Жаңалықтар

Апай

Шолпан апай жасаған көркем бейнелерге кезінде өзімізді былай қойғанда, талай мәрте гастрольдік сапармен барған Мәскеу, Қазан, Уфа, Тәшкент, Орынбор газет-журналдары жарыса жазып, жоғары баға берген. Актерлік шеберліктің шыңына жеткен апамыз өз еңбегінің лайықты бағасын алып, мейлінше сый-құрметке де бөленді, жемісін де молынан татты. Бірақ менің айтпағым қалың жұртқа беймәлімдеу басқа қырлары, атап айтқанда ұстаздығы мен кейбір есте қалған адами болмысы.


Бала кезімізде аудан орталығынан шеттеу жатқан колхозға жылына екі-үш рет көшпелі автоклуб келіп кино көрсетеді. Ең алғаш көрген фильмім қазір есімде жоқ, бірақ ерекше әсер етіп есте қалғаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Әлгі фильмнің ұнағаны сондай, бір топ бала жаяу-жалпы, кейбірі атқа, велосипедке мінгесіп келесі ауылдан тағы барып көретінбіз. Қанша дегенмен баламыз ғой, бір-екі көргеннен кейін жаттап алып, біріміз Қозы, біріміз Қодар, Баян болып өзімізше ойнайтын болдық. Шолпан апайды тануымыз осылай, өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында басталған.

