Қарағанды

Облыс әкімінің грантын жеңіп алған Наталья Кухарчук өз кәсібін дөңгелетіп отыр

Жұмыс істегісі келген адамға еш қарсылық жоқ. Керісінше, мемлекет қайтарымсыз грант беріп, кәсіп ашуға немесе бар бизнесін кеңейтуге көмектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланған Наталья КУХАРЧУК «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында бизнесін дамытуға облыс әкімінің 1 млн. теңге грантын жеңіп алды.

Қолына тиген қаражатына кәсіпкер Теміртауда қуыршақ театрын, киім пішу және тігу курстарын, шығармашылық шеберханасын ұйымдастырды һәм кестелеу және өнеркәсіптік машина мен өнеркәсіптік оверлок сатып алды. Натальяның киім пішу және тігу курстарында бүгінде 10- 18 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар оқиды. Ал, «Тук» қуыршақ театрына 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар келіп, өнерін шыңдап жүр. Араға біраз уақыт салып, шығармашылық шеберхана да ашылды. Мұнда балалар бисермен, жүнмен және кестемен айналысады. Үйірмелерде ақылы да, ақысыз да айналысуға мүмкіндік бар.

– Мен бұған дейін де осы шаруамен айналысқан едім. Облыс әкімінің 1 млн тг грантын жеңіп алып, осы ісімді әрі қарай дамытуға мүмкіндік алдым. Жалғыз мен емес, көптеген жерлестеріміз осындай грантқа қол жеткізіп, жеке ісін ашып, дамып, табыс тауып, өніп-өсіп жатыр. Қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әзірше демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені, кәсіпті дөңгелетіп, бір ізге түсіру маңызды. Жанбай жатып, сөнгіміз келмейді. Табысымыз да жаман емес, – дейді Наталья Степановна.

Расымен де, мемлекет жұмыс істеуге талабы бар жандардың бетінен қағып жатқан жоқ. Кәсіпке жол ашып, бастапқы жылдары салықтан босатып, бар жағдайын жасауда. Өйткені, мемлекеттің басты қазынасы адам өмірі мен олардың бостандықтары болғандықтан, халықтың әл-ауқатын көтеру – бүгінгі таңдағы мемлекет саясатының негізгі өзегі. Халықтың жағдайы түзелсе, еңсесі тік, сөзі нық болады. Ешкімге қол жаймайды, біреуге бірдеңесін бөліп бермесе де, ешкімнен ештеңе дәметпейді. Шет елдің компанияларына тәуелді болмай, өз ісін өзі дөңгелетеді. Адал әрі табысты кәсіп осылайша, еліміздің әр азаматын өмірдегі өз орнын табуға, жеке басының еркіндігін, тәуелсіздігін сақтауға септігін тигізеді. Сондықтан, мемлекет бөліп жатқан грантқа атүсті қарауға болмайды. Өйткені, адал еңбек – бақытқа жеткізеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button