Қарағанды облысында 732 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылады
Қарағанды облысында 2020 жылдың І тоқсанында 130,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылғы көрсеткішке қарағанда өсім – 7 %. Жыл соңына дейін тағы 630 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 5600 пәтер салу жоспарлануда. Ол пәтерлердің 1210-ы қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына арналған. Бұл туралы селекторлық режимде өткен аппарат жиналысында Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов мәлімдеді.
– 1 сәуірге дейінгі мәліметтер бойынша аймағымызда 1 919 көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Осы санат үшін пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Биыл 732 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл кезекті қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Тайхан Қалмаханов.
Ол сондай-ақ несиелік тұрғын үй жоспары туралы айтты. Осы бағыт бойынша облыста жыл соңына қарай жалпы ауданы 55,5 мың шаршы метр болатын 926 пәтер пайдалануға берілуі тиіс.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеуді және оның сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.
– Тұрғын үй кезегін қысқарту қажет. Халықтың барлық санаттары үшін қолжетімді баспана салу керек. Сапалы көлік қатынасы мен азаматтардың өмір сүру жайлылығын жақсарту үшін жақсы жолдар қажет, – деді облыс әкімі.