70 отбасыға үй берілді
Тәуелсіздік күні қарсаңында Абай қаласында халықтың әлеуметтік қорғалатын тобынан 70 отбасы пәтер кілттерін алды. Жаңа қоныс иелерін Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК құттықтады.
– Тәуелсіздік жылдары еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Мемлекет өмір сүру сапасын жақсарту үшін көп жұмыс атқаруда. Біз мұқтаждарды пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесін біртіндеп шешетін боламыз. Соңғы екі жылда Абай ауданында 20 мың шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бес мыңға жуық отбасы тұрғын үй мәселесін шеше алды, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Баспана алғандар қатарында көпбалалы ана Лилия Морковина бар. Ол төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отыр.
– Тұрғын үй кезегінде 4 жыл тұрдық. Осы уақыт ішінде пәтер жалдадым. Бүгін көптен күткен қуаныш. Басымызда баспанамыз бар! Балалар өте қуанышты, – деп бөлісті Лилия Морковина.
Биыл Абайда алғаш рет ипотекалық тұрғын үй салынды. Тұрғын үй құрылысына бизнес қызығушылық танытты. Жеке инвестицияларға бірнеше көпқабатты үйлер салынуда. Сондай-ақ, облыс басшысы Абай ауданына жұмыс сапары барысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қалай жөнделгенін көрді. Ол 1956 жылы салынған. Ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеу болған жоқ. Ғимараттың қасбеті жаңартылып, төбесі ауыстырылды. Сантехникалық жұмыстар жүргізілді және ғимарат оқшауланды. Спорт мектебінде спорттың алты түрі бойынша 735 спортшы жаттығады. Көп жылдар бойы мұнда бокстан әлем чемпиондарының саңлақтары тәрбиеленді, олардың қатарында Олег Маскаев, Серік Нұрқазов, Наталья Рогозина, Серік Сәпиев, Абылайхан Жүсіпов және басқалары бар. Сонымен қатар, аймақ басшысына салынып жатқан сауда-ойын-сауық орталығы да көрсетілді. Мұнда кинотеатр, фитнес-зал, балалар алаңы және басқа да қызмет көрсету нысандары қарастырылған. Ашылуы 2022 жылға жоспарланған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.