Біздің сұхбат

Айдос БӘДЕЛ, саясаттанушы: «Билік беделін ашық саяси бәсеке көтереді»

Қазақстан үшін қазіргі кезең – өлара шақ. Халық саяси-әлеуметтік жаңалықтардан үмітті. «Қаңтар қасіретінен» бері 40 күн өтті. Әрине, қырық күнде бәрін қырып тастап, қайта құрау әсте мүмкін емес. Түбегейлі өзгеріс үшін өте аз уақыт бұл. Не десек те, осы аралықта халықтың үні енді билікке жетпей қалмайтын сипат иеленді. Айғай салғаны жаңғырыққа айналмады бұдан былай. Нысанасын табуы тиіс-ті. Ашық алаңда әлдеқашан айтылуы керек ой-пікірлер ендеше бұғып қалмақ емес. «Жаңа Қазақстанның» қандай болғаны жөн? Билік нені ескеріп, бұқара неге мойынсұнуы керек? Десек те, қанша бас бар, сонша пікір бар. Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың салқын қанды ойталқысы осындайда маңызды. Осы орайда тәуелсіз саясаттанушы Айдос БӘДЕЛМЕН сұхбат құрған едік…

«Жүйелік өзгерістерге мүмкіндік беру керек»

Қазақстан басынан өткерген «Қаңтар қасіреті» мен бүгінгі ахуалға әркімнің жауап алғысы келеді. Әрине, әркім өзінше салмақтайды. Бірақ, сол саланың маманы, саясаттанушы ретінде елдегі жағдайға сіз қандай анықтама және нендей баға берер едіңіз? Біз мұндай саяси жағдайға қалай тап болдық? Алда Қазақстанды не күтіп тұр? – – Иә, өкінішке орай «Қаңтар қасіреті» болуы әбден ықтимал қоғамдық-саяси қозғалыс болып табылады. Қоғамның саяси-әлеуметтік көңіл-күйінің ахуалы осыны аңғартып тұрды. Болған оқиғаға күтпеген жағдай деп таңқалуға немесе оның салдарлы себептерін іздеу артық шаруа. Одан да «Қаңтар көтерілісі» деп әділ бағасын беріп, бейбіт қаза болғандарға құрмет көрсетіліп, қатысушыларды тергеп, азаптау тоқтатылса, тұтастай рақымшылық танытылса, саяси элита мен қоғамның тез тіл табысуы орын алады. Әйтпесе, алда қоғамды да билікті алаңдатарлық жағдайлар күтіп тұрғаны көріпкелдік пен сәуегейлікті қажет етпейді.

«Қосылғыштардың орны өзгергенімен, қосындының мәні өзгермейді» дейтін математикада ереже бар. Бұл күнгі саяси аухалды әуелде ел осы ережеге сыйғызды. Расында, бұл аксиома ма, әлде бұл гипотеза ма?

– Расында, бұл аксиомаға жақын. Элита бірден өзінің саяси стартегиялық қәтеліктерін мойындағанын аңғартып, «бұрынғы билік» ығыстыға санап, кешікпей біраз өзгерістерге жол ашатын саяси шешімдер болатынын жариялап жатты. Үкімет билігін ауыстырудан бастады. Ол айтарлықтай жаңалық әкелмеді. Қаңтар қасіретіне жол берілгені осылай анық мойындалып жатты. Алайда, сол саяси жүйе мәндік жағынан да, мазмұндық жағынан да еш өзгермеді. Бұрынғы пәрменді партия, пәрменсіз парламент, үндемес үкімет. Бетбұрыс әкелетіндей көрінген кадрлар ауысуы, жиналыстар, бірлескен отырыстар, мәлімдемелер бұрын да болған, бола да береді. Жүйелік өзгерістерге мүмкіндік беру керек. Керісінше, билік беделін көтеріп алар еді. Әлсіремейді.

Тәуелсіздік алған 30 жыл туралы қандай пікірдесіз? Қазақстанынң ұтқаны мен ұтылғаны не?

