Біздің сұхбатСұхбат

Алмагүл ИГЕНОВА: «Қашықтықтан тіл үйрету қиын емес»

Облыстық тілдерді оқыту орталығы қазір аймақтық, республикалық көлемде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Біз бертінде құрылған орталыққа бас сұғып, мекеме басшысы Алмагүл ИГЕНОВАМЕН аз-кем әңгімелесіп қайтқан едік…

– Алмагүл Ақмашқызы, өзіңізді білікті басшы, тіл үйретуге бағытталған біршама жобалардың авторы ретінде танимыз. Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әлеуетіне тоқталып өтсеңіз…

– Қазіргі ақпараттың қарқынды ағыны, жоғары технологиялық инновациялар мен әзірлемелер біздің өміріміздің барлық салаларын өзгертіп жатыр. Қоғам сұранысы да, жеке тұлғаның қызығушылығы да өзгеруде. Сондай-ақ, тіл үйрету де біз заманның ағысынан қалмауды, ізденуді талап етеді. Қарапайым ғана мысал, оқыту әлемдік пандемияға дейін басқа бағытта, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін оқытуға деген сұраныс та, талап та бірден басқа бағытқа өзгерді.

Ересек тұрғындармен, қалыптасқан тұлғалармен жұмыс істейтін болғандықтан, біздің мамандарға талап жоғары. Орталықта қазақ тілі мен ағылшын тілі бойынша әдіскерлер, қазақ тілі оқытушылары мен ағылшын тілі оқытушылары, бағдарламашылар жұмыс істейді. Оқытушылардың барлығында ғылыми дәрежелері, қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері бойынша Жоғары С1 деңгейін растайтын сертификаттары міндетті, STEAM жүйесі бойынша Назарбаев университетінен біліктіліктерін арттырғандығын растайтын сертификаттары бар және біздің оқытушылар Халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі, яғни, сол жерде үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Таяуда ғана бір оқытушымыз АҚШ-тың Индиана университетінде біліктілігін жетілдіріп келді. Орталықтың оқытушылар құрамы және оқытушылардың жетістікері мен ғылыми еңбектері, әдістемелік өнімдері электронды портфолио базасына жинақталған.

– Рахмет, әлемдік пандемия кезінде тіл оқыту курстары қалай ұйымдастырылып жатыр, оқыту үрдісіне кері әсерін тигізбеді ме?

– Нақты, біздің орталыққа еш кедергісі болмады. Себебі, біз бұған дейін онлайн оқыту курстарын ұйымдастырып жүрген болатынбыз. Яғни, техникалық базамыз бен деңгейді анықтау, аралық тест пен қорытынды тестердің электронды базасы (бұрындары бұлардың бәрі қағаз түрінде алынып, мұғалім тексеріп, қатемен жұмыс жасап, уақыт алатын, қазір электронды базаға енгізілген, тыңдаушы кіріп, тесті бірден орындап, сол жерден нәтижесін көріп отырады) лексикалық минимумдардың базасы, аудио мәтіндер, орталықтың Youtube каналындағы грамматиканы меңгертуге арналған бейнесабақтар базасы мен подкасттар топтамасы, лексикалық минимумдарды меңгертуге арналған шағын жағдаяттық бейнероликтер дайындалған болатын. Осының бәрі біздің елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, онлайн оқытуға еш кедергісіз бірден көшіп кетуге септігін тигізді.

2018 жылы 45 адамды (басшылық құрам), 2019 жылы 72 адамды мемлекеттік тілді оқыту курсы онлайн форматта ұйымдастырылды және 2019 жылдың қараша айында «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі: оқу-әдістемелік кешен және цифрлық оқыту мүмкіндіктерін пайдалану» атты республикалық әдістемелік семинарда қашықтан оқыту бойынша тәжірибемізбен бөлістік, кейінгі жылдары жарық көрген әдістемелік өнімдерімізбен, электронды базаларымызбен таныстырдық. Бұл жерде айтайын дегенім, қашықтан оқытуға әдістемелік, техникалық базадан басқа оқытушылар да заманауи техникаларды меңгерген, солардың әр тетігін жатқа білетін және психологиялық тұрғыда дайын болу керек.

Бізге дәстүрлі аудиториядағы оқытудан онлайн оқытудың мүмкіншілігі шектеулі сияқты көрінді. Қарастыра келе онлайн сабақтың мүмкіншілігі шексіз екендігіне көзіміз жетті. Ондағы виртуалды тақталар, онлайн тест, жаттығу жұмыстары, карточкамен жұмыс, бейнетаспамен жұмыс, қысқасы тыңдаушының тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырады.

«Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешенімен таныс болсаңыздар, бұл әдістемелік кешенге сұраныс жоғары. Бірақ, бұл кешеннің бірінші басылымы үш деңгейлік болған. Ағылшын тілінің оқулықтарына қарасаңыздар жыл-жылымен толықтырылып, мазмұны жаңарып отыр. Соңғы жылдары Қазтест стандартына негізделіп «Сарыарқа-2» бес деңгейлік оқуәдістемелік кешені және аудио құралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен жарық көрді және республика бойынша үздік деп танылып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және Cпорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің қолдауымен 5000 данамен тегін таратылды.

Тіл үйрену курстары өз нәтижесін беру үшін сабақ жүйелі ұйымдастырылып, сабақ жоспарының мазмұны заманауи үлгіге сай болуы керек. Осы орайда әр деңгей бойынша сабақ жоспарларының электронды базасы жасалды. Мұнда әр сабаққа презентациялар, лексикалық минимум, грамматика, жазылым, тыңдалым, сөйлесу дағдысына арналған жұмыс түрлері (аудио, бейнетаспалар, көмекші құралдар, сызбалар) кейс түрінде жинақталған. Әңгіме қашықтан оқыту бойынша болып отыр ғой, қазір әр түрлі жағымды, жағымсыз пікірлер бар. Жалпы, қашықтан тіл үйретуде оқытушылар тарапынан түрлі платформаларды меңгеріп, қандай әдіс-тәсіл бар, зерттеп, ақырындап пайдаланып көрсе, міндетті түрде оң нәтижесін береді.

– Кейінгі кездері жарық көрген әдістемелік өнімдеріңіз бар ма?

– Осы саладағы оқу-әдістемелік жұмыстардың нәтижесін айтатын болсам, тіл үйренушілерге арналған «Латын әліпбиі негізіндегі емлені бекітуге арналған» жұмыс дәптері, «Диктанттар мен мазмұндамалар», сонымен қатар «Тіл үйренушілерге арналған кеспе карточкалар», дидактикалық материалдар, әр сабаққа қатысты емле-ережесі, кейін оны бекітуге жазу, оқу жұмыс түрлері берілген. Жазу жұмыстарын орындағаннан кейін QR-код арқылы тыңдаушы өзін тексеріп, қатемен жұмыс жасай алады.

Ал, диктанттар мен мазмұндамалар жинағында жас ерекшелігі шектелмеген, жалпы тіл үйренушілер мен оқытушыларға арналған әдістемелік көмекші құрал. Басқа диктанттар мен мазмұндамалар жинағынан ерекшелігі, электронды оқулығымен қоса дайындалды. Мұнда дәстүрлі диктант түрлерімен қатар заманауи диктант түрлері, мазмұндамалар жинағы таратпа материалдарымен, дыбысталуымен берілді.

Биыл соңғы аталған екі өніміміз Қазақстан Республикасының Мәдениет және Cпорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының арнайы сараптамасынан өтіп, республика бойынша биылғы жылы 1000 данамен тегін таратылатын болады.

– Сіз басқарып отырған орталықтың беделі республика көлемінде «Үздік орталық» ретінде танымал көрінеді ғой?

– Рахмет, бұл танымалдылықтың артында үлкен еңбек, командалық жұмыс, тың идея, шығармашылық ізденіс жатыр десем, артық айтқаным емес.

2018 жылы Орталықтың оқытушысы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы» байқауында Бас жүлде, 2019 жылы орталықтың әдіскері Мунира Шайхсламқызы ІІ орынды иеленсе, биыл Бас жүлдені орталықтың оқытушысы Жансая Хасенова қанжығасына байлады.

Биылғы жылдың өзінде ағылшын тілі оқытушымыз Гаухар Айтбақаева облыстық «Тілдарын» байқауының І орын иегері атанса, орталықтың әдіскері Мунира Ағымбаева облыс әкімінің «Тіл жанашыры» премиясының «Үздік оқытушы» аталымын иеленді және ҚР ақпараттық және қоғамдық даму Министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Мыңбала» мәдени-ағартушылық жобасының «Тіл мектебі» бағыты бойынша үздік деп танылды. Өздеріңіз білесіздер, таяуда тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Сарыарқа» телеарнасында «Qazaqsha sóıleıik!» телесабақ жобасы жарық көрді. Сол жобаның әдістемесі бойынша бізге мұғалімдер тарапынан семинар өткізуге сұраныстар түсті. Соған қарағанда жоба сәтті шықты деп ойлаймыз. Желтоқсан айында қазақ тілі мен ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған онлайн форматта «STEAM жүйесі бойынша қашықтан тіл оқыту: технологиялар мен дағдылар» атты семинар ұйымдастырылады. Семинарда қашықтан оқытудың мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз.

Қазір орталық ұжымы кәсіби салаға бағыттап оқыту бойынша бір жоба бастап жатыр, өнім баспаға дайын болғанда өздеріңіз арқылы Арқа жұртын сүйіншілейтін боламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button