Әр адам жеке басқа емес, ұлттық мүддеге қызмет етуге талпынуы керек – Ерлан Қошанов

Озық заманауи үрдістерді үлгі тұтқан жаңа саяси мәдениет қалыптастыру – Жаңа Қазақстанды құрудың алғышарты. Бұл туралы Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа Қазақстандағы қоғамның бірігуі мен жұмылуының бір арнаға тоғысуының аса қажет екені даусыз. Ол – уақыт талабы! Бірақ, мәртебесі биік, маңызы терең бұл іс қандай негізде жүзеге асады? Қоғамның жаңа рухани болмысы мен этикалық ұстанымы қандай болмақ? Бүгінгі таңда бұл сұрақтардың маңыздылығын жоққа шығаруға болмас! Өйткені, қазақстандықтарды жоғары ұлттық құндылықтар мен демократиялық саяси дәстүр негізінде ғана топтастыруға болады. Референдумның шыңы мен шындығы бізге кем дегенде үш нақты міндет пен мақсат қойып отыр», — деді Е. Қошанов.

Осы орайда ол бірінші кезекте тәртіп пен заңдылықтың маңыздылығын атады. Әділетті Қазақстан орнатудың басты шарты – заң үстемдігін орнықтыру, қоғамда құқықтық мәдениет қалыптастыру.

«Бұл тұрғыдан да елімізде көптеген мәселелер қордаланып қалды. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін өсиет етіп ұстансақ артық болмас. Қазіргі заңнама бойынша әркімнің заңды түрде митинг немесе бейбіт шеру өткізуге хақысы бар. Митинг деген күнделікті өмірдің көрінісіне айналды. Алайда кейбір азаматтар өзінің пікірін білдіру кезінде заң аясынан асып кететін іс-әрекеттерге барады», — деді Мәжіліс төрағасы.

Е. Қошанов екінші міндет ретінде жаңа қоғамдық сананы атап өтті.

«Жаңа Қазақстанда жаңа қоғамдық ой-сана қалыптастыруымыз керек. Бұл баршамызды мезі қылған жасандылықтан, бюрократизмнен, жалғандықтан, пафостан жиреніп, әділет пен адалдық жағына біржолата шығуымызды талап етеді. Парламенттің де, партиялардың да басты міндеті – елде болып жатқан оң өзгерістерді халыққа жеткізу, жас ұрпақтың бойына сіңіру! Біз Президент көрсеткен саяси межеге, реформалардың қарқынына ілесіп, жаңа жағдайда жұмыс істеуге бейімделуіміз қажет. Осы орайда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы «жауапты қоғам мен жауапты азамат» формуласымен үндесіп тұр», — деді ол.

«Үшінші кезекте – жаңа саяси мәдениет. Озық заманауи үрдістерді үлгі тұтқан жаңа саяси мәдениет қалыптастыру – Жаңа Қазақстанды құрудың алғышарты. Елімізде конструктивті мәдениет, пікірталас мәдениетін қалыптастыруға тиіспіз. Әр адам жеке басқа емес, ұлттық мүддеге қызмет етуге талпынуы керек. Құрылтай осы саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтереді деп білеміз», — деді Мәжіліс төрағасы.