Жаңалықтар

Сапалы өзгеріс қажет

Ата Заңға енгізілген өзгерістер ішінде мемлекеттік және жергілікті басқарудағы орталықсыздандыру мәселелері де бар. Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, әкімшілік басқарушылық реформалар алдында елде мемлекеттік құрылысты жетілдіру, оның ішінде биліктің әр деңгейге бөлінуі, яғни мемлекеттік биліктің маңызды элементі болып табылатын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру – өте маңызды мәселе болып отыр.

Мемлекеттің негізгі қызметі – ұлттық егемендікті, меншік құқығын, заңды және қоғамдық тәртіпті сақтау, ақша айналысын және сыртқы сауданы реттеу болса, жергілікті басқару аясына жергілікті бюджетті бекіту, жергілікті түсімдерді белгілеу, халыққа әлеуметтік көмек беру, ауылды абаттандыру, өз аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізу сияқты қызметтер кіреді.

5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдумнан кейінгі сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев елде билік пен басқару органдарының барлық деңгейлерінде жаңартылу үрдістері жалғасатынын айтты. Ендігі жерде мемлекет деңгейінде басқарушылық шешімдер төмендегіден талаптарға сай болуы тиіс: тек қысқа мерзімде ғана емес, ұзақ мерзімді нәтижелерді де есепке алу, адал бәсекелестік және кәсіпкерліктің еркіндігі ережелерін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің лауазымдық міндеттерінің біржақты түсіндіру, олардың қызметінің заңнамалық тұрғыдан дәл регламенттелуін қамтамасыз ету.

Президенттік басқару жүйесінен бас тартып, Парламенттің өкілеттілігін кеңейту қарастырылып отыр. Ең алдымен мемлекеттік аппаратты реформалау көзделуде. Мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметкерлерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын нығайтуды, яғни кадрларды олардың еңбектеріне орай ілгерілетуді қамтамасыз ететіні күтіледі. Басқаша айтқанда, мемлекеттік лауазымдық кезеңмен, билік сатысының бір басқышынан келесісіне көтерілу үшін өзінің біліктілігі мен қабілеттігін жетілдіріп, кәсіби деңгейін жоғарылатуы тиіс.

Осыған дейін жүргізілген әкімшілік-бюджеттік реформалардың шеңберінде биліктің республикалық және жергілікті (облыстық, қалалық және аудандық) деңгейіндегі өкілеттіліктерді шектеу жұмыстары жалғасатын болады. Мемлекеттік емес қызмет бөліктері жеке салаға өтіп, мемлекеттік мекемелер мен органдардың қызметіне кіретін мемлекеттік қызмет саласы мәселелерінің шеңбері барынша дәлірек айқындалады, жалпы алғанда, мемлекеттік басқару жүйесінің базалық негізін құру үдерісі аяқталады.

Жоспарланған реформаның нәтижесінде бюджеттік жүйе айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды, бюджет жүйесінің шегі нақты түрде белгіленіп, бюджеттік бағдарламаларды бөлу заң жүзінде бекітілетін болады, республикалық және жергілікті бюджет арасындағы түсімдер көлемі анықталады. Мемлекеттік, жергілікті бюджеттің негізге көрсеткіштері оптимистік, пессимистік және нақты мөлшерлі болжамға негізделді, жаңадан құрылған облыстардың жергілікті атқарушы органдарына заңнама шеңберінде белгілі бір деңгейде шеттен алып пайдалану құқығы беріледі, олардағы мәслихат депутаттарының саны да пропорционал бөлінеді.

Осыған дейін Парламент те, жергілікті мәслихаттар да кез келген ауданның, қаланың бюджетін тексере алмайтын. Парламент депутаттарында мұндай өкілеттік жоқ болатын. Ал, халық бюджетін бекітетін орган, яғни Парламент оның қалай жұмсалатынын білуі қажет. Енді Есеп комитетінен барлық тексеру комиссиялары аудиторлық палатаға біріктіріліп, жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында жария түрде есеп береді. Бұл – Мәжіліске бақылауды күшейтуге бағытталған мүмкіндік. Осылайша республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттер бақыланатын болады.

Бюджетаралық байланыстар жүйесін жетілдіру орталық пен аймақ мүдделерінің тепе-теңдігіне қол жеткізуге, аймақтардың экономикалық дамуында мемлекеттік басқарудың төменгі сатысында тұрғандардың мүдделерін ескеруге, сонымен қатар, жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Бүгінгі таңда әрекет етіп отырған кірістер мен бюджет деңгейлері арасындағы шығындарды бөлу жүйесі бұдан бұрынғы жүйелерге қарағанда бірқатар басымдықтарға ие. Салықтың әрбір түрінің бағытталуына орай республиканың және жергілікті бюджетаралық кірістердің көзін нақты бөлу қамтамасыз етіледі және олардың пайдалану бағытына шек қойылады. Жергілікті бюджеттің теңгерілімділігіне жоғарыда тұрған бюджет тарапынан жәрдем қаржысының бөлінуі және төменде тұрған бюджеттен бюджеттік алымдарды алу тәртібі жетілдіріледі. Жоғарыда аталған қайта құру бағыттарын тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесі, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет сапалы өзгерістерге ұшырайды және мемлекет тұрақтылығы қалыптасатындай етіп қайта құрылуына алып келеді.

С.МАМБЕТОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың

менеджмент кафедрасының меңгерушісі.

Т.ҚАЗБЕКОВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың

менеджмент кафедрасының профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button