Руханият

Құндылықтарымызды қастерлейік

Қарағанды ертеден білім мен ғылымның, мәдениет пен әдебиеттің ордасы саналады. «Жұмағы жан адамның, Гүл бағы балалардың, Көгілдір гүлзарыңды, Көктемге балағанмын. Даласы даналардың, Қаласы даралардың, Кеніші қазағымның – Қарағандым!» деп ақын Серік Ақсұңқарұлы жырлағандай Сарыарқа төсінде «тар жол, тайғақ кешкен» талай ақын-жазушылар, көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, әдебиет пен мәдениеттің майталмандары дүниеге келіп, тәуелсіз еліміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етті. Тек, «қара алтынымен» ғана емес, ақындарының өлеңімен талай елдің жүрегін жылытқан өңіріміздің ел экономикасының өркендеуіне ғана емес, рухани дамуына қосып отырған үлесі өлшеусіз.

Соңғы жылдары қаламыздың көркі артып қана қоймай, мәдениет, спорт ошақтарының жұмысы жандана бастады. Бүгінде төл тарихымызбен, тарихи ірі тұлғаларымыздың еңбегімен танысу ісі қарқын алып, рухани құндылықтарға, өткенге құрметпен қарауға ерекше көңіл бөлінуде.

Тәуелсіздік – қазақтың маңдайына оңай бұйырған олжа емес. Сол себепті, елдігімізбен қайта жаңғырған ұлттық рухани құндылықтарымызды аялап, жастардың бойына дұрыс сіңіру – басты міндетіміз.

Бұл бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жолға қойылған «Мәңгілік Ел», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының да үлесі мол болды. Осы маңызды идеялардың аясындағы ономастика мәселесі де тіл саясатының басты әрі бірегей бағыттарының біріне айналғанын атап өтпеске болмайды. Себебі, мемлекеттің, ұлттың болмысы ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрініс табады. Осы жолда ел тарихы, жер тарихы, фольклор қайта зерттеліп, халыққа біртіндеп орала бастады.

Қазақ халқы ежелден жер-су атауларына үлкен мән берген. Әрбір елді мекеннің өзіндік тарихы, атауларының астарында белгілі бір мағына, тіпті, халықтың арман-тілегі жатыр.

Кеңес заманы өшіре жаздаған осы мұраларымыз, елiмiз Тәуелciздiк aлғaннaн кейiн қайта жаңғырды. Жеp-cу aтaулapынa тapихи мaңызы бap көне aтaулapын қайтару, көшелер мен даңғылдарды ұлттық нақыштағы атаулармен қайта атау жұмыстары қолға алынды.

Мәселен, егемендік алған жылдардан бері Қарағанды қаласында жүзге жуық көше атауы өзгертілді. Соның ішінде, биыл Қарағанды қаласының Ленин көшесіне қазақтың біртуар ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі берілетіні туралы шешім шынымен тарихи оқиға болғалы тұр. Ұлы ғұламаның 175 жылдық мерейтойы қарсаңындағы бұл бастаманы қарағандылықтар да бірауыздан қолдап, қоғамдық тыңдалымға мыңға жуық адам жиналды. Осы күні Абайды өз биігіне көтеруге келген халықтың бірлігі де күшейе түскендей болды.

«Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Сонымен қатар, мерейтой аясында Абайдың тұлғасы мен мұрасын өз елімізде ғана емес, шетелдерде де ұлықтау жұмыстары жүргізілетінін айтып өткен болатын. Түрлі мәдени шаралармен қоса Қазақстанның Елшіліктері жанынан «Абай орталықтарының» құрылатыны, Абай шығармаларының он тілге аударылып, басып шығарылатыны, ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы ролі туралы бірнеше деректі фильм мен «Абай» телесериалы түсірілетіні, шын мәнінде, айтулы оқиғалар.

Біз Абайдан алыстап кеттік деуге ауыз бармайды, әсте. Жылда Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ақынның шығармаларын кеңінен насихаттай отырып, өскелең жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеу, Отанға, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Абай оқулары» байқауын ұйымдастырып келеді. Ең қуанарлығы – ұлы бабамыздың шығармаларын әйгілеп жүрген лайықты ізбасарлары өсіп келе жатқандығы. Ұлттық тәлім-тәрбиенің негізі болып отырған Абай шығармаларын мәнерлеп оқып қана қоймай, өлеңдері мен қара сөздерін түгел жатқа білетін тәрбиелі, тәлімді ұрпақ өсіп келе жатыр.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген болатын. Алайда, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді ұстанып, бабалар салған сара жолмен ұлт келешегі үшін ақылы мен еңбегін жұптастырып жүрген жандардың бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл ретте Абайдың имандылыққа толы өсиеттерін күнделікті өмірде басшылыққа алып жүрген белгілі кәсіпкер, меценат Ерлан Әшімді атап өтпеске болмайды. Ленин көшесіне Абайдың атын беру бойынша өткен қоғамдық тыңдауда көше атауын өзгертуге кететін шығынды (аншлагтар) өз мойнына алатынын мәлімдеп, жастарға рух берген қадамы көпшіліктің жадында. Бүгінде жастардың білімді, мәдениетті, көркем мінез иесі болып қалыптасуына өз үлесін қосып жүрген Ерлан Әшімді шын мәнінде Абайдың шәкірті десек те болады.

Хакім Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» деген ұлағатты сөзін ту қылып ұстаған осындай азаматтарымыз барда халқымыздың әлемдік аренадағы беделі биіктей бермек.

Абай идеясы – ұлттық идея. Ол ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүддені жоғары ұстайтын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Бүгінде біз осы бағытты ұстанып келеміз.

Баян НҰРТАЕВА,

Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button