Бас тақырып

Бас қаланың геосаяси салмағы – елдігіміздің айғағы

Есілдің бойында еңсе тіктеген Елорда – Еуразияның жүрегі. Біз әңгімені осыдан бастағалы отырмыз. Шартарапты өзіне шақырып тұрған бас шаһарда талай жаһандық жиындар, келелі кездесулер мен әлемдік басқосулар өтті. Яғни, геосаяси картадағы орны – салмақты. Әлі де алты құрлыққа ортақ отырыстар өтпек. Бұл – Елорданың ғана емес, елдігіміздің ертеңі үшін де маңызды.

Иә, енді ғана бой көтеріп, құрылысы қарқынды жүріп жатқан астанамызға 1999 жылдың шілдесінде ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығы табысталды. Міне, содан бергі уақытта оның саяси-мәдени салмағы да арта бастады. Елорда түрлі саяси-экономикалық, мәдени-көпшілік шаралардың алып алаңына айналды. Мәселен, Елордада өткен Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының VІІ саммиті ел тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Тарихты парақтап көрсек, қазақ жерінде осынша мемлекеттің өкілі бас қоспапты. Астана саммитіне әлемнің 73 мемлекеті өз делегацияларын жіберді. Саммит туралы ақпаратты әлем жұртшылығы жылдам түрде баспасөз орталығы арқылы біліп отырды. Ақпарат таратқан 1200 журналистің 500-ге жуығы шетелдікі. Енді, бағамдай беріңіз, қанша ел Қазақстанды, яғни, Нұр-Сұлтан қаласы жайлы біле алды? Аталған саммиттің беделімізді көтергені сол, әлем халқы Елорданы Хельсинки, Париж, Будапешт, Лиссабон, Ыстамбұл сияқты қалалардың қатарына қойды.

2003 жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі де төл тарихымызда айрықша аталатыны анық. Бұл да тегін емес. Қазақ елін ымыра-бірліктің, достық пен татулықтың алтын ұясы ретінде танығандықтан. Алматы мен Астананың абыройын асқақтатып, қазақ ұлтын айдай әлемге паш еткен шараның бірі – 2011 жылы өткен VІІ Қысқы Азиада ойындары еді. Бұл шара біздің ел тарихындағы халықаралық деңгейдегі ең маңызды әрі ірі спорттық дода екеніне дау жоқ. Азиада ойындарына арналып екі қалада бірегей спорттық нысандар салынды. Жалпы айтқанда, VІІ Қысқы Азиада ойындары біздің елдің азиялық және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделін арттырғаны анық. «ЕХРО-2017» көрмесін өткізіп, Қазақстан өзінің мүмкіншілігін күллі әлемге тағы бір мәрте айғақтады. Бұл да арнайы айналып соғатын саяси маңызы зор салтанат.

Міне, осылай жіпке тізе беруге болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, әлі де әлемдік басқосулар жалғасады. Біз білетіндерімізді өзек етіп, әңгімемізді әрі жалғайық.

Қыркүйек айында Елордамызда 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-съезін өткізуге дайындық жүріп жатыр. Алғашқысының абыройымызды асқақтатқанын атап өттік. Сонымен қатар, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 6-шы саммитіне дайындық жүріп жатыр. Міне, осы секілді ірі кездесулер өтпекші.

Әр жылдары Елордада Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастығы, Шанхай ынтымақтастығы сынды ірі геосаяси ұйымдардың маңызды кездесулері өтті. Бұған қоса, Астана экономикалық форумы сынды басқосуларда жаһандық экономикалық даму үрдісіндегі күрделі проблемалар мен оларды шешу жолдары талқыланып тұрады. Сондай-ақ, Ақорда әрдайым жаһандық лаңкестік пен халықаралық терроризмді айыптап, жауласқан тараптарды бітімгерлікке шақырады. Астанада Сирия қақтығысы жөніндегі өткен келіссөздер сөзімізге дәлел.

Иә, бас шаһарымыз өзінің идеясы, идеологиясы, бағыты, бағдары, құндылығы бар ірі мегаполиске, қалаға айналып үлгерді. Жалпы, кез келген елдің астанасына қойылатын ең бірінші талап – елдің саяси орталығы ретінде қалыптасуы болса, онда бас қаламыз бұл міндетін абыроймен атқарып жатқанын сіз бен біз, жалпы жаһан жұртшылығы жақсы көріп отыр.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button