1969 жылы курсымыздың жетекшісі белгілі режиссер, ұстаз Асқар Тоқпанов Жамбыл облыстық театрына бас режиссер болып тағайындалды да, орнына Шолпан апамыз келді. Сахнадан болмаса, өмірде, жақын жерден бірінші көруіміз. Сол кезде қырықтың қалың ішінде болса да өңін әлі бермеген, баяғы кинодан көрген сұлу қалпы. Ең бастысы ол да емес, Асқар ағаның қатаң тәртібінен, былайша айтқанда «тоқпағынан» әбден үркіп қалған бізге апай мейлінше жұмсақ болып көрінді. Етіміз үйрене келе еркін жүріп-тұруға, кейде аудиторияға рұқсат сұрамай-ақ, кіріп-шығуға, кейде тіпті әзіл айтуға да жарап қалдық. Бетімізден қағып ұрыспаса да, бәрін көріп-біліп отырады екен ғой. Кейін сол жұмсақтықтың сырын өзі айтып берді. «Балалар, мен сендерге зекіп ұрыспасам, еркін ұстасам, ол сендердің қылықтарыңды көрмегендіктен, сезбегендіктен емес «қысылмасын, сахнада өзін еркін сезінсін, бойындағы барын қымтырылмай жеткізсін» деген ойдан туды. Сахнаға еркіндік керек, қол-аяғы, бүкіл бұлшық еттері сіресіп тұрған актер ойын толық жеткізе алмайды, қайта өзімен-өзі арпалысып ойыны да солғын шығады. Сонымен қатар, актерге қатаң тәртіп керек. Асқар ағаларың Мәскеу мектебінен өткен, өзі де талай шәкірт тәрбиелеген білікті, тәжірибелі ұстаз, сондықтан мені жұмсақ екен деп, ағаларың талап еткен қатаң тәртіпті естен шығаруларыңа болмайды» – деді. Сол сөзі бәрімізге үлкен сабақ болды. Ол жылдар «әртіс-жынның оқуы» деп балаларының осы жолды таңдауына қарсы ата-аналардың қатары көп кез. Соған қарамастан институтқа түсуге ынталы жастардың қарасы мол еді. Төрт жылда бір курс қабылдап, қатаң сыннан өткен жиырма шақты үміткер студент атанады. Бір таңқаларлығы болашақ актер таңдауда апамыз бірде-бір рет қателескен емес. Әсіресе қыздарды таңдауға келгенде. Бүкіл институт болып (ол кезде театр-көркемсурет институты, қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясы) «Шіркін, Шолпан апаның қыздары-ай» деп тамсанып, таңдай қағып жүретін. Шынымен де ол кісіден оқып, кейін бітіріп шыққан қыздар дарынды ғана емес, шетінен әдемі, нағыз сахнаға лайық болатын. Жүздеген жастардың арасынан қалай таңдайды, сырт пішіні көзге көрінгенімен, іште жатқан қабілетін қалай біледі-біз үшін әлі жұмбақ. Жігіттердің де кілең бойшаң, түр-сымбаты келіскендерін іріктеп алатын. Оларды оқу бітіріп театрда қызмет етіп жүргенде де назарынан бір сәт сырт қалдырмайтын, қашан болмасын «ана балам мынадай роль ойнапты, сәтті шығыпты, әттеген-ай, ана бір қыз тамаша еді, өзіне лайық роль ала алмай жүр-ау» деп қынжылып отырады. Жәй қынжылмайды, театр режиссерлеріне хабарласып, әлгі оқушысына толық мінездеме беріп, талайының жолын ашуға себепкер болды. Тек өз шәкірттеріне ғана емес, жас актрисалардың бәріне ақыл-кеңесін айтып, қамқор болып жүруші еді. Жұмысы болсын-болмасын, театрға келіп дайындықты залдан бақылап отыратын әдеті бар еді. Әділі керек, бұл – сол кезде көзі тірі Сәбира, Бикен, Қадиша, Хабиба апалардың бәріне тән қасиет болатын. Жастардың жеткізе алмай жатқан тұстарын аңғарса, оңаша шығарып алып ескерту айтып отыратын. Ойынына ғана емес, киген киіміне шейін назардан тыс қалдырмайтын. «Сахнаға әдемілік, биік талғам қажет» деп алып, біріне: «сенің бойың аласалау, сондықтан биік өкше аяқ киім киюге тырыс, және суретші мен тігіншіге ескертіп қой, көйлектің жолағы көлденең болмасын, тігінен болсын, сонда бойың биік болып көрінеді» немесе керісінше, енді біріне «сенің мойының қысқа, сол себепті көйлектің жағасын тік етіп тіктір. Ал, сен толықтаусың, ашаң түстен кимеуге тырыс, әйтпесе одан сайын толық қып көрсетеді, қоңыр түсті киім кисең арықтау боп көрінесің» деген сияқты. Біраз қыз-келіншектерге корсет киюді де үйреткен сол кісі. Апамыздың ұстаздық тәсілі де ерекше, ешкімге ұқсамайтын, өзінше болатын. Бір-екі мысал. 