Ресми

Қарағанды сусыз қалмайды

«Қарағанды Су» ЖШС Михайлов сумен жабдықтау учаскесіндегі әр жұмыс күні таңғы 8:00-дегі лездемемен басталады. Бұлжымас тәртіп, қатаң қағида – осы. Біз кезекті лездеменің үстінен түстік. Учаске басшысы Қайролла ҚҰДАШБАЕВ күні бойы атқарылуы тиіс тапсырмаларды бөліп отыр екен. – Сағынаев, Алмұратов, Досмағамбетов, Кучуров, Мұхаметов, Канафин, Сарыбаев, Спатылов. Крылов көшесіндегі 20-шы үйге барасыздар. Құдықтан үйге дейінгі су беру жүйесін ауыстыру керек… Қайрекең тағы бірнеше шаруаны жүктеді бұл бригаданың мойнына. Міне, учаскеге қарасты аумақта күніне екі-үштен үлкенді-кішілі апат орын алып жатады. Сіз бен бізге көрінбейтін апаттар. Есесіне, нәтижесі – көз алдыңызда. Үйіңіздегі шүмектен су сарылдап ағып тұр.

Көмірлі шаһарды тіршілік нәрімен қамтып отырған «Қарағанды Су» кәсіпорнында алты учаске бар. Михайлов учаскесі – сол алтаудың арасындағы маңдайалды ұжым.

Учаске 1958 жылы құрылған. Ертеде Советская деп аталды. Бүгін кәсіпорында 61 адам жұмыс істейді.

Учаскенің қарамағына Бұқар жырау даңғылымен солтүстікке бет алғанда сол жақ қанатыңызда қалатын аумақ кіреді. Алақандай деп айтуға мүлде келмейді. Қарағандының орталығын қақ жарып алып отыр. Бұл – қаланың ертерек салынған бөлігі. Су жүйесі ескі. Тиісінше, иыққа артылған жауапкершілік жүгі де ауыр. Мұндағы жігіттер жалпы ұзындығы 219 шақырым болатын су желісінің кідіріссіз жұмыс істеуіне жауапты.

Алты учаскенің арасында Михайлов бөлімшесін таңдап алғанымыз да тегін емес. Соңғы жылдар қорытындысында аталған учаске бірінші орынды бермей келеді. Жұмыс көлемі бойынша да, кәсіпорын ішіндегі додаларда да алдыңғы қатарда. Кәсіпорын жұмысшылары бұл жетістіктерді учаске басшысы Қайролла Құдашбаевтың есімімен байланыстырады.

Қайролла ағамыз – Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылының тумасы. Учаскеде қызмет етіп келе жатқанына жиырма жылға жуықтады. 2003 жылдан бері осы мекеменің отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Алғашында шебер ретінде жұмысқа қабылданды. Бұған дейін Теміртаудағы «Казметаллургстройда» құрылыс шебері болды. Кейін учаске басшысының көмекшісі қызметіне көтерілді. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін байқаған басшылық 2012 жылы учаске басшысы лауазымына тағайындады.

Осы тағайындаумен учаскенің екінші тынысы ашылды десек, асыра айтты демеңіз. Ақиқаты сол, бірақ. Менің сөзімді қолымдағы цифрлардың өзі қуаттайды. Мәселен, соңғы сегіз жылда жоғарыда айтқан 219 шақырым желінің 80 шақырымға жуығы жаңаланған. Кәсіпорындағы жаңғырту жұмыстары мен заманауи технологияны қолданудың арқасында апат саны азайған.

Жұмыс өнімділігі де артып отыр. Ертедегідей сына қағып, сыммен тарта салатын әдіс келмеске кеткен. Апат болған жерге міндетті түрде тиек қойылады. Орысша айтқанда, «задвижка». Бұл тиегіңіз дереу суды тоқтатып, жарылған жерді жеделдетіп жөндеуге мүмкіндік береді. Суық суға малшынып, құбырдың маңын үңгіп жатпайсыз.

Жұмысшылар да жаңашылдықтың арқасында құбыр жамаудың машақаты азайғанын айтып отыр. Солардың бірі – тракторшы Бауыржан Аманқұлов.

– Бұрын апат болған жердегі су басты проблемамыз болатын. Құбырды жамаудан суды тоқтату қиын еді. Бар амалымыз – сына қағу. Ол сынаны қаққанша суға әбден малшынасыз. Бір қаққаннан тұра қойса, жақсы. Тоңасыз, артынан ауырасыз. Бір апатты жоямын деп екі-үш күн азаптанасыз. Сөйтіп жүргенде, ескі жүйенің тағы бір тұсы сыр беріп, бригада ның жартысы сонда кетеді. Ал, қазір бәрі өзгерді. Тиекті жауып, бар шаруаны жарты күнде бітіріп тастайтын кездеріміз де болады, – дейді Бауыржан Аманқұлов.

Қарағандылықтардың есінде болар, былтыр Жаңа жыл мерекесі қарсаңында орталық саябақ маңындағы магистральдардың бірі жарылды. Тоң қысып, енді құбырды сындырып жіберген.

