Ресми

Білім сапасын көтеру – бірегей басымдық

Мемлекет басшысының қатысуымен VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы өтті. Алқалы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси реформалар жалғаса беретінін айтып, жаңадан сайланған депутаттарға әрбір істің нәтижелі атқарылуына қатысты талаптар қойды. Барлық іс-шара заң шеңберінде жүзеге асырылуы қажет екендігін тағы бір рет ескертіп, алдағы 5 жылда атқарылатын жұмыстарды пысықтады. Олардың ішінде білім беру сапасын арттыру жұмыстары да бар.

strategy2050.kz

Президент өз сөзінде білімді азаматтар елімізді алға жетелейтінін, сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет екенін айтты.

– Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе, орта білім деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы сессия барысында.

Сондай-ақ, мұғалім тапшылығын сылтау етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа қабылдауға болмайтынын, мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендететінін жеткізді. Осы орайда мұғалім даярлау ісін жетілдіруде нақты шаралар да қабылданатын болады.

Президенттің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта арнайы бағдарлама даярланып, білім саласын өзгертетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Түптеп келгенде, мұның барлығы еліміздің дамуына әсер ететін ең негізгі факторлардың бірі. Себебі, білім сапасы төмен болған жерде ешқашан даму болмайтыны бәрімізге белгілі.

Манарбек КӘРІМ,

аудандық архив басшысы

Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button