85-жылдары, шамасы. Семей жақтан келген бір қыз (атын атамай-ақ қояйын) батылсыздау, өте ұяң еді, сахнаға шықса болды, берекесі қашып, біліп тұрған затын көрсете алмай өзі де қиналатын, бізді де шаршататын. Кезекті бір сабақ үстінде Шолпан апай тапсырманы әлгі балаға біресе олай, біресе былай түсіндіреді, ол түсінеді, бірақ жасай алмайды, бәрі сол ұяңдықтың кесірі. Бір кезде әбден шаршаған апамыз «мына тұқымың құрғыр болмады ғой» деп сөмкесінен 5 сом шығарып бір жігітке ұстатты да «Мынаған ешкімге көрсетпей бір шампан алып кел» деді. Көп ұзамай жігіт те келді. Стақанға толтырып әлгі қызға «іш» деді, қыз «жоқ, апай өмірі ішіп көрмегем» деп тартынып еді, «іш!» деді түсін суытып, ана байғұс қорыққаннан екі-үш тоқтап сіміріп салды. Байқаймыз, сәлден-ақ қызымыздың екі беті алабұртып шыға келді. «Ал, енді баста, орында тапсырманы!». Сол сол екен, қыз бәрін ұмытып ойнап келіп берсін, бәріміздің аузымыз ашылды да қалды. Екінші мысал қазіргі танымал актер Бекжанға байланысты. Бекжан абитуриент кезінің өзінде-ақ ерекше қабілетімен бірден көзге түсті, әсіресе, ауылда көрген адамдардың мінез-құлқын, жүріс-тұрысын айнытпай салатын. Өзге студенттердің үзінді, этюдтеріне қажет небір дыбыстарды, неше түрлі аң-құстардың дауысын салуға шебер еді. Апай анда-санда Бекжанның «жеке концертін» тамашалап мәз болып отырады. Бірде мен «ол да да өзгелер тәрізді этюд жасап оқу бағдарламасын меңгеруі тиіс қой» дегенімде «тиіспе, оған осы табиғи дарыны жетеді, қайта «оқытамыз» деп бұзып аламыз, көр де тұр, бұл әлі талай биікке жетеді» деп жауап берді. Айтса айтқандай, сол Бекжан қазір елге белгілі актер, танымал тұлға болды. Осындай мысалдар өте көп, қайсыбірін айтамыз.Тек әйтеуір, апайдың алдын көрген шәкірттердің жерде қалғаны жоқ, қай театрда болмасын, ауыз толтырып мақтанышпен айтатын актер болып қалыптасты, құрметті атақтарға, ең бастысы, елдің ықыласына ие болып жүр. Мені М.Әуезов атындағы бас театрға алып келген де сол кісі. Әлі есімде, 70-жылдың 20-қаңтар күні «философиядан» емтихан тапсырмақ болып аудиторияның алдында тұрғамыз. Бір кезде апай келіп «Жүр, бүгін театда көркемдік кеңестің отырысы, соған барып бағыңды сынап көресің» деді.
« Апай, менің емтиханым бар». «Қазір – деп аудиторияға кірді де демде қайта шықты, –Жүр, мұғаліммен келістім, кейін тапсырасың».
Сыртқа шықсақ жапалақтап қар жауып тұр. «Бәрекелді, дұрыс болды, бұл жақсы ырым, жолың болады екен» дейді. Институттан театрға жаяу тарттық, барғанша менің оқитын заттарымды қайта-қайта пысықтатумен болды. «Театрға «бісіміллә» деп оң аяғыңмен кір, фамилияңды атағанда сахнаға да «бісміллә» деп ата-бабаларыңның әруақтарына сыйынып шық». Онысымен қоймай, мен сахна сыртында жүргенде «Ана Тілектес байғұс қорқақ еді, ақылдарыңды айтыңдар» деп бізден жоғары курста оқыған, ол кезде театрда істеп жүрген екі актерді тағы жұмсапты. Мен сол дайындаған дүниелерімді оқып бердім де, алды-артыма қарамай институтқа, емтиханыма кеттім. Мен кеткен соң көркемдік кеңес мүшелері (Сер-ағаң, Әзекең бастаған ығай мен сығай) «Баланың тағы қандай өнері бар, ән айта ма, домбыра тарта ма, көрмей қалдық қой» десе Шолпан-апай «Ән де айтады (онысы рас), күй де тартады (шындықтан алшақтау, шерткенмен, күйге жоқпын), керек десе цирк ойынының да шебері (онысы өтірік енді)» деп мақтауымды жеткізеді. Абырой болғанда, кейін сахнада күй тартатын, не цирк ойындарын көрсететін рольдер еншіме тимеді, әйтпесе апайымыздың өтірігі шығып қалуы кәміл еді.
70-80-жылдары шалғай жатқан ауыл көрермендеріне қызмет көрсету мақсатымен іссапарға шығатын үрдіс болатын. Театрда сондай үш-төрт топ болды, соның бірінің жетекшісі Шолпан апа. Негізінен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу спектаклін» апарамыз. 1982 жылы Көкшетау облысына жол түсті. Қалада екі-үш күн болып, аудандарды аралап кеттік. Сол жылы жауын-шашын аз болып, бүкіл ел егін жайын ойлап алаңдаулы екен. Спектакль біткен соң барған ауылымыз дастархан жайып күтеді, әркім жақсы тілек айтысады. Бірінші тілек, әлбетте, апайға тиесілі. Елдің ықылас-пейіліне алғысын білдіріп, сөз соңында «Ал, айналайындар, сөз соңында осы елге бар жақсылықты, ең бастысы жауын жауғанын тілеймін. Артист деген халықтың аяғы жеңіл, тілегі қабыл болады» деп аяқтайды. Бүкіл ел ризашылықпен жамырай қол соғады, «Иншалла, әумин» деп бет сипайды. Бір қызығы сол түні, я ертеңіне әлгі ауылға жауын жауады екен. Он күн жүрдік. Сол он күннің бәрінде осы жағдай күнде қайталанды. Риза болған басшылар кейде артымыздан қонақ үйге келіп «шынымен әулие екенсіздер, ел бір жасап қалды» деп алғыс айтып жатады. Содан келесі жылы апай бір топты бастап Оңтүстік Қазақстанға барады. Бір айта кетерлік жайт, Шымкентке барған сайын ол кісі ұщақтан түскен бойда «Мен осы елдің келінімін ғой» деп сәлем салады. Күн сайын спектакльден соң да осы. Бүкіл елдің көзінше тағы да сәлем. Жұрт алғысын жаудырады «Бәрекелді, міне, білген кісінің ісі, осынша жасқа келіп, қанша биік