Заңсыз қару тәркіленді
Қаңтар айында орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты Алматы, Талдықорған, Тараз және Қызылорда қалаларында қылмыстылар тарапынан айтарлықтай көлемде әскери қарулар ұрланған. Осыған байланысты Қарағанды-Сұрыптау станциясының ЖПБ қызмет көрсететін аумағында 2022 жылдың 25 қаңтарынан бастап «ҚАРУ» алдын алу шарасы жүргізілді. «ҚАРУ» жедел-іздестіру іс-шаралары барысында теміржол бойында Қарағанды қаласының тұрғынынан 1 дана бір ауызды тегіс ұңғылы 32 калибрлі шолақ мылтық табылды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 287-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қарағанды-Сұрыптау станциясының желілік полиция бөлімі хабарлады.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 8 ақпанда Балқаш станциясының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтоғай ауданы Ащыөзек станциясында 4 бірлік және 136 дана әртүрлі калибрлі аңшы оқ-дәрілері табылды. Оқ-дәрілер тәркіленді. Аталған факті негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады желілік полиция бөлімі. Осыған байланысты тұрғындарды заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен арнайы техникаларды өз еркімен тапсыруға шақырады. Жазатайым оқиғалар мен жарақаттардың алдын алу үшін бұл туралы алдымен Қарағанды-Сұрыптау станциясының ЖПБ-не хабарлауды сұрайды. Желілік полиция бөлімі заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрiлердi және жарылғыш заттарды өз еркiмен тапсырғандар, егер олардың әрекеттерiнде басқа қылмыстар болмаса, қылмыстық және әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылатынын ескертеді.
Қызғалдақ АЙТЖАН.