Жаңалықтар

“Словакия әзірге қарсылас емес”

Қазақстан ұлттық құрамасы футболдан UEFA Ұлттар лигасында «Астана Арена» алаңында «Словакия» командасын қабылдады. Бұған дейін қазақстандықтар «Словакияны» өз жерінде 1:0 есебімен ұтқан болатын. «Бұл жолы қайтсек те қарымта қайтарамыз» деп келген словакиялықтарға тағы да жеңістің ащы дәмін татып, ойсырай жеңілу бұйырған екен.


Сонымен ойынның алғашқы сәтінен-ақ қарсыластар өзінің басым (фаворит) екенін таныта бастады. Ұлттық құрама қақпасына шабуылды жиілетіп, Игорь Шацкийдің ептілігін пысықтап қойғандай. Ал, ойынның 18 минутында Михаил Габышевтан пас алған Ян Вороговский есеп ашты. Көк Туды көкке желбіреткен жанкүйерлер қуанышында шек жоқ. Бұл бір абыройдың асқақтаған сәті еді. Бұдан кейін Шацкий тағы да шеберлік танытып, қақпаға ала допты аттатпады. Намысқа тырысып, Словакия командасы ойынды ширата түсті. Қазақстандық құрама қақпасына қатарынан екі рет бағытталған шабуыл мұны айқындап тұр. Ал, қарсылас шабуылдарын орта жолдан киіп кетіп өздеріне бағыттаған Янның қылығы қарсылас жанкүйерлеріне ұнамаған сыңайлы. Алғашқы таймның 39 минутында Асхат Тағыбергеннің берген пасы сәтті болып, әуелеген допты Эльхан Астанов баспен словакиялықтардың қақпасына дәл тоғытты. Есеп 2:0.

Осылайша алғашқы кезең осымен тәмамдалды. Ойынның екінші кезеңі де қазақстандықтар үшін сәтті басталар еді егер Асхат Тағыбергеннің бағыттаған соққысы әуе шарлап кетпегенде. Осы сәтте біздің құрама сәл босаңсып, кезегін күткен «Словакия» командасының белді ойыншысы Матуш Бероның айып алаңына кірместен, тепкен добы голға айналды. Есеп 2:1. Ойынның 87-минутында дөрекі ойнаған словакиялық Ондрей Дуда алаңнан қуылды. Бұл қарсылас команданың сағының сынған тұсы еді. Алаңнан ойыншысы қуылып, ойыннан ұтылып жатқан «Словакия» есебі еселеніп, еңсесі көтерілген Қазақстан құрамасының бағын байлай алмады. Айта кетейік, біздің ұлттық құраманы Магомед Адиев жаттықтырғаннан бері қазақстандықтар төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Бұл атап айтарлық айтулы жаңалық. Қазақстан құрамасы ендігі ойындарын қыркүйек айында өткізеді. 22 қыркүйекте «Беларусь» командасын қабылдаса, үш күннен кейін сырт алаңда «Әзірбайжан» құрамасымен кездеседі.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button