Бүгін Қарағандыда халықаралық ақындар айтысы басталады

Бүгін Қарағанды қаласында облыс әкімдігі және «Nur Otan» партиясының қолдауымен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс өтеді. Оған  қазақстандық ақындармен қоса Қырғызстан, Моңғолия және Қытайдан келген ақындар қатысады.

Жүрсін ЕРМАН, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

  • «Бұл айтысқа халықаралық мәртебе берілді. Өйткені, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан ақындар қатысайын деп отыр. Қазақстан ақындарынан ең таңдаулы, халықтың көңілінен шығады-ау деген небір тәуірлерін іріктеп алдық. Айтыстың туын көтеріп жүрген Айбек Қалиев, «Алтын домбыраны» екі мәрте жеңіп алған Мұхтар Ниязов – барлығы 18 ақын бақ сынаспақ. Қарағандыдан бір топ ақын қатысып отыр. Бірен-саран жастар бар».

Айтыс 18 және 19 қыркүйек күндері өтеді. Гран-при иегері 3 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады. Бірінші орын үшін – 1,5 млн. теңге, екінші орынға – 750 мың теңге, үшінші орын үшін – 500 мың теңге сиақы белгіленіп отыр. Сонымен қатар екі арнайы жүлде қарастырылған.
Айтыстың ашылу салтанаты 11.00-де өтеді. Кіру — тегін. Көрермендерді барынша көбірек тарту үшін залдан тікелей көрсетілім ұйымдастырылады. Экрандар театрдың фойесі мен кіші залында орнатылады.