Руханият

Шүлен тарту

Қазақтың байырғы тұрмысында адамгершілікке айрықша мән беретін дәстүрлерінің бірі – «Шүлен тарту». Осы тақырыпты шәкірттерімнің біріне ұсынып едім, жазуға қиналып жүр. Дерек тапшы, қазіргі заманда бұл қоғамдық институттың өзі де, ұғым да ұмытылған.

Бала кезімізде қолдағы дүниемізді өзгеге беріп қойсақ, үлкендерден осы сөзді естуші едік. Мағынасы жағынан мырзалық, жомарттық ұғымына келеді, бірақ оларға қарағанда маңызы жоғары. Алғаш бұл ұғымның мәнін толық ашатын әңгімені әкемнен естідім. Университетке қызметке кіріскеннен кейін үлкен ұлдың туғанын себеп қылып, әріптестерімді ауылға қонаққа шақырдым. Ұлды әке-шешей меншіктеп алған. Әке-шешем қолдары берекелі, қымызы да, сары майы да, қонаққа соятын тоқтысы да қашан да дайын адамдар еді. Дастарханды көл-көсір қылып Аманжол Күзембайұлы бастаған шағын ұжымды күтті. Әңгіме арасында Рымбек Спанов деген біздің кафедраның ақсақалы әлде сынайын деді ме, әлде шын қызықты ма «осы Жәңгір төре туралы не білесіз?» деді әкейден. Қонаққа қызмет қылып жүрген мен қипақтап қалдым. Әкей «Арғынның төресі болған Жәңгірді сұрап отырсыз ба?» деді. Сөйтсем, Рекең «Жәңгір төренің ұрпақтарымыз» деп жүрген біздің Қарағандының төрелерінің тарихын сұрап отыр екен. «Ә, солай ма?» деп әкей әңгімеге кірісті. Сөйтсем, сұрақ әкейдің оң жамбасына келіпті, Жәңгір төренің үлкен ұлымен жолдас болған, Қарамұрын станциясында тұратын ақсақалдарын көрген екен.

Әкемнің айтуынша, Жәңгір төренің төрт мың жылқысы болыпты. ХІХ ғасырдың ортасында біздің жақта мың жылқы екінің бірінде болады дейтін, арасында он мыңнан артық жылқы біткен Сапақ, Бапақ, Азынабай деген байлар да болыпты. Сонымен, Жәңгір төре қазақтың соңғы байларының бірі, ел ақсақалдары кеңес берді ме, әлде өзі елдің батасын алғысы келді ме, шүлен бермек болады. Елдің үлкендерімен ақылдаса келе, әр он жылқының біреуін кедей-кепшікке, құдайы жолаушыға таратамын, Алланың алдында сұраусыз деп уағда қылады. Белгіленген күні «шүленге қатысамыз» деп маңайдағы ел түгел Жәңгірдің жайлаудағы ауылына жиналады. Шүлен тарту да ас беру сияқты дастархансыз болмайды. Арнайы осы істің басы-қасында боламыз, батаға қатысамыз деп алыстан келген жақсыларды ауыл болып күтеді.

Жәңгірдің белгі беруімен жылқышылар жылқыны он-оннан топтап, жиналған елдің алдынан айдап өтеді. Әр оныншы жылқыны кезегі келген адамға беріп жатады. Осындай ондықтардың бірінде Жәңгірдің үлкен баласының тақымына басқан бәйге аты оныншы болып шүленге түсіпті. Жылқышылар бұғалықтап ұстап кезегі келген адамға беріп жатқанда, Жәңгірдің баласы әкесіне «менің еншіме біткен малдан бір үйір жылқы алсын, мына бәйге атым өзімде қалсын» деп жалынды дейді. Жәңгір төре: «жоқ, Құдай тағала сенің бәйге атыңды мына бейшараға бұйыртып тұр, бір айтқан сөзімнен қайта алмаймын» деп тұлпарды шүлен тартуда кезегі келіп тұрған адамға беріп жіберді дейді. Осы шүлен тартқан оқиғадан кейін Жәңгір «шүлеңгір бай» атанған екен.

Ертеде жылқылы байлардың ішінде шүленді әр бес жылқыдан біреу деп тартатындар да болады. Сонымен бірге, шүлен тарту үшін төрт мың жылқы айдаудың да қажеті жоқ. Қазақ байлық бітсе, өрісі малға толса, оны Алланың елге берген құты деп түсінеді, сол себепті, оны дос-жаранмен, жарлы-жақыбаймен, аш-арықпен бөлісу – біздің ұлттық дәстүріміз. Өзім де көзім ауырғанға дейін жылына бір мәрте осы дәстүрді жаңғыртпақ болып жаңа жыл қарсаңында университетте жұрт жинап, дастархан жасап, кітаптарымды таратып, бірді-екілі адамдарға шапан-қамзол жауып бастап едім. Құдай бұйыртса әлі де жалғастырамыз. Бір жағынан мәңгілік байлық та, мәңгілік кедейшілік те жоқ. Бәрі өткінші, бүгін бар, ертең жоқ жалған дүние, о дүниеге малыңды айдап, дүниеңді көтеріп алып кетпейсің. Балалардың өз ризығы бар, әкенің малы балаға мал болмайды. Көзің тірі тұрғанда жұртпен бөліс, жағдайы болмай жүрген елдің батасын ал. Шүлен тартудағы негізгі қазақи ұстаным осы болғанға ұқсайды.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button