр сипатына қараймын да таң қалам. Батыр тұлғалы бойы қандай?! Мейірімге шүпілдеп, төгіліп кете жаздап тұрған көзі ше?! Ай маңдайында қаншама ой қонақтап жатыр?! Қара жерге кеме салғандай сабырын айтсаңшы! Қарадай тәнті болдым. Іштей ұғыстық. Бойымды ыстық леп ұрып, рухани бір жақындықты таныдым» – дейді, бір естелігінде. Иә, талантты таланттың танығанынан, мықтыны мықтының мойындағанынан асқан қандай бақыт бар, шіркін?!

…Тіршілігінде қасиеті қазық, өсиеті азық болған Дөденің Аллаға аманат жанын тапсырғанына да биыл 10 жылдың жүзі болыпты. Кейінгіге сөзі мен өнегелі ісі қалған Дөденің есімін есте сақтау мақсатында көптеген шаралар атқарылды. Жанына жайдарылық, қанына қайсарлық дарыған Ғазиз Әлі бастаған бауырларының бастамасымен, әулеттің келісті келіні, белгілі журналист Сара Смағұлдың құрастыруымен «Дөде» атты естелік кітап жарыққа шықты. Сүйегіне сөз сіңген немересі Қасымхан да өлеңді серік етіп, атасының атын шығарып, түрлі байқаубәсекелерде оза шауып бәйге алып жүр. Атадан ақыл, әкеден әдеп дарыған ұрпақтың қолынан ғана осындай өрелі іс келсе керек.

***

Бір аңызда Абай әкесіне: «Сізден оздым, атым исі қазаққа танылды» десе керек. Сонда Құнанбай: «Жоқ, балам, сен менен озған жоқсың. Себебі, сен өзіңнен озған ұлды әлі тудырған жоқсың» деген екен. Сол айтқандай, Дөде әкесінен өте тумаса да жете туған Бүркіт достың бүгінде елдің алдында еңсесі биік, жүзі жарқын. Қоналқаға түскен қырық кісіңді қабақ шытпай қарсы алар, алды кең Гүлім жеңгей екеуі шаруашылығын шалқытып, ісін ілгерілетіп отырған жайы бар. «Жабы жүйрік болмайды байлағанмен, жасық болат болмайды қайрағанмен» дейді қазақ. Тектілігі тереңнен тамыр тартқан Бүкеңің бекзат болмысы мен толағай табыстарына қарап, аталарының алдындағы перзенттік парызының өтеліп келе жатқанын бағамдайсың.

«Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші, қыранға тұғыр қыларға» демей ме, марғасқа Махамбет?! Дөде туралы сөз қозғалса еменнің иір бұтағы елестейді көз алдыма. Ия, еменнің иір бұтағы. Бір кездері өлең табыстырған Бүркіт досыма тұғыр болған…

Ілияс МҰҚАЙ.

СУРЕТТЕ: Ғалым (Дөде) Әлин.

Басқа материалдар

Back to top button