Облыс әкімдігінде

«Көктемнің бір күні – жылға азық»

Бір айдан кейін қысы ұзақ Арқада егіс науқаны басталады. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деп тегін айтылмаған. Өйткені бүгін төгілген тердің өтеуін күзде көреміз. Облыс диқандары бұған дайын ба? Осы және ауыл шаруашылығында кезек күттірмес басқа да мәселелер облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен аппарат жиынында талқыланды.

Қыс аяқталып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып кетті. Биыл облыстағы суармалы жер көлемі де едәуір ұлғаймақ. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров көктемгі егіс алқабы 1,1 млн. гектарға егіледі деп жоспарланғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың гектарға артық екендігін жеткізді.

Бұл аумақтың басым бөлігіне астық, бұршақ, мал азығына арналған дақылдар егіледі, Мысалы, картоп 11,4 мың, көкөніс 1,8 мың гектар алқапқа егу жоспарланған. Көктемгі егіске 109 мың тонна дәнді дақыл және 35 мың тонна картоп егіледі – бұл тұқымға деген қажеттілікті толығымен өтейді. Сорт жаңарту үшін тұқым шаруашылықтарында 10 133 тонна жоғары репродукциялы дәнді дақыл тұқымы мен 6615 тонна жоғары репродуктивті картоп тұқымы бар, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, облыс бойынша 34,8 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу жоспарланған. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының 40 пайызын қамтымақ.

Осы уақытқа дейін 7,3 мың тонна тыңайтқыш ауылдарға жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының кеселімен, зиянкестерімен және арамшөптермен күресу үшін ауыл шаруашылық тауарларын жеткізушілермен 300 000 литр пестицид сатып алуға келісім-шарт жасалды, – деді спикер.

Биылғы жылы суармалы жер көлемі 2 390 гектарға ұлғайтылады. Осылайша жалпы көлемі 25,3 мың гектарға жетпек.

Ауыл шаруашылығы техникасының көктемгі дала жұмысына дайындығына келсек, егіс науқанына 11 мыңнан астам трактор, 351 тұқым егіс кешені, 6078 тұқым сепкіш жұмылдырылады, – дейді Асқар Санаубаров.

Қазір техника дала жұмысына дайындалуда. Жыл басынан бері облыста 637,8 млн. теңгеге 30 трактор, 17 топырақ өңдейтін агрегат және 2 егіс кешені сатып алынған.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері арзандатылған дизель отынын алады. Ол үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы мемлекеттік қолдау қарастырылған. Нәтижесінде көктемгі дала жұмыстарына 23,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінеді.

Дизельдік отынды жеткізетін операторлар да анықталды, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін баға литріне 198 теңге. Дизельдік отынды Нұра және Осакаров аудандары – Осакаровка кентінің мұнай базасынан, Абай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандары – Қарағандыдан, Ұлытау өңірі – Жезқазғаннан, Ақтоғай, Жаңаарқа және Шет аудандары – Жарық станциясынан алады, – деп қосты Асқар Дәукенұлы.

Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстары үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 63 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша 49 шаруа қожалығын, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 14 шаруа қожалығын қаржыландырған. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ күзгі кезеңде өнімді жеткізумен алдын ала төлем негізінде форвардтық сатып алу бағдарламасын жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда «Нұрай Қарағанды» ЖШС-нің 2 өтінімі мақұлданған.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ауа райы жағдайына байланысты егіс алдындағы жұмысқа кіріседі, бірақ, бұл сәуір айының соңы мен мамыр айының басында басталады. Астық себудің оңтайлы уақыты 10 мамырдан 28 мамырға дейін деп отырмыз, – деді Асқар Дәукенұлы.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша облыстық жедел штаб жұмыс істейді.

Уақытында қажеттінің бәрін қамтамасыз ету, тұқымдардың сапасына тексеру жүргізу қажет. Агротехнологияларды сақтау маңызды, минералды тыңайтқыштарды пайдалануды, суармалы егіншілікті арттыру қажет. Шаруаларды арзандатылған отынмен қамтамасыз ету бақылауда болады, – деп қорытындылады облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button