ЖаңалықтарМедицина

92 медициналық нысан ашылады

Келесі жылдан бастап ел көлемінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылмақ. Қазір ауылдарда 5 397 медициналық ұйым бар. Біздің аймақта олардың саны – 275. Оның тең жартысының тозығы жеткен. Президенттің ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамту туралы тапсырмасынан кейін әзірленген жоба аясында облыс ауылдарында 92 медициналық нысан ашылатын болады. Сондай-ақ, Балқаш және Теміртау қалаларында жаңа аурухана бой көтереді. Мұның барлығын өңірге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев халықпен кездесу барысында айтты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов жүргізді.

Тимур Сұлтанғазиев сөз басында денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағыттарын атады. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, ауылдық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.

– Соңғы екі жылда медициналық көмек көрсету көлемі ұлғайды. Мәселен, консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 1,5 есе, медициналық-профилактикалық тексерулер 2 есе, жоғары технологиялық медициналық қызмет 2,2 есе, оңалту 1,5 есе артты. Медициналық сақтандыру аясында қаржыландыру өсіп, осындай көрсеткіштерге жеттік, – деді Тимур Сламжанұлы.

Оның айтуынша, министрлік биыл ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулерден өткізу тәсілдерін қайта қарады. Бұрын профилактикалық тексерулер жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, глаукоманы, қант диабетін, онкологиялық ауруларды, мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін жүргізіліп келген. Енді, асқазан- ішек жолдарының, зәр шығару жүйесінің, егде жастағы тұрғындардың тыныс алу органдары мен простата обыры ауруларын ерте анықтауға арналған тексерулер тізбесі көбейді. Сонымен бірге, 18 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды скринингтен өткізетін болды.

Ана мен бала денсаулығына тоқсалған бірінші вице-министр былтырдан бері енгізілген «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыста 162 бала өмірге келгенін жеткізді.

– Жыл басталғаннан бері облыста 16 156 сәби дүниеге келді. Әр бала мен анасының денсау лығы маңызды. Сондықтан, босандыру ұйымдарын жабдықтау, кадрмен қамту назарда болады, – деді Т.Сұлтанғазиев.

Жалпы медициналық мамандарға тапшылық облыс бойынша 52 адам екен. Оның екеуі ауылға қажет.

– Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 6,8 мың дәрігер бар. Жыл сайын медицина университетін бітіретін түлектер саны артып келеді. Былтыр 60 түлек болса, биыл 154 адам бітіреді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында өңірлер үшін 60 орын бөлінді. Жас мамандарды әлеуметтік қолдау мәселесі тұрақты назарда. Бұдан бөлек, «Резиденттер ауылға» пилоттық жобасы іске асырылатын болады, – деді спикер.

Кездесу барысында бірқатар сұрақ қойылды. Мысалға, Меруеш Башай қандас студенттер үшін медициналық тексеру МӘМС аясында жүзеге асырылса да, осыған қатысты түсініспеушіліктің болғанын айтты. Облыстық стоматологиялық емхана директорының орынбасары Елена Нам мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету кезінде қолданылатын препараттардың тарифін қарастыру мәселесін қозғады. Жиналғандардың бірі учаскелік дәрігерге кезектің көп екенін, бейіндік мамандарға кезекті одан да ұзақ күтуге мәжбүр екенін айтып, медициналық қызметті қолжетімді ету мәселесін ұсынды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған қала тұрғыны Дюшен ауруына шалдыққан баласын тегін дәрімен қамтып отырған облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс айтты.

Кездесуден кейін Тимур Сұлтанғазиев азаматтарды жеке қабылдады.

Бұдан кейін бірінші вице-министр өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Көршілес елдерден сатып алынатын импорттық дәрі-дәрмектің тапшылығы, медициналық сақтандыру аясында тегін жасалатын қымбат сараптамаларға кезектің көптігі, ЭКҰ процедураларына арналған квоталарды көбейту мәселелері туралы сауал қойған журналистер тиісті жауап алды.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button