Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Бұқаралық спортқа қолдау қажет

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында дене шынықтырудың денсаулық кепілі екендігіне баса мән берген. Сонымен қатар, Президент бұқаралық және балалар спортымен шұғылдануға барлық жағдайдың жасалу керектігін атап өтті. Осыған сай өңірлерге спорт инфрақұрылымдарын кезең-кезеңімен салуды қамтамасыз етуді тапсырды. Яғни, бұл дегеніміз, елімізде бұқаралық және балалар спортының дамуына, спорттық инфрақұрылымның дене шынықтырумен шұғылданғысы келетін азаматтар үшін қолжетімді болуына айрықша көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Бұл мәселе облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен аппарат жиынында талқыланды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев тақырыпқа қатысты есеп берді.

Аталған тапсырма бойынша облысымызда біршама істер атқарылып жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға облыс бойынша биылғы жылы – 2 млрд. 440 млн. 982 теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде басқарма бойынша 1 млрд. 94 млн. теңге, ал, қалалар мен аудандарға 1 млрд. 346 млн. 982 мың теңгеден шықты. Бөлінген қаржыға сәйкес 8 мыңға тарта баланы қамтуды жоспарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда бала саны 14 мыңға дейін өсіп отыр. Яғни, қаржыға қосымша қажеттілік 1 млрд. 251 млн. теңгені құрап отыр. Ал, осы бөлінген қаражатқа сай өңірімізде 456 мыңнан астам адамды қамтыған 1402 дене шынықтыру және спорттық ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар, жергілікті деңгейде оқушылар мен жасөспірімдердің бос уақытын қамтамасыз ету мақсатында да 33 404 адамды қамтитын 46 спорт мекемесі (оның ішінде 2 – жоғары спорттық шеберлік мектебі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы, Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжі) де өз жұмысын қарқынды атқаруда, – деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының есебіне сүйенсек, спортпен шұғылданатын жастар саны бүгінде 69809 адамды құрайды. Ал, жылдың соңына дейін алда тұрған жоспарда оны 71931-ге арттыру бар. Жұмыс дәл осы қарқынмен жалғасса, жыл аяғына дейін бұл жоспар да орындалады деген ниеттеміз. Сонымен қатар, өңіріміздің білім ошақтарында 82298 баланы қамтитын ірілі-ұсақты 4358 спорттық секция бар. Ал, колледждерде 16411 баланы қамтыған 431 секция болса, жоғары оқу орындарында 13667 түлекке 126 спорттық орын бар екендігі де қамтылды баяндамада. Бұл дегеніміз – бүгінгі таңда қарағандылықтардың спортпен айналысуға пандемиядан кейін мүмкіндігі жоғары деген тұжырым. Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдерді спорт секцияларына тарту мақсатында мемлекеттік тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылуда. Спорттың 24 түрінен 167 спорт секциясы ашылып, онда 13 702 бала тегін жаттығуда.

Сондай-ақ, облыс басшысы өңірлерде бұқаралық спортты дамытуда спорт нұсқаушыларының үлкен үлесі бар екенін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда облыс бойынша 388 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Оның 143-і ауылдық жердегі нұсқаушылар. Әрине, бұқаралық спорттың даму сатысындағы бір маңызды мәселе осы емес пе? Осы тұрғыда аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қала, аудан, ауылдардағы спорттық нұсқаушылар жалақысын өсіріп, оларға балаларды ерекше ынтамен дайындауға жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Бұл мәселе спорттық инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде және жалпыға бірдей қолжетімді болуына да байланысты. Берілген есепке сүйенсек, қазіргі таңда облыста 3280 спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның 1267-сі ауылдық жерлерге тиесілі. Дегенмен, салынған ғимараттар әлі де толық қажеттіліктен арылған жоқ. Мәселен, дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріне қажеттілік 9 спорт кешенін құраса, бассейндерге қажеттілік 25-метрлік 74 бассейнді құрайды. Бүгінгі таңда Ақтоғай, Бұқар жырау, Осакаров, Ұлытау, Шет, Қарқаралы аудандарында бассейндер мүлдем жоқ. Ал, Шахтинск және Қаражал қалаларында енді салынып жатыр. Салынған спорт залдар мен бассейндердің көлемдері құрылыс талаптары мен ережелеріне сай келмейді. Бұл өз кезегінде оқу-жаттығу сабақтарын сапалы өткізуге кедергі келтіретіні сөзсіз. Осыған орай өңірлердегі спорт мамандары мен тұрғындар тарапынан көптеген сын-ескертулер келіп түсуде. Мұны көрмей, естімей жүргеніміз жоқ.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қалалар мен аудандар әкімдіктері құрылысты жоспарлау барысында жобаларды өкілетті органдармен келістірулері қажет. Жобалардың қате жоспарлануы қосымша шығындарға және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға әкеліп соғады. Бұқаралық спортты дамыту бағытында тек спорт нысандарын салып, олардың санын арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға тартуға мүмкіндік беретін бұқаралық шараларды көптеп өткізу қажет, – деді облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button