Облыс әкімі

Бұқаралық спорттың бұйымтайы көп

Биыл бұқаралық спортты дамытуға облыс бойынша 3 млрд. 246 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның 1 млрд. 346 млн. теңгесі қала мен аудандарға тиесілі. Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен қоғамдық кеңесі отырысында мәлімдеді. Сондай-ақ, кеңесте шағын қала мен ауылдық жерлердегі спортты дамыту мәселесі мен спорт нысандарын қаржыландыру жолдары талқыланды.

Өңірде спорт нысандары жеткіліксіз

– Бұқаралық спортты дамытуға әсер ететін негізгі жобалардың бірі – мемлекеттік спорттық тапсырыс. Спорттың 26 түрінен 173 секция ашылып, онда 8 961 бала тегін жаттығуда. Жыл басынан бері осы жобаға 1 млрд. 919 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда облыста 2 782 спорт ғимараты жұмыс істесе, оның 980-і ауылдық жерлерге тиесілі. Облыс бойынша соңғы үш жылда құрылыс қарқыны өте жақсы жүргізілсе де спорт нысандарына қажеттілік әлі де байқалады, – деді Темірхан Абылаев.

Қазір өңірге жеті спорт кешені мен 25 метрлік 72 бассейн қажет. Ал, Ақтоғай, Бұқар жырау, Осакаров, Шет пен Қарқаралы ауданында бассейн мүлдем жоқ. Жасанды жабыны бар 132 спорт алаңы, 88 көпфункционалды хоккей корты мен 406 стрит-воркаут алаңы қажет. Жыл соңына дейін қала мен аудандарда 85 ашық спорт алаңының құрылысы жоспарлануда.

– Жыл сайын қала мен аудандарда спорт алаңы мен хоккей корттары бой көтергенімен, олардың басым бөлігінің меншік иелері анықталмай, иесіз қалып отыр. Бұл мәселені бірнеше мәрте көтерсек те, күні бүгінге дейін толық шешімін таппай отыр. Мәселен, облыстағы жасанды төсеніші бар 383 спорт алаңының тек 230-ның ғана меншік иесі бар. Ал, 205 хоккей кортының – 126-ында, 43 стрит-воркаут алаңының – 29-ында ғана меншік иелері бар. Жалпы алғанда 631 ашық спорт алаңының 385-нің меншік иесі жоқ. Қала мен аудан әкімдері спорт алаңдарының баланс ұстаушыларын анықтау бойынша жұмысты жандандырып, толықтай жүзеге асыруды қамтамасыз етуі қажет. Себебі, иесіз спорт алаңы мен хоккей корттарын лайықты деңгейде күтіп ұстау үшін бюджеттен қаржы бөлінбейді, – деді басқарма басшысы.

Көкпардан кәсіби клуб құрылады

Қоғамдық кеңесі отырысында Ұлттық спорт түрлері де жан-жақты талқыланды. Облыста тоғызқұмалақ, саят, бәйге, жекпе-жек, қазақ күресі, асық ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар, жамбы ату сынды спорт түрін дамыту қолға алынуда. Нәтижесінде Ұлттық спорт түрімен шұғылданушылардың саны 45 311 адамға жеткен.

– Қазіргі уақытта көкпар, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату, бес асық тәрізді ұлттық спорт түрлері жастардың ерекше қызығушылығын туғызып, бұқаралық сипатқа ие болып отыр. Осыны ескере отырып, былтырғы жылы аудандық спорт мектептеріне көкпардан жаттықтырушылардың 7 штаты бөлінді. Биыл қазақ күресі, садақ және жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, көкпар, жекпе-жек спорт түрі бойынша жаттықтырушылардың 17 штаты бөлінді, – деді Темірхан Серікбайұлы.

Сондай-ақ, Қарағандыда жаңа Ипподром бой көтермек. Тау спорты мен велоклубтың жұмысы жанданады.

– Ипподром ашу үшін Үштөбе ауылының әр жағынан жер қарастырылып, құжаттарды рәсімдеуге қаражат бөлінді. Құжат дайын болған соң көктемге қарай бюджетті нақтылай жатамыз. Келер жылдан бастап көкпардан кәсіби құрама құрылып, алғаш рет қаражат бөлінетін болады, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалады

Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Басқарма басшысының дерегіне сүйенсек, өңірдегі 55 373 мүмкіндігі шектеулі жанның 24 591-і ғана спортпен шұғылдануға денсаулығы жарайды екен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында биыл 49 млн. теңге бөлінген. Соның ішінде, аутизммен ауыратын 90 баланы жүзуге үйрету үшін 10 жаттықтырушы тағайындалыпты.

Аталған жоба келер жыл да жалғасады. Бұл жолы балалар санын 60-қа жеткізіп, жаттықтырушы санын 5 адамға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін қосымша 11 млн. теңге қаржы қажет. Бұған қоса мүгедектер спорты бойынша мамандандырылған спорт мектебіне қосымша 12 жаттықтырушының штаты бөлінді, – деді Темірхан Серікбайұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button