Руханият

Руслан НҰРБАЙ. Отты рух (поэма)

Алғы сөз орнына

Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Руслан НҰРБАЙДЫҢ бұл поэмасы Алаш арыстарының бірі Имам ӘЛІМБЕКОВ пен оның немере інісі Аманжол БҰҚАРБАЕВТЫҢ Екінші Дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігіне арналған. Аманжол ҚҰСАЙЫНҰЛЫ 1931 жылы облыстық «Қарағанды пролетариаты» газеті ашылғанда көмір өндірісі бөлімінде сектор меңгерушісі болып қызмет еткен. I дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері Аманжол БҰҚАРБАЕВТЫҢ поэмаға арқау болған ерлігі хақындағы деректерді Ресейдің «Память Народа» сайтынан тапқан едім. Оқырманға қуана құтты болсын айтамын!

Сәлижан САДЫҚОВ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагері.

ҰОС кезінде көзсіз ерлік көрсетіп, экипажымен бірге жанып кеткен танк командирі, батыр жерлесіміз Аманжол БҰҚАРБАЕВТЫҢ рухына тағзым!

Отты рух

(поэма)

… «Сен темір де мен көмір еріткелі келгенмін» – Қаздауысты Қазыбек би.

Көгінен ән өрлеген Қарқаралы!

Дәстүрін дәлелдеген Қарқаралы.

Кешегі Варнаваға жарнама боп,

Келсе кім, сәлем деген Қарқаралы.

Карбышевтың қылышын қарға қадап,

Төрінде Төре өлмеген Қарқаралы.

Баяғы батырында бар қанағат.

Өлкеңде өнер де ерен Қарқаралы.

Ресейлік саясат сапырып тұр.

Күресерге дәрмен жоқ, тақырып-сыр.

Шені-шың, шебер мекен- Қарқаралы.

Ел үшін не көрмеген Қарқаралы.

Сөзіңмен Алаш үні айбарланып,

Өзіңнен басталады Арқа заңы!

Тұғыры биік туған жер

Сырыңды ашса, тастағы тал сабағы,

Сергелдеңге салады-ау сол сананы.

Батыс Сібір бекініс, қала соғып,

Бәрі есепте қанша мал, қанша жаны?!…

Қарасор мен Қоянды, Қарқаралы…

Уезд, әскер-сауда боп барша маңы.

Қапыда Хандық кетіп, патша-пәрмен,

Бодан жұртты болыстық боршалады.

Итжеккенмен иленіп жол торабы.

Серкелердің Семейде сәл қабағы…

Петерборға пайымды петиция,

Қарқаралы қолға алды сол шараны.

Жайылым жоқ, салық мол, жалшы-амалы.

Мектеп, медіресеңнің қанша хәлі?!

Бөкейханов, Байтұрсынов, Жақып Ақбай

Имам Әлімбектердің зор талабы!

Олқылықты тізбектеп ортадағы,

Рос Миннің миына жол салады.

Тасыңнан талай талай тарих өтті,

Атыңнан айналайын Қарқаралы!

Таста тұрып тайсалмай есіл түбір..

Көне түркі тілінде көсілші бір!

Өларада дат айтқан мем Думаға,

Алашорда 1905-жыл!

Таным мен тағылым

Қайтейін нала торда, жала сонда?!

Қай жағынан қан қасап қарасаң да…

Ахаңның ақылымен амал жасап,

Имам көкем көксеген Алашорда!

Тарих пен тағылымды ізде деңіз.

Әйтеуір жетпей тұрар бірдеңеміз..

Аталар «жау» болды да жоқ боп кетті,

Арысы сынған арба, біз келеміз.

Қайтейін нала сонда, жала сорға..

Азаттықтың ақ туы – Алашорда!

Имам Әлімбек шыққан Ақсарыдан,

Туыпты Аманжолдай бала сонда.

Бесоба мен Жамантас өнеге-шер..

Наршөккеннің намысы шөге ме екен?..

Бір атадан тараған сол бір жандар,

Бір біріне немере-шөбере екен.

Ерекше қабылетпен бір ғажабы,

Рух ойнап жүзінде нұр жанады.

Қаланың ұстаздығын үздік тауысып,

Мұратының бола алды мұзбалағы.

38.Басылып зобалаңы..

Қарағанды шақырған со баланы.

Атқару комитетте жауапты боп,

Хатшылық қызметті қолға алады.

Осылайша тірлігі басталыпты,

Мектебін де мекеннің басқарыпты.

Қу менен Қарқаралы өңірінде

Табылмапты дәл сондай басқа мықты.

Талай жерде тағылым қалдырыпты,

Соғыс салған кез еді бар бүлікті.

Мықты маман, қадірлі кадр болған,

Білген билік броньмен қалдырыпты.

Болмаса да білікті басқа мықты,

Сонда да өсек соңынан от жағыпты.

Халық жауы тұқымы – деген тұқыл,

Өз еркімен майданға аттаныпты.

Қош, Байғожа, Байгелді, Қоңырқұлжа!

Жан жарыңа, «Күт!» – деген сөзің мырза.

