Руханият

«Бірлігі кеткен ел жаман…» (ретро-сұхбат)

Сұхбат алдындағы сыр: Қазыбек би – Қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Қазақ шежіре деректері бойынша, Қазыбек Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір атасынан Бұлбұл, одан Шаншар туады. Бұл руда оқыған-тоқыған, ақылгөй абыз, шешен би көп өткен деседі. Данышпан бабамыздан ретро-сұхбат алуға тырыстық. Көп сауалға жауапты бабамыздың оқтай өткір сөздерінен іздедік…


– Қазыбек баба, туған жеріңіз бен ата-тегіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек, халқым – қазақ, руым – Қаракесек.
– Уызына жарыған тектіден туған тұқымсыз, ұрпақтың азуы жайлы не айтар едіңіз?
– Жетімдік көрсе қыз азады, Жаугершілік кезде ер азады, Көшершілік кезде түйе азады, Ермен бірге ел азады, Көктемде бие азады, Тағындағы хан азады.
– Болар бала кім, солар бала кім?
– Бір бала бар – атаға жете туады,
Бір бала бар – атадан өте туады,
Бір бала бар – кері кете туады.
– Жақсы мен жаман жайлы да өз айтарыңыз бар болар, сірә?
– Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе! Атың жаман болса,
Шыбын жанның азабы емес пе! Қатын жаман болса, Бұл жалғанның тозағы емес пе!
Туған балаң жақсы болса, Тән мен жанның шырағы емес пе!  Мінген атың жақсы болса, Бұл дүниенің пырағы емес пе! Алған жарың жақсы болса, Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе!

– Дүниеде не қиын?
– Арадан шыққан жау қиын, Таусылмайтын дау қиын. Шанышқылаған сөз қиын, Жазылмаса дерт қиын, Іске аспаған серт қиын, Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын!
– Не қымбат және кім қымбат?
– «Алтын ұяң – отаның қымбат, Құт-береке – атаң қымбат, Мейірімді анаң қымбат,
Асқар тауың – әкең қымбат, Туып-өскен елің қымбат, Кіндік кескен жерің қымбат, Ұят пен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат».
– Ердің – ерден несі артық?
– Атадан жақсы ұл туса – елінің зары болады,
Атадан жаман ұл туса – адам біткеннің қоры болады.
Ерден ердің несі артық – ептестірген сөзі артық,
Жерден жердің несі артық –
бір-екі уыс шөбі артық.
Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман.
Ашу дұшпан – ақыл дос. Тілекті – білек жеңбес, Жүрекке – әмір жүрмес. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей.
Сұхбат соңындағы түйін: Қазыбек бидің
әкесі Келдібек кезінде аузына ел қаратқан белгілі шешен, би болыпты. Ол 30 жасқа келгенше үйленбей жүріп алыпты. Оның себебін ел былай аңыз етеді екен. Бұлбұл бабасы түсінде: «Сен қатын алмайсың, ешбір әйелгекөзіңді салмайсың. Алатын әйелің мынадай болады: ұзын бойлы сары қыз, оң аяғы ақсақ, оң жақ құлағының түбінде танадай меңі, екі емшегінің арасында алақандай қалы болады. Сен соған үйлен» – депті. Айтқанындай Келдібек сол қызға кеш болса да, танысып, үйленіпті. Аты Тоқмейіл екен. Бірде құрбы-құрдастары Келдібектің үйінде оны кекетіп, келемеждей беріпті. Сонда жаңа түскен жас келіншек әдеппен сыпайы ғана: «Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын. Келдікеңмен сондай тату жақсы-ақпын. Татулықтың белгісіндей тамаша, Төрт Бошанды билейтін ұл таппақпын», – дегенде, әлгілер «бұл тегін адам емес екен, қалжыңды қояйық» десіпті. Айтқанындай-ақ, Тоқмейіл анадан дүниеге Қазыбек келіпті. Тоқмейіл Қазыбектен бөлек, Сәдімбек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене деген 6 ұл туады. Бұларды ел «ақсақтың алтауы» деп атап кетеді. Қазыбек туғанда анасы:
«Айналып-толғанып өсірсем,
Ақ сүтімді кешірсем.
Адалдан болар нәсібің,
Тіліңнен болар кәсібің», – деген екен.
Анасының ниетін Алла қабыл қылса керек. Қазыбектей шешеннің мұрасы сөз қадірін түсінетін халқы барда өлмек емес. Дегенмен, отты сөздің қызуын ұрпағы жанына жақын тұтса ғана өміршең болады. Алдағы уақытта да, қаздауысты Қазыбек би мұралары терең зерделеніп, көбірек айтылып, жас ұрпаққа насихатталса, құба-құп болмақ.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button