– Өкінішке орай, Қазақстанның ұтылғаны өте басым болып тұр. Барлық елдерде жолдары жөнделіп, мектеп, ауруханалары салынып жатыр. Астаналары әдемі, жайнап тұрады. Сонда біздің дамуымыз қайсы?! Ұлттық қауіпсіздік пен саяси стратегия сын көтермеді. Жарқырап әдемі көрінгенімен «қағаздан жасалған» мемлекет екен ғой деп мазаққа қалып жаттық. Үлкен, отандық, ұлттық сипаттағы өндіріс бар ма? Ішкі өнім көрсеткіші көңіліңізден шыға ма?! Білім сапасы мен деңгейі өте аянышты қалде. Әлі де шетелдік оқу, зерттеу орындарының бөлімдерін ашумен айналысып жатырмыз. Ұят емес пе?! 30 жылда керісінше, өзіміздің ғылым-білімді дәлелдеп басқа елдерге «Қазақ ғылымы» осы дейтіндей уақыт болды. Медицинада «шетелдерге квота санын арттырдық» дейтін «жетістікке» ғана жетіппіз. Қазақ медицинасы қайда?! Неге азаматтарымыз денсаулығы үшін жылап-еңіреп, ел кезіп, қайыр сұрап кетуі керек. Осындай мәселелерді тізе берсеңіз, 30 жылда ұтқаны туралы не айта аласыз, ойлаңызшы.

«30 жылдағы Қазақстан «ескі» болып қалғаны ма?!»

Қазақстан қоғамы бір формациядан екінші формацияға толық өтті ме? Біздегі қоғам жұрт айтқандай «жабайы капиталистік» қоғам ба?

– Осындайда формация туралы әңгіме айтудың өзі артық. Қазіргі кездегі формация түсінігі әлеуметтік мемлекеттің қағидаттарымен байланысты. Біздің ел төменгі тап басым орныққан қоғамнан өзгерер емес. Бізде әлеуметтік мемлекет саясатынан әскерилендірілген, полицияландырылған мемлекет саясаты басым. Оларға қоғамнан тыс әлеуметтік артықшылықтар молынан берілген. Дегенмен, бұл саясат өзін ақтады деп айта алмаймыз. Қаңтар оқиғасында ішкі тұрақтылыққа да шамалары келмеді. Азғана топтар – олигархтар мен магнаттардың «формациялы» мемлекетіне айналды.

Бұзылған заңдылық пен протекциядан, сыбайлас жемқорлық пен бюрократизмнен құтылмай, саяси-экономикалық ахуалға өзгеріс енгізбей «Жаңа Қазақстанның» іргесі қаланбайды дейді көпшілік. Осы «Жаңа Қазақстан» деген ұғымды қалай түсінуіміз керек?

Көпшіліктің дегені орынды. Шын мәнінде, дәл қазіргі саяси жүйеде өзгерістерге жол беруге қарама-қайшылықтар мен кедергілер жетерлік: партиялық монополия, Парламенттің дәрменсіздігі т.б. «Жаңа Қазақстан» анау айтарлықтай маңызды ұғым емес. «Өзгеріс, бетбұрыс жасаймыздан» туған түсінік болып ғана тұр әзірге. Қазіргі жер-көкке сыйғызбай мақтап-маталып келген 30 жылдағы Қазақстан «ескі» болып қалғаны ма?! Сондықтан, бұл сәтті шыққан саяси афоризм емес.

Қазіргі күні заң үстемдігі мен құқықтық идеология қажет екені байқалды. Ол тек қана шындықпен өлшеніп, шындықпен суарылуы тиіс. Шындық жоқ жерде һәмсе идеология мүлдем һарам. Дәл бүгінгі қазаққа қандай идеология жетіспей тұр?

Сіз айтып отырған идеологияның тармақтары ол мемлекеттілік, ұлттық идеология дегеннің аясына саяды. Осы уақытқа дейін ұлттық саяси идеологияның орны бос, нөлге теңдік жағдайда екенін айтып дабыл қағып-ақ келдік. Мемлекет құрушы ұлттың мұң-мұқтаждықтары мен құндылықтары жоғарғы саяси мүддеде ескерілмесе немесе қанағаттандырылмаса қоғам өзі болып шешімін табуға тырысады. Қаңтар қасіреті, Қордай қақтығысы (тіпті, Сәтбаев қаласында орын алған тәртіпсіздіктердің астарында ұлттық мінез-құлық бар. Осылай әр-түрлі себептермен көрініс тауып отырады) тағы басқа саяси-әлеуметтік, ұлттық стихиялы жағдайлардың орын алуы мүмкін екенін алдын ала айтып жүрдік. Сонда қаптаған стратегиялық, саяси-әлеуметтік зерттеу институттары не зерттеп жүр сонда?! Жалған зерттеулермен уақыт өткізіп мемлекеттің саясатын ақтаушы-пәктеуші мекеме рөлін ғана атқарып келгендей. Оған дәлел қазіргі саяси-әлеуметтік ахуал!

Егер ұлттық саяси идеология қалыптасса, сол заң үстемдігі, құқықтық идеология дейтіндер өздігінен іске қосылып, ұлттық идеологияның талаптық деңгейлеріне жауап беріп, бейімделеді.

«Маргинализмді қатыстырып айту – сауатсыз ұстаным»

Маргиналданған ұрпақ дейміз. Маргиналдар – құқық пен міндетті түсінбейтін, заңды сыйлау мен құрметтеуді білмейтін, мемлекет пен ұжым деген түсініктен ада, өзге азаматтардың құқына зиян келтірмеу мен өз құқын пайдалана білуде қарама-қайшы әрекет ететін көптің бір бөлігі. Маргиналсыз қоғам қашан орнығады бізде?!

Бұл сұрақ қарама-қайшылықты екен. Сондықтан, былай қысқа талдау жасап жауап берейін. Негізі маргинал ұрпақ, маргинал топтар деген түсініктер бар. Бұл үлкен сұрақ. Шын мәнінде, маргинализм өте қауіпті құбылыс. Оған арнайы кеңірек тоқталуға болады.

Бұрын да айтып жүрдім, қазір де қайталап айтамын Қаңтар қақтығысы немесе қазақ қоғамындағы басқа да қоғамдық бас көтерулерге маргинализмді қатыстырып айту – сауатсыз ұстаным. Өте дұрыс емес.

Құқықты түсіну-түсінбеу, заңды құрметтеу-құметтемеуге қатысты қазақ қоғамында маргинализм жоқ. Және болған емес. Мен саясаттанушы және құқықтанушы маман ретінде осылай кесіп айта аламын. Қазақ халқының дүниетанымы мен тәрбиесінде, діні мен ділінде, ар-ождан адамгершілік қағидаттарында білімділік, сауаттылық, имандылық, «біреудің обалына қалмау», «өзгенің ала жібін аттамау» тағы басқа толып жатқан құқықтық-философиялық ұстанымдар жетерлік. Осы негізде айтар болсақ, қазіргі қазақ қоғамы өз деңгейінде құқын біліп, заңын құрметтеп келеді. Біреуі өзінің қарапайым өмірінде, біреу өзінің қызмет бабында, біреу өзінің жұмысы мен кәсібі деңгейінде құқын біліп, заңын құрметтейді. Әрі-беріден соң әр адам өз құқын білуі міндетті емес, керісінше, сол адамдардың құқы мен заңын насихаттайтын және оларды қорғайтын, қылмыстың алдын алатын мемлекеттік институт жұмысының белсенді, әділетті болуы міндетті!

Элитада керісінше құқықты менсінбеу, заңды құрметтемеу, қоғамды сыйламау деректері көптеп орын алып келеді. Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, жең ұшынан жалғасу, еліне сатқындық пен опасыздық жасау, ұйымдасқан қылмыс. Сонда құқықты түсінбеу мен заңды құрметтемеу қай жақта басым?! Бұлар маргиналдар емес шығар?!

Біздің қоғамда маргинализм көріністері басқа жағынан орын алуда. Мәселен, айталық, ұлттық идеологияның исі бармайтын орыс, ағылшын тілдері басымдыққа ие (әсіресе жоғары дәреже саналатын) мектеп және жоғарғы білім беретін оқу орындарынан білім алып шыққан жастар нағыз маргиналдар болып шығады. Өзіңіз көз жеткізгіңіз келсе, жан-жағыңызға қарап «шағын зерттеу» жүргізсеңіз, жеткілікті. Яғни, енді олар үшін «мемлекеттік тіл», «мемлекет», «Отаным», «елім» деген ұғымдар мақұрым болып шыға келеді. Олар үшін оқу, жұмыс істеу тіпті өмір сүру армандары басқа елдерді аңсау мен армандау ғана болады. Және бір тәжірибе жасап көруіңізге болады. Қазақстан азаматтары Сіз және Ол болып қарапайым деңгейде ғана деп айтайын елдік, ұлттық мәселелер туралы әңгімелесіп көріңіз. Тіл табысып кете алмайсыздар, бір-бірлеріңізді «түсінбейсіздер» де, жер мен көктей әсерді сезінесіз. Ал қараңыз, енді олар өз кезегінде заңдылық бойынша басқа елге, мемлекетке өзі ойлағанындай тура сіңісіп те кете алмайды. Міне, қазақ қоғамындағы Маргинализм! Маргинал жастар, маргинал ұрпақ.

Қоғамның жаңғыруында кез келген құбылысты екшеп қарайтын ғалымдар жауапты ма, мемлекет жауапты ма?

Ғалымдар да, мемлекет те жауапты. Мемлекеттің негізін қалайтын ғалымдар деп А.Гитлердің өзі маңына ғалымдарды көптеп топтастырды. Соның арқасында сол кездегі Германия өте тез қарқынды дамыды, фашизм идеологиясы жылдам «дәріптелді». Экспансиялық саясат пен фашистік пиғыл оның да елдің де түбіне жетті. Ғалымдар қорқақ-жалтақ, жағымпаз, ақша сатылғыш болса, мемлекетке не қайыр?! Мемлекет ондай ғалымдарды тыңдап қайтсін. Тек өз саясатын ақтауға пайдаланады. Сондықтан, Бекмаханов, Қ.Сәтбаев сияқты мінезді, турашыл ғалымдарды мемлекет тыңдауға мәжбүр болады, олармен санасады. Мемлекеттің дамуы, ғылымның да, ғалымдардың да жағдайының жасалуы екі жақтың үйлесімді ара қатынасына байланысты.

«Кешіктірмей шынайы, ауқымды саяси реформаны бастап кету керек»

Енді керегі – «Ел жағдайын дұрыстау жолдары қандай? Қай тұстан бастауымыз керек?» – деген сұрақтарға жауап табу. Сіз қалай ойлайсыз?

Кешіктірмей шынайы, ауқымды саяси реформаны бастап кету керек. 30 жыл күттірген саяси жаңғыртуды түрлі себептермен соза беру тек қоғамның наразылығын күшейтеді. Асығыс қадам қоғамның саяси температурасын қыздырып жібереді деп қорқақтап тәуекелге барғысы келмей отырған биліктің саясаты да бар. Сондай-ақ, сараңдық танытып, әлі де болса саяси ойындармен арандатып, шынайы өзгерістерге мүмкіндік бермей созып-созбақтап әдетіне басатын саясаты да бар. Қазіргі ресми билік өзінің иелігінен айырылып қаламын деп емес, шынайы билік беделін көтереміз деп ашық саяси бәсекеге жол беруі маңызды.

Бірінші, саяси партиялық жүйенің ашық бәсекелестігіне жол беру. Екінші, Президент партия қатарында болмауы керек. Партия қатарында болған жағдайда көппартиялық жүйе емес, екі партиялық жүйені қалыптастыру. Көппартиялық жүйеде Президенттің бір партияға мүше болуы біздің жағдайда партиялық дискриминацияны қалыптастырады. Яғни, сөзсіз Президент жетекшілік ететін партия «жоғарғы сұрып» саналады да, қалған партиялар «төменгі деңгейде» қалып қояды. Бұл – табиғи заңдылық. Оның ресурстары мен қолдаушысы тікелей мемлекет болып шыға келеді. Содан партияаралық саяси бәскелестік болмайды. Үшінші, Президенттік әділ сайлауды қайта өткізу. Қазіргі Мемлекет басшысы әділетсіз сайлау арқылы билікке келгеніне қоғам қатты наразы. Төртінші, Парламентті таратып жаңа сайлау жүргізу (Сенат палатасын да қосып). Бесінші, мемлекетті үлкен саяси апатты дағдарысқа алып келген, басқару қабілетінен айырылған билік партиясын тарату. Оны партия ұжымы, жетекшілері де мойындап «қайта құру» мәселелерін көтеріп жатулары дәлел.

Осыларға жол берілсе, қоғам қабылдауға қабілетті. Қоғамда тұрақтылық орнайды. Қазір қоғамның саяси сауаттылық деңгейі жоғары. Көп жылдар бойы күтіп келе жатқаны осы мәселелер.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button