Ида менен Неллядай нұр-нәрестең,

Қарағанда қадалар көзің қырға…

Аманжол! Халқы біліп қырдағы атын.

Ақжолтайлап ерттеді жылдам атын.

Радиода ерте-кеш үрей-үміт…

1942-жыл болатын.

Танкы мен даңқы

1942. Қызып жатқан қан майдан.

Соғыс деген сол болар, арылмайсың соңғы ойдан…

Алғыр жанды танитын офицерлер бар мұнда,

Политрук боп кіріпті, ком рота қол қойған.

Ең алғашты ұрысты оңтүстіктен бастапты.

Снарядттан сырт қалсаң, маңдайды ұшқан тас тапты.

Қанқұйлы атпен тарихта қалған талай тартыс бар,

Днепрдің оң жағын аламыз деп бас қатты.

У-шу болған ормандар, Украина даласы.

Маздап жанған мекендер, іздейді қыз анасын.

Қан иелеген топырақ, зар илеген атырап,

Сонда өзіне серт берді Құсайынның баласы!

Шын батырдың шыдамын көрер орман, тауың да.

Шоқпар беріп шығарсаң, қашады одан жауың да,

Тәжірибе, білім бар, тиянақты қосыңыз,

Аманжолды шақырды шынжыр табан қаруға.

Қызыл тулы атақты полкі пәрмен мол берді.

Тарих білген тұлғалар атындағы орденді.

Хмелницкий, Кутузов дәрежелі, даңқты.

Ал ауылдық Аужекем командир боп меңгерді.

Ерекше Умань полкінде салды ойнақты неміске.

Т-34 танкісі жортар қырда, еңісте…

Неміс пенен Румын, Неміс-Венгер жолында,

Жау жасаған ор-қоршау айналған-тын тегіске.

Бронетанкі бойлады,

жау ұрысқа тоймады.

Кеңес елден алыстап, көрші жайын ойлады.

Словакиядан әрі ассақ, бір сүйінші болар – деп,

Қақтығысты қан сойқан, қаңтар-наурыз айлары.

Чех жерінде сол күні, жеңімпаз ой көкке өрлеп,

Жәрдем жолын ашам – деп біздің жаяу әскерге.

Бұзып-жарып жау тылын, ойнатып от жарқылын,

Атилладай аттандап, өтті жауға дес бермей.

Көз алдыңда көк мұнар, дұға қылар далаң-дүр.

Аманжол-деп ат қойған, сапарларда санаң бір.

Аяулы жар алыстан, мүмкін асыл анаң бұл…

Ал Алланың сынағы бүгін саған байланды,

Бұйрығың мен бағытың босамасын командир!

Чех жерінде Сасада жау жасанған нүктелер,

Білмеген жер қашан да ой-шұңқыры бітпеген…

Тоқтай қалып атады, Т-34 тізгінде.

Командирдің бұйрығы тиер жерге діттеген.

Өрлігі мен ерлігі жалғасады бұл күнге.

Қоқаудан да қоршаудан қаймықпапты күтпеген.

4 пулемет нүктесі, техникасы тас-талқан..

Жаяу қалған фашистің жүздейі жер жастанған.

Құрыш сауыт солқ етті, шынжыртабан шашылды.

Кете барды кезеріп кекті көз бен отты арман..

Саса жері соңғы сәт. Зволинде шоқ қалған…

Отты рух Сасадан Сары-арқаңа өрлесін!

Қара бастың қамы үшін, қапы қалу ерге сын.

Жанып кеткен танкы ғой, даңқы жетсін далама,

Рух оты сөнбесін, ұры-қары келмесін!

Соғыс деген нәубеттің солай болар есебі…

Блиндажда біреулер орденге орын теседі.

Қош, Аужеке тарланым, тәңір берер сый талай!

Антон, Иван, Николай!

Ерлер қалай өшеді?!…

1945 бұл наурыздың бесі еді….

Мәңгілік алау

Жау ішінде жалғыз танк, жан айналған жасынға,

Қару-жарақ таусылғанша, ұрыс тұрды басылмай…

Қанды көйлек қаруластар, жанын оңай кім берсін?!

Бұйрық берген Аужекеңде намыс-жүрек осындай.

(Қырылғанша, люкті ашса, болар еді тосын жай… )

Бұның бәрін батыс майдан басқармасы білген-тін,

Штабтарда мұра хаттар машинкаға басылған….

Аманжол мен Нұркендердің отты рухы нұр берсін!

Бірі жерден, бірі аспаннан жауға оқ боп атылған.

Ерлік жайлы жалынды өлең, шоқтай ыстық жыр келсін!

Шын егілген, шинель киген шерлі ақын Қасым да…

Бейбіт күнде ұл-қызыңа үміт пенен үлгі ерсін!

Жалғыз арша жайқалғаны Қарқаралы басында.

Ұрпақ үнсіз ой толғады, мәңгілік от қасында,

ХХІ ғасырда.

30.04. 2022 жыл

Варнава Ботов – Қарқаралыда жәрмеңке ашқан орыс көпесі.

Карбышев – Казак атаманы.

Политрук – саяси жетекші.

Ком рота – рота командирі.

Руслан НҰРБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button