«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

Талғат ЖҮСІПБЕК: “Университет 56 кәсіпорынмен ынтымақтастықта”

Университетті тәмамдағаннан кейін түлектердің біразы жұмысқа орналасуда кедергілерге тап болады. Жұмыс берушілердің көбі тәжірибесіз маманды жұмысқа алуға құлықсыз. Осы бір келеңсіздіктің алдын алу мақсатында жоғарғы оқу орындарында «Мансап» орталықтары іске қосылған. Бүгінде оқу орнын бітірген жас мамандардың басым бөлігі аталған орталық арқылы жұмыспен қамтылуда. «Мансап» орталығының жай-жапсары туралы Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректоры Талғат ЖҮСІПБЕКПЕН әңгімелескен едік.

– Талғат Зыпарбекұлы, тәжірибесі жоқ түлектерді көп мекеме жұмысқа ала бермейді. Ал, оқуын жаңа бітірген түлекте қандай тәжірибе, қандай еңбек өтілі болсын? Қарағанды университетінің өзге де кәсіпорын, өндірістермен бұл тұрғыда келісім, ынтымақтастығы бар ма?

– Қазіргі уақытта университет 56 кәсіпорынмен меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта олармен бірлесіп, ұзақ мерзімді және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Түлектерді жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Түлектерге меморандум аясында келісілген өнеркәсіп, мекемелерден жұмыс ұсынып, әрі қарай алып кетуіне барлық жағынан қолдау көрсетеміз.

– Жалпы, универcитетте қанша түлек жыл сайын қанат қағады? Оның қаншасы мамандығына сай жұмысқа орналасып, жұмыспен қамтылатындығы туралы сіздерде есеп жүргізілетіні мәлім. Соның пайыздық үлесін білуге бола ма?

– Мәселен, 2020 жылы 2 961 түлек қанаттанды. Оның 82%-ы жұмысқа орналасса, 6%-ы жұмыссыз. Ал, былтырғы жылы – 2 982 студент. Алайда, бұл қатарда жұмыссыз жүргендердің саны әлдеқайда көп. Биыл бітірген түлектердің көрсеткіші жаңа оқу жылында белгілі болады. Жыл сайын оқу жылында жұмысқа тұрған түлектерден анықтама сұратамыз. Сол анықтамалармен қорытынды шығарылады. Жалпы, университет түлектері еліміздің барлық өңірінде білімін іс жүзінде дәлелдеп, өздерін мықты маман ретінде көрсетуде. Әрине, бұл – біз үшін үлкен жетістік.

– Түлектерді жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін ЖОО-да мансап орталығына толығырақ тоқталсаңыз. Оның жұмыс істеу механизмі қалай?

– Қазіргі уақытта университетімізде «Мансап» бөлімі жұмыс істейді. Ол жердегі мамандардың басты міндеті – түлектердің жұмысқа орналасуын қадағалау. Сонымен қатар, түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар да өткізеді. Бакалаврмен қатар магистраттардың да жұмысқа тұруына ықпал етеді. Алдағы уақытта аталмыш орталық меморандум жасаған кәсіпорындармен қарым-қатынас орнатып, бос жұмыс орындарының қатарын біздің студенттермен толықтырмақ. «Жұмыссыздардың да қатары азаяды» деп нық сеніммен айтуға болады.

– Бұған дейін жоғары оқу орындары еркін диплом берді. Яғни, диплом алған соң түлектердің жұмысқа орналасуы – тек сол түлектің ғана міндеті болған-ды. Ендігі жерде мансап орталықтары бұл мәселенің түйінін шеше ала ма?

– Әрине, шеше алады. Бұған университет басшылығы да ықпал етеді. Меморандум аясында жұмыс істейтін кәсіпорын санының қатары артқандығы да осыған дәлел. Қазіргі таңда қандай кәсіпорын болсын бос жұмыс орындары жөнінде хабарламаны әуелі Enbek.kz сайтына жариялайды. Біздің мамандар да сол аталмыш сайтқа түлектерді тіркейді. Оқу орнымызда білім алушылардың өндірістік практикасын ұйымдастырудан бастап, жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қызметті осы орталық атқарады. Жұмыспен қамту бағыты бойынша оқу жылының басынан түрлі шаралар жоспарлы ұйымдастырылады.

– Мемлекет ЖОО түлектеріне бірнеше тиімді бағдарламаларды ұсынады. Осы бағдарламалар қаншалықты өзінің тиімділігін көрсетті? Әлде әлі де жетілдіре түсуді қажет ете ме?

– Түлектерге жұмысқа орналасуға жәрдемдесу аясында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімшарты», «Дипломмен – ауылға!» сынды мемлекеттік бағдарламалары бар. Бүгінгі таңда осы аталмыш бағдарлама аясында талай түлегіміз жұмысқа тұрды. Өз нанын өзі тауып жеп жүр. Ал, осының бәрін көре тұра, бұл бағдарламаларды қалайша тиімсіз дейміз?! – Талғат Зыпарбекұлы, уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Істеріңіз оңға бассын!

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button