мәртебеге жетсе де қазақи дәстүрді ұмытпаған келіннен айналдық» деп. Барған күні-ақ спектакльден соңғы отырыста тағы да тілек айтылады, алғашқы сөз дәстүр бойынша апайдыкі. Жақсы-жақсы бата-тілегін аямай сөздің соңын былтырғы Көкшетаудағы әдетімен «Ал енді айналайындар, ауылдарыңда күн күйіп тұр, ең бастысы сендерге жаңбыр жауғанын тілеймін» демей ме. Күні бойы бас шұлғып елтіп отырған ауыл жігіттерінің қабағы бірден түсіп кетеді. «Апырай мына кісілер батамды естімей қалды ма» деген оймен «Кәдімгідей көп жаусын, тіпті шелектеп құйсын» дейді. Жігіттер одан әрман жер шұқиды. Әлгіндей күдікпен Апай дауысын қаттырақ шығарып «Жауғанда да апталап, тоқтамай жаусын» дегенде райкомның басы сылқ етіп кеудесіне түсіпті, сол кезде батылдау бір қайнысы құлағына «Жеңге, сол жауынның бізге түкке керегі жоқ, қайта зиян, өйткені біздікі мақта шаруашылығы» дегенде жеңгесі «ӘҺ! Солай ма еді. Ойбай, ендеше жаңағы тілектің бәрін қайтып алдым, қайтып алдым» дейтін көрінеді. Осындай аңғал мінезімен қоса керек жерінде шындықты бетің бар-жүзің бар демей айтып та салатын, өзіне ғана жарасатын, өзіне ғана тән қатқылдығы да бар еді. Бірде Маңғыстау облысындағы гастролімізді аяқтап, енді Атырауға өтпекшіміз. Қалыптасқан тәртіп бойынша бұлар шығарып салады, Атырау межелі жерде белгіленген уақытта күтіп алады. Жүгімізді жиып, буынып-түйініп бәріміз қонақүйдің алдында мәшинені күтіп тұрмыз. Он минут өтті-мәшине жоқ, онбес минут өтті-жоқ. Апай тәртіпке өте қатал қарайтын. Жарты сағат өтті-мәшине жоқ. Ана жақта Атырау күтіп отыр. «Өй аузыңа с…»деп жолдың арғы бетіндегі Облыстық партия комитетіне қарай тартты. Екі арада орталық алаң бар-тын, соны кесіп кетіп барады, «бір сойқан болады-ау» деп біз тұрмыз. Апай есіктен кіре бергенде мәшине де жетті. Бес минуттай уақыт өтті ме, жоқ па, обкомның есігі қайта ашылып, бір кісі атып шықты. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары-екі қолын ербеңдетіп айғайлап келеді, даусы естілмейді. Алаңның орта тұсына жеткенде «Кет, кет!» дегенін естідік. «Кет! Кет!» Мына жақтан жүргізуші «Путевкам жоқ, қалай жүрем» деп айғайлайды. «Ойбай путевкаң құрысын, соңыңнан жіберем, кет шапшаң!» Кейін білдік. Апамыз тура обкомның бірінші хатшысының өзіне барған ғой. Тағы бір гастрольдік сапарда барған ауылымыздың жағдайы болмады ма, әлде басшыларының пейілі сондай болды ма, спектакльден соңғы кешкілік дәмді жергілікті асханада берді. Асхананың аты асхана, үйреншікті аста-төк дастархан жоқ, күтушілердің қабағы да жарқын емес. Ыдыс-аяғы қалайы, алюминий. Тегінде апай ондайға көп мән бере бермейтін, ол кісіге керегі тек ауыл иелерінің жайдары қабағы мен табағының тазалығы. Мына қабылдауға онша көңілі толмай отырса керек. Соны байқаған Р.Телеубаев деген актеріміз (ақындығы бар еді) жарты парақ қағазға бір шумақ өлең жазыпты:
Апамыз дүйім жұрттың анасындай,
Бір өзі қалың елдің панасындай.
Отыр енді,
Қалайы шанышқымен котлет жеп,
Монтиып интернаттың баласындай…
Осы төрт жол демде бүкіл ауданға тарап, масқара болған директор екі-үш күннен кейін соңымыздан қуып келіп ат-шапанн айыбын тартып жаңағы өлеңді автордан «сатып алғаны» бар.
2005 жылы жаздың бір күні ауруханаға апаршы деп өтініш айтты. Содан біраз бұрын жанындай көретін жалғыз ұлы Аққозы кенеттен дүние салған. Содан оңала алмады. Шөгіп қалды. Аурухананың директоры мен бас дәрігері апайды көре сала құрақ ұшып, барынша қарсы алды, жеке палатаға орналастырып жағдайдың бәрін жасап бәйек болды. Сонда ол кісі «Мен білемін, мұндайда науқастың қайтсем де жазыламын» деген сенімі болуы керек. Мен сондай сеніммен келдім, өз тарапымнан сендерге барынша көмектесемін» деді. Айтқандай-ақ ем-домның бәріне көніп, бәріне шыдап бақты, бірақ жеңе алмады. Көңілін сұрап барған бір-екі қызға: «Мен енді оңалмаспын, не болса да театрдан шығарады ғой, бетімді ашып қояды. Сонда байқаңдар, табытта бұрыңғы, елдің көзі үйренген қалпымда жатайын, мына науқастан жүдеп, өңім қайтып қалған тәрізді, қадағалаңдар» деп тапсырыпты. Расында мәйіті театрға қойылды, қоштасуға келген жұрттың қарасы өте көп. Тек « бетін ашса қайта жуу керек болады, әйтпесе шариғатқа қайшы» деген соң ашпадық. Сонда да ақ матаның астында сол баяғы елдің көзі үйренген, тамсанған сұлу қалпында жатқанын әркім сезіп-білгендей еді.

Тілектес МЕЙРАМОВ,

Қазақстанның Халық әртісі.

Басқа материалдар

Back to top button