Тұрғындар дабыл көтерді. «Жаңа жыл мейрамы, су жоқ». Алайда, учаскенің жігіттері апат болған жерге дабылдан бұрын жетіп, іске кірісіп кеткен еді. Сол кезде осы тиектің зор пайдасы тиді. Төрт жақтан орнатылған тиектерді жауып тастап, іске кіріскен жұмысшылар бір күннің ішінде су желісін қайта іске қосты. Сынаның дәуірі өткеніне сонда көз жеткіздік. Қалалықтар осы оқиғадан кейін «қарағандысулықтардың» шеберлігін мойындап еді.

Қай жерде қандай қада, қандай бұранда тұрғанын бұл жігіттер жақсы біледі. Мұны біз лездеме барысындағы әңгімеден-ақ аңғардық. Және Қайролла Құдашбаевтың жаңашыл технологияларды енгізуге күш салумен қатар, ұжымдағы сыйластықты нығайтуға да баса көңіл бөлетінін байқадық. Басшының «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұстанымы ұжымның да ұранына айналып үлгерген.

– «Қарағанды Судағы» басқа учаскелермен қатар біздің учаскеге де басшылық тарапынан жіті назар аударылып отыр. Серіктестіктің бас директоры Данияр Исаев бастамаларымызға қолдау көрсетіп, ұдайы қамқорлық танытады. Біз де өз кезегімізде мойнымызға жүктелген міндеттен бас тартқан емеспіз. Кез келген қиын істі орындауға әзірміз. Бұған біздің жігіттердің шеберлігі де, әлеуеті де, күші де жетеді. Әлеуетіміз – бірлікте, күшіміз – білекте. Бірлік жоқ жерде нәтиже болмайды. Ешкім ештеңені жауапкершілігіне алғысы келмейтіні түсінікті. Сондықтан, алдағы уақытта да бір үйдің баласындай еңбек ете беретінімізге сенімдімін, – дейді білікті басшы.

Қайрекеңнің жұмыскерлердің жағдайын жасауға айрықша мән беретінін учаске орналасқан ғимарат аумағынан-ақ байқайсыз. Бәрі ретімен, қыздың жиған жүгіндей. Жинақы, бейсауат шашылып жатқан темір-терсек жоқ. Ғимарат маңы шаруаның ебін білетін адамның қолын көргені көрініп тұр.

Бұрын тусырап, бос жатқан аумаққа орнатылған түрлі мүсіншелер алыстан көз тартады. Тал-дарақ егілген. Кішігірім саябақ дерсіз. Тіпті, сол жерде көкөніс те өсіріп отыр. Түскен өнімді жұмыскерлер түскі асына, таңғы шайына пайдаланып жүр.

Базбір кәсіпорындардың төңірегінде сынған техника иін тіресіп тұрушы еді. Бес-алты жыл бұрын бұл ғимараттың алдында да іске жарамай қалған трактор қарасы қалың болыпты. Бірақ, қазір бірін таппайсыз. Түгел жөндеп, қатарға қосқан. 1983 жылы зауыттан шыққан «КамАЗ-дың» өзі конвейерден кеше түскендей зырылдап жүр. Ал, біз атамыздың қырық жыл бұрынғы «советский» көлігінің қайда қалғанын білмей жатамыз кейде. Әлгі «КамАЗ» алдымыздан бүлкілдеп өте шыққанда Қайрекең бастаған азаматтардың «өкіметтің затына» деген жанашырлығына тәнті болдық. Жүйелі ұйымдастыру ісінің жемісі.

Кадрдың қадірін білген қоғамның ұтылмасы анық. Қайрекеңді білікті басшы ретінде басшылық та жоғары бағалайды. Облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің, Nur Otan партиясының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарынан бөлек, бірнеше салалық медальдің иегері атанды. Осы уақытқа дейін «Қазақстан Су арнасы» қауымдастығының «Үздік белгісі» медалімен, бұрынғы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының Құрметті қызметкері» медалімен, Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің «Еңбек үздігі» медалімен және «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-нің «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Тіршілік нәрінің тиегін ұстаған бұл жігіттердің еңбегі біз үшін маңызды. Десек те, лайықты деңгейде бағамдай алмай жүрміз әлі. Краннан ағып тұрған су кілт үзілсе ғана, есімізге түседі. Ал, сол сарылдап аққан судың артында жүздеген жанның маңдай тері тұр. Ми қайнатқан аптапта, бет қаратпас боранда төгілген тердің өтеуі – бұл.

Михайлов учаскесінің жігіттері күнделікті жұмысын міндет қылмайды. Бізден алғыс күтпейді. «Қарғысқа да қалмасақ» дейді. Қала алдындағы борышы санайды, адамзат алдындағы парызына балайды. Күнделікті еңбегімен ел игілігін еселеп жүргендерін жете түйсінеді. Азаматтар аман тұрса, Қарағанды сусыз қалмайды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

СУРЕТТЕРДЕ:

1. «Қарағанды Су» ЖШС Михайлов сумен жабдықтау учаскесінің басшысы Қайролла ҚҰДАШБАЕВ.

2. Учаске ұжымы.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button