Руханият

КВИНТЭССЕНЦИЯ ақын Дәуітәлі СТАМБЕКОВ өмірінен фрагменттер

1969 жыл. 1 қыркүйек. Таңертеңгілік мезгіл. ҚазГУ-дің бас корпусы. Киров пен Панфилов көшелерінің қиылысындағы осы ғимарат алдында біздің тұрғанымызға көп болған. Біздің дегеніміз, содан 10 күн бұрын ғана мұндағы журналистика факультетіне қабылданған 1-курс студенттері. Жиналғандағы мақсатымыз – қазан айындағы оқу семестрі басталғанша, Талдықорған облысындағы күзгі ауыл шаруашылығы жұмысына қолғабыс етіп қайту.
– Бес адам жоқ, – деді тізімге қарап қабағын түйген кураторымыз Әбілфайыз ­Ыдырысов. – Болды енді. Күте алмаймыз оларды. Қане, көлікке отырыңдар!
Курстастарымыз автобусқа лап қойып, салонға кіре бастағанда, Бас почтамт жақтан жүгіріп келе жатқан бір жігіт көрінді. «Кімсің?» деді алдыңғы есік тепкішегіне аяқ арта берген оған кураторымыз. «Атым – Дәуітәлі. Фамилиям – Стамбеков. Осы курстың студентімін» деп жауап берді алқына тіл қатқан ол. Даусы ашық. Саңқылдап тұр. Қимыл-қозғалысы да ширақ. Түймедей дөп-дөңгелек көздерін айтсаңшы!.. Көп ешкімде кездесе бермейтін өткір де тұнық жанар! Оған қорғасындай құйылған орта бойлы мығым денесі мен маңдайындағы толқындана төгілген әдемі шашын қосыңыз. Міне, осылардың бәрі өзіне керемет жарасып тұр.

Байқаймыз, оның келуімен көлік іші көңіл­деніп сала берген сияқты. Олай дейтініміз, әне, курсымыздағы ересектер тобы бір-бірімен қол алысып, таныса бас­тады. «Старшина Әбусаттар Тұрғанбеков» деді өзі де, сөзі де келісті бір ағамыз. «Приволжье әскери округі футбол командасының бұрынғы жартылай қорғаушысы, кіші сержант Келеке Құсайынов» деп дауыстады мына жақтан жауырыны қақпақтай қараторы жігіт. «Болса болар» дейміз биыл ғана мектепті бітіріп оқуға түскен артқы жақтағы біздер оның кеудесіндегі «КСРО спорт шеберлігіне кандидат» деген белгіні көріп. «Ал мен шекара әскерлері құрамында үш жыл қызмет еткен ефрейтор Айтмұқаш Сәдуақасов боламын» деді сол алдыңғы жақтан гүж еткен келесі бір дауыс.

Олар бір-бірімен осылай танысып болғаннан кейін емен-жарқын әңгімеге көшті. Осылай біраз уақыт өткен. Сол кезде үш-төрт жігіт Айтуған Шәйімов атты ағамыздың рюкзагы аузынан мойны қылтиып шығып тұрған қолтоқпақтай Жамбыл домбыраны көріп, соған үйірілгені. Біреуі оны суырып алып күй тартпақшы, екіншісі ән айтпақшы болып еді, бұл талпыныстары сәтсіздеу шықты да ел оларға онша елең ете қоймады. Ал домбыра Дәукең, Дәуітәлі ағамыздың қолына тигенде, аспап үнінің өзгеше ойнап шыға келгені! Оған қосылып әсем сазды ән кетті дейсіз автобус ішін тербеп. Алдымен «Бір келіншек…» айтылды. Оған ду етіп қол соққанымызда, «Ақбақай» кетті асқақтап. Содан кейін «Әудем жер»… Жол үстіндегі тербелген осындай ән үнімен Шең­гелдіден өткеніміз есімізде. Одан Арқарлы асуына жақындағанымыз жадымызда. Бұдан соң, Жаркентке жеткенімізде Дәукеңнің «Қанатталды» қайырмасын қалықтатып тұрғаны күні бүгінгідей көз алдымызда.

Мұндағы айтайық дегеніміз, құрметті оқырман… Кейін есімі елге елеулі жыр дүл­дүліне айналатын Дәуітәлі Стамбековті курс­тас достары біздердің ең алдымен оны ғажап әнші ретінде танығандығымыз еді.

* * *

…Кеш бата көшелеріндегі электр шамдары самаладай жарқыраған бір ауылға келіп кірдік. Бұл өзіміз келе жатқан облыстың Панфилов ауданына қарасты Калинин колхозы екен. Басқарма төрағасы Біләловтің ку­раторымызға айтқаны: село тыныш, адам­дары тәртіпті. Сырттан келгендерге тиісіп, шырқ бұзатын тентектер жоқ. Қазақ, ұйғыр, дүнгендер мекендеп, еңбек ететін шаруашылық жүгері егіп, соны мемлекетке өткізумен шұғылданатын болып шықты.

Осыны айтқан ол кісі жатақхана мен асхананы көрсетіп, таңертеңнен бастап жұмысқа шығатынымызды ескертті. Қараймыз, жататын жеріміз колхоздағы күзгі жиын-терін аяқталған соң ондағы егіс бригадаларының күрек, тырма, айыр мен кенеп қаптарды әкеліп қоятын қоймасы болып шықты. «Сту­денттер көмекке келе жатыр» деген хабардан соң, оның іші-сырты сыланып, әктелген. Сөйткен де қарама-қарсы ұзын қос қабырғаға тақтайдан нар жасалып, оларға ішіне сабан толтырылған 40 шақты матрац тасталған. Алғашында біз мұны қораш көріп, ошарыла тұрып қалғанбыз. Бірақ тәуекел деп орналасқан соң оның жайсыздығын тез ұмытып кеттік. Өйткені бәріміз бір жерде екенімізді білдік. Бірге жүріп-тұраты­нымызды сездік. Ал бұл дегеніңіз томаға­тұйықтықтан арылып, көпшіл болуға, түрлі қызық әңгіме мен ой-пікірге жол ашуға себепкер болатыны анық-тын.

Соның бір көрінісі мәселен мұндағы «поэзия кеші» еді. Ол кейбір курстаста­ры­мыздың колхоз клубындағы түнгі кино болмай қалған күндері іштері пысып, жатақханадағы өлең оқуларынан басталды. Келе-келе оларға басқалары қосылды. Байқаймыз, төңірегіміздегілердің бәрі ақын сияқты. Өлеңге талабы барлардан осыған дейінгі білетініміз Тұрсын Жұртбаев еді. Себебі абитуриенттердің: «Ертең, емтихан басталады» деп жүректері дүрсілдеген 31 шілдеде «Лениншіл жас» оның жыр жолдарына сәт сапар тілеп, бәрімізді таңғалдырған болатын. Бірақ ол әр кеш сайын өтіп жатқан мына ­«поэзия кешіне» үндемейді. Курстастарымыздың «Күн көсем», «Бастаушымыз – партия», «Мен – комсомолмын!» деген өлеңдерін тыңдайды да тұнжырап отырып қалады.

Осындай күндердің бірінде даладағы ауа райы бұзылды. Оны ертерек байқаған бригадир жүгері алқабындағы бізді жүк машинасына асығыс мінгізе бастады. Айтқаны: «Мұнда жаңбыр жауса, селдетеді. Найзағай ойнап, жел күшейеді. Аспаннан жай түсіп, адамдарды жазым етуі де мүмкін. Сондықтан ауылға жетіп, жатақханадан шықпағандарың жөн». Көлік үстінде келе жатып байқадық, расында бұл солай екен. Алдымен алыстағы Жоңғар Алатауының ұшар басын киіздей ұйысқан жабағы бұлт торлады. Одан соң оның бір тармағы Шежін тауы аңғарын бозғылт тұман жапты. Бұл бізге жақын-тын. Сол-ақ екен ­дауыл тұрып, жер дүниені көшіре күн күркіреді. Бұршