Балқаш

БАЛҚАШТА СУ ҚҰБЫРЫ ТОЛЫҚ АУЫСАДЫ бұл алғаш рет жүзеге аспақ

Балқаштықтар облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ халықпен есептік кездесуінде жолдың жағдайына шағымданды. Тұрғындар жолдағы ой-шұқырға, тастардың сапасыз төселгеніне наразылықтарын жеткізді. Алайда, алдағы уақытта қаланың су жүйесін толық қайта жаңғырту көзделгендіктен жергілікті билік мұның бәрін бүгін-ертең шеше алмайтынын жеткізді. Құбырлардың тозығы жетіп тұр. Соның салдарынан Балқашта апат жиі орын алады.

 – Көшенің 30% жуығы қазылды. Сондықтан, жолдарды жөндеу немесе төсемтас төсеу туралы айту қисынсыз және тиімсіз. Есесіне бұл жөндеу жұмыстары апаттардың санын азайтып, судың сапасы жақсартып, қысым тұрақты болуына септігін тигізеді, – деді Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі жергілікті мәдениет үйінде өтті. Еркін микрофон форматында. Кездесуде тұрғындар қаланың өзекті мәселелерін көтерді.

Мысалы, балқаштықтар әуежайға алаң. Жеңіс Қасымбек әуе айлағы қаланың коммуналдық меншігіне берілгенін еске салды. Жақын арада жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жазда Нұр-Сұлтан-Балқаш-Алматы бағыты бойынша 10 рейс іске қосылады. Темір жолға қатысты мәселе де айтылды. Атап айтқанда, қала тұрғындары Балқаш-Алматы бағытында пойыз жүруін өтінді.

ТКШ саласынан да өтініштер аз болған жоқ. Шұбартүбек мен Тораңғалықтағы ауыз су мәселесі қозғалды. Жергілікті биліктің айтуынша, «Қазақмыс» су құбыры және кәріз желілерінің құрылысына ЖСҚ-ны әзірлеуде. ВСодан кейін құрылыс басталады.

– Барлық көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайды. Мен сіздермен кездесіп, барлық мәселелерді талқылау үшін арнайы келдім, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар Сванқұлов орамында балабақша салуды сұрады. Саяқ кентінде ауыз судың тұрақты берілуі де жұртшылықты мазалап отырған мәселе. Қала тұрғындары, сонымен қатар, тұрғын үй мәселесі және Балқаштың көрікті жерінің жағдайына алаңдайтындарын жеткізді.

Тұрғындарға Тоқырау-Саяқ су тартқышын жөндеу жұмыстары жалғасып, екі жыл ішінде бір балабақша қалпына келтіріліп, үш жаңа балабақша салынатыны мәлімделді.

Биыл облыс әкімінің халықпен есептік кездесуі әр қала мен ауданда өтуде. Кесте әкімдіктердің ресми сайттары мен аккаунттарында жарияланады. Тұрғындармен келесі кездесу Ақтоғай ауданында өтеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button