Баға, қайда барасың?

Жасыратыны жоқ, екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені, «үйдегі есепті базардағы баға бұзып» тұр. Қысқасы, арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес. Билікте жазық жоқ. Бағаны бақылауға алып, дүркін-дүркін дүңгіршік жағалап, күнара базарды айналып жүр. Басқасын айтпағанда, осы жылдың 9 айында күнделікті қолданыстағы азық-түлік тауарларының бағасы 7,4 пайызға өскен.

Бұл – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі. Ал, қарапайым халықтың көріп жүрген бағасы – мүлде басқа. Қазақстан Үкіметі сәуір айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларын да енгізді. Күріштің келісін – 310, ұн – 211, қарақұмық – 339, ал макаронның келісін – 211 теңгеден көтеруге болмайды. Сондай-ақ, бір бөлке нан 80 теңгеден, жұмыртқаның ондығы – 367 тг, тұз – 59 тг, ал сұйық майдың бір литрін – 434 теңгеден асыруға тыйым салынды. Бағасы бекітілген 9 өнімнің құнын көтергендерге 100 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны да айтылды. Дегенмен, бұйрыққа бағынып жатқандар аз. Бәрі жағдайды пайдаланып, жалғанды жалпағынан басқысы келеді-ақ. Сондықтан, дүкен сөрелеріндегі бағаға көз үйрене бергенде өзгеріп сала береді. Тексеріс келеді дегенде бағасын ауыстырып қоятындарға не дерсің?! Қарапайым азық-түлік дүкенінен күріш келісін 310 теңгеге емес, 340-380 теңге аралығында сатып аласыз. Ұн бағасы бір жылда 24%-ға, бірінші сұрыпты ұн – 17% -ға қымбаттаған (energyprom.kz).

– Нан бағасы қымбаттап кетті, үйде ұннан бауырсақ, таба нан пісіре бастадық. Жексенбі күні қаламыздағы «Арай» базарына ұн алуға бардым. 5 келілік қаптағы ұн 1200 теңге. Астықты өзіміз өндіреміз, баға қайда барады? Соған таңым бар. Басқа тауарлар да қымбаттап кеткен, – дейді қарағандылық Гүлмира Қайратқызы.

Иә, шекті бағасы 211 теңге деп белгіленген ұнның бір келісі кем дегенде 240 теңгеден сатылып жатқанын тұтынушы көргенімен, «көрмес түйені де көрмес» бақылаушылардың назарына түспеуі ойландырар жайт болса керек.

Бағасы күннен-күнге аспандап бара жатқан азықтың бірі – жұмыртқа. Облыс бойынша кішігірімдерін айтпағанда, «Ақнар», «Құрма», «Майқұдық» сынды ірі құс фабрикалары бар. Сонда да бағаны ұстап тұра алмай отырмыз. Қарағандыдағы кейбір азық-түлік дүкендерінде жұмыртқаның бағасы 40-50 теңгеге күрт көтерілді. Сатушылар бағаның шарықтауын құс тұмауының салдарымен байланыстырды. Күнделікті тұтынатын тағам бағасының өсуіне қатысты пікір білдірген облыстық ауыл шаруашылық басқармасы мамандары: «Бағаның құбылуы нарықтағы сұранысқа тікелей байланысты екені белгілі. Қазір Қарағандыдағы құс фабрикасының өнімдеріне еліміздің Солтүстік өңірінен сұраныс артып отыр. Бұған аталған аймақта құс тұмауы індетінің таралуы себеп. Біздің өндірістерден шығарылатын жұмыртқалар бүгінде Қостанай облысына жөнелтілуде» дейді. Олардың айтуынша «құс өнімдерін өзіндік құнмен босату жөніндегі» жергілікті құс фабрикалар мен ауыл шаруашылығы басқармасы арасындағы екіжақты меморандумға сәйкес, Қарағандыдағы ірі сауда нүктелерінде жұмыртқа бағасы 20 теңгеге ғана өскен. Ал, 367 теңге деп бекітілген жұмыртқаның 400 теңгеге шарықтап кетуі делдалдардың кесірінен көрінеді-мыс.

Халық сауда орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Өссе, бір қайыры болар десе, бағаның арзандағанын көргенде қуанады. Бірақ, бағаның өскенін көрсек те, төмендегенін көрмедік. 80 теңгеден аспауы керек деген бөлке нан, астықты өлкенің дүкендерінде 90-105 теңгеден саудалануда. Әйтеуір, баға бұлданып, ақша құнсызданып барады…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.