Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова өмірден өтті
Есімі облыс тұрғындарына белгілі еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова өмірден өтті.
Ол өзінің баянды бақытын адал еңбектен тапқан ардақты адам еді. «Еңбек ер атандырады» демекші, туған жерінің төсінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етті. Қазақ қыздарының арасынан алғашқылардың бірі болып тракторды тізгіндеді. Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленді.
Нұрбақыт Қабдыкәрімова 1948 жылғы 3 қарашада Қарқаралы ауданы «1 Май» (қазіргі Мартбек Мамыраев атындағы ауыл) совхозында дүниеге келген.
1968 жылдан бастап совхозда әртүрлі жұмыстар атқарды. 1970 жылдан бастап совхозда «К-700» тракторының жүргізушісі болып істеді. 1972 жылы адал еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталды.
1973 жылы Ақжол селолық округінің депутаты болып сайланды. 1974 жылы БЛКЖО-ның XVII съезіне делегат болып қатысты. Сол жылы «Социалистік ауыл шаруашылығының үздігі» белгісімен марапатталды. 1975 жылы тоғызыншы шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
1981 жылы Қазақстан Компартиясының XV съезіне делегат болып қатысты. 1982 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Кәсіподақтың Орталық Кеңесінің (ВЦСПС) XVII съезіне делегат болып қатысты.
Еңбекте қол жеткізген үздік көрсеткіштері үшін 1982 жылы оған «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» Алтын жұлдызы қоса тапсырылды.
1982 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалімен марапатталды.
1987 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық әйелдердің конференциясына делегат болып қатысты.
Ол зейнет демалысына шыққанша, еңбектен қол үзген жоқ. Өз есіміне сай өмірдің нұрын да, бақытын да адал еңбектен тапты. Еңбегімен ер атанды.
Нұрбақыт Қабдыкәрімованың өнегелі өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі. Оның жарқын бейнесі біздің есімізде сақталатын болады.
Ж.ҚАСЫМБЕК, С.ӨТЕШОВ, А.ДҮЙСЕБАЕВ, С.ШАЙДАРОВ, Е.БӨЛЕКПАЕВ, А.НҮКЕНОВ, Ә.ӘБДІҚАДЫРОВ, Ж.ЫСҚАҚОВ, Р.ОМАРБЕКОВА, О.ТӨРЕҒОЖИН.