АбайАймақТұлға

Қаныш пен Жібіш

Кезінде, яғни, 1914-1919 жылдар аралығында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан – бәрі Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында бірге, тіпті, бір үйде жатып оқыған дейді. Осы оқыған жастар (Ленинградқа оқуға кететін Әлкейден басқасы) бірден жаңадан құрылған Кеңес үкіметінің жұмысына араласады. Мұхтар мен Жүсіпбек Семей губерниялық атқару комитетінде жауапты қызметтерге орналасып, Сұлтанмахмұт Баянауылда Ақбеттау болыстық ревком төрағасы, Қаныш Қызылтау болысында Қызыл отаудың халық соты болып жұмыс істейді.

Аталған Қызылтау болысының халқын негізінен Сүйіндік ішіндегі Күлік руы құрайды да, оның бұрыннан ел билеп қалған би-болыстары мен бай-шонжарлары жиырмадағы жас сотты көзге де ілмей, ырық бермейді. Шаруасы өрге баспағанына әбден ызаланған албырт Қаныш солардың арасынан Ережептің Жібіші деген ең беделді байды екі солдат жіберіп, айдатып алғызады.

Оны алып келген соң, кәріне мінген Қанекең «Көзіңді құртам! Қолыңа кісен салып, он жылға итжеккенге айдатамын!» деп, столды тоқпақтап, зіркілдейді-ай келіп.

Қорқып, үрейленгеннің орнына Жібіш бай мұртынан күліп, «Рахмет, айналайын!» дей беретін көрінеді.

Одан сайын ашуланған Қаныш «Рахметің не?! Мен сені он жылға жер аударайын деп отырсам…» деп сұрайды одан.

Сонда Жібіш бай аспай-саспай «Қаныш қарағым, саған рахмет айтпағанда, не дейін? Кешегі көзім көрген Сәтбайдың немересі, Имантайдың баласы емеспісің?.. Соңына бағып, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған менің 80 жасыма тағы да 10 жыл қосып бергеніңе алғыстан басқа айтарым бар ма?!» дегенде, Қаныш жылап жібере жаздап, сылқ етіп отыра кетеді. Сол күні Жібіш байды босатып, мөр қағаздарын, сот жұмысын түгелдей тапсырып, кетеді де қалады. Одан әрі Ресейдегі Томск қаласына барып, сондағы политехникалық оқуға түседі.

Кейіннен Қаныш ағамыз осы оқиғаны жиі есіне алып, «Сондағы Жібіш байдың айтқан сөздері етімнен өтіп, сүйегіме жетті ғой. Әйтпесе, кім біледі, әрі қарай оқуымды жалғастырып, ғалым болмас па едім…» деп отырады екен.

Әзірлеген Ержан ИМАШ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button