Шет

Сан қыранды самғатқан алтын ұя

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздің алдағы даму бағытын нақты атап көрсеткен еді. Жуырда мемлекет басшысының саясатын қолдай отырып, Балалар жылы аясында Шет ауданы Ортау негізгі орта мектебінің 50 жылдық мерейтойына арналған мерекелік жиын өтті.

Осынау жарты ғасыр ғұмырында 50 рет алғашқы әрі соңғы қоңырауын күмбірлеткен білім ошағы қаншама жас түлектің қанатын қомдап, қияға ұшырды. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып келеді. Түлектердің ішінде шыңды бағындырған, бірі әкім, бірі ғалым болған шәкірттер баршылық. Осы ұлы жолда аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз.

Тарихқа көз жүгіртсек, Ортау негізгі орта мектебі Ортау совхозының орталығында 1971 жылы 20 қыркүйекте 8 жылдық орыс мектебі болып құрылды. Мектептің алғашқы директоры – Майдан Қабылов. Оқу ордасында шамамен 130 оқушы білім алды. Оған дейін ҚарЛАГ таратылған соң Ескі Ортау бөлімшесінде 7 жылдық мектеп болатын.

1972-1973 жылдары мектеп басшысы Майра Кәрібжанова болып, 1973-1975 оқу жылында 10 жылдық мектепке айналды. Басшысы – Қуаныш Игенбеков. Алғашқы түлектер 1975 жылы қанат қақты. Олардың саны 16 оқушы еді. 1979-1980 жылдары мектеп жанынан интернат ашылып, спорт зал іске қосылды. Осы жылы алғашқы қазақ сыныбы ашылды.

1975-1983 жылдары мектеп директоры Марат Райымбековтің тұсында бала саны 380-ге жетті. Одан кейінгі уақытта Асқар Қалқатов, Гүлбану Салихова, Орынбай Медеубаев, Нұрлан Айылбеков, Ұзакбай Төребеков, Мариғаш Мусина, Зәуре Дюсембаева мектеп директоры қызметін атқарды.

Осы атаулы күнге орай өткен шараны қазіргі мектеп директорының міндетін атқарушы Абзал Төребеков жоғары деңгейде ұйымдастырды. Жиынға аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Баян Жаманова және Тұмар Амантайқызы қатысты. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтар – 1971 жылдан алғашқы еңбек жолын Ортау мектебінен бастаған ұстаздар келіп, мерекеміздің көркін келтірді. Атап айтсақ, 38 жыл бойы осы мектепте еңбек еткен Гүлбану Салихова, 11 жыл мектепті жемісті басқарған, қазіргі кездегі «Тұран – Астана» университетінде психология факультетінің аға оқытушысы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанты Бахыт Түсіпбекова (Исмакова), ұлағатты ұстаздар Марат Ильясқызы, Бекзат Аханов, 10 жыл диектор болған Мариғаш Мусина, мектепте ұзақ жыл істеп, қазір зейнеткерлікке шықса да, Саран қаласында оқушыларды «Тоғызқұмалақ» ойынына баулып жүрген Юля Фалик, Сакила Сейсенбекова, мектептің 1977 жылғы түлегі, мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын туған мектебінде бастап, осы құтты ұядан зейнеткерлікке шыққан Ақкүміс Құрманова және ардагер ұстаз Гүлсім Алпысбаевалар қатысты.

Сонымен қатар, мектептің алғашқы қарлығаштарынан бастап, әр жылғы бітірген түлектер жиналып, мектептің тарихын еске алды. Жылы лебіздерін білдіріп, мектебіміздің 1981 жылғы түлектері теледидар, Қаламқас Нұрмағанбетова пен Аида Раимбекованың ұйымдастыруымен 1988 жылғы түлектер «Қазақстанның үлкен атласы» атты құнды кітап және ақшалай сыйлық табыстады. 1989 жылғы түлектер асханаға орындықтарымен үстел сыйласа, 1991, 1994, 1995, 1996, 1997, 2012 және 2017 жылғы түлектер мектепке стенд, кілем-төсеніш, перде тағы басқа қажетті заттарды тарту етті. Аудандық Білім бөлімі сыйлыққа принтер әкелсе, ауыл әкімшілігі үлкен баннер жасатып берді .

Мерекелік жиынды «Гүлдерай» би тобы «Шашу» биімен ашып, 2014 жылғы түлек Яхия Демеу Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнімен туған жерін сағынып келген қонақтарды бір серпілтіп тастады.

Ұстаздарды ұлықтау, құрметтеу мақсатында мектеп оқушылары ұстаздарға арналған өлең шумақтары мен «Ұстазым» әнін шырқады.

Мектептің 2017 жылғы түлегі Айкүнім Демеу өмірден озған ұстаздарға арнап «Сағындым сені» әнін орындап, жақсы адамдардың ешқашан ұмытылмайтынын ұқтырғандай.

Ең кішкентай әнші 1 сынып оқушысы Ақжүрек Демеу «Аққу арман» әнін орындап, 6-7 сынып оқушылары «Ақ көйлек, қызыл галстук» әніне би билесе, мектеп ұстаздары «Мектеп вальсі» биін биледі.

Бастауыш сынып оқушылары ауылымызға арналған өлең шумақтарын оқып, Айкүнім Демеу «Атамекен» әнін әуелетті. Айтулы әрі тарихи жиын Яхия Демеудің орындауындағы «Ортауым» әнімен аяқталды.

Мерекелік іс-шара түстен кейін мектептің өлкетану мұражайына экскурсия һәм шағын футбол сайысына ұласты. Соңы қорытынды рефлексиямен аяқталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button