Коронавирус

Қарағанды облысына 250 мың дана медициналық маска жеткізілді

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев аймақтағы COVID-19 коронавирус жағдайы туралы айтып берді. Бұл ақпарат елдегі төтенше жағдай режимі өтетін уақыт аралығында күн сайын жаңартылып отырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда 47 қарағандылық карантинде жатыр, олар тәулік бойына дәрігерлердің бақылауында. Олардың барлығы 1А – Италия, Иран, Оңтүстік Корея, ҚХР мемлекеттерінен келген. Үй карантинінде – 52 адам, медициналық бақылауда – 155 адам жатыр. Тағы 260 адам дәрігерлердің қашықтан мониторингілеу шарасымен қамтылған. Оларда коронавирус белгілері жоқ.

«Бүгінгі таңда 250 мың дана бетперде әкелініп, олар «Биосфера» дәріханасына жеткізілуде. Апта соңына дейін өңірге тағы 200 мың дана бетперде жеткізіледі», – деді Ержан Нұрлыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, өңірде дезинфекциялық ерітінділер өндірісі бар.

«Дезинфекциялық құралдардың алыпсатарларының жолын кесу үшін олар денсаулық сақтау басқармасының рұқсат қағазы бойынша беріледі. Біздің іс-әрекеттеріміздің ашықтығын қамтамасыз ету үшін біз әлеуметтік желілерде дезинфекциялық құралдарды алатын күндер, тиеу көлемі және ол құралдарды алушылар туралы ақпаратты орналастыратын боламыз», – деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Ол сондай-ақ облыста маскалар мен антисептиктерді сатып алуға қаражат бөлінетінін айтты. Олармен денсаулық сақтау, полиция, ХҚКО және басқа да бөлімшелердің қызметкерлері қамтамасыз етіледі. Бұлар – адамдармен тұрақты әрі тығыз байланыста жұмыс істейтін органдар өкілдері.

Қарағанды облысының стационарларында карантин жарияланды. Келушілерді науқасқа кіргізбейді, бірақ, қажетті заттар мен азық-түліктерді белгіленген уақытта беруге болады.

Денсаулық сақтау басқармасының мамандары ТЖ режимі кезінде адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тартуды сұрайды. Қазақстандықтарға үйде қалуға, отбасылық салтанаттардан және естелік іс-шаралар өткізуден бас тартуға кеңес береді. Коронавирустың алдын алу үшін қолды және бетті сабынмен жиі жуу қажет.

ЖРВИ белгілері анықталған жағдайда дәрігерді үйге шақыру керек.

Аймақта COVID-19 вирусы туралы ақпаратқа алу үшін денсаулық сақтау басқармасының (8-7212) 955-559 шұғыл желі телефоны бойынша хабарласуға болады.

 

Басқа материалдар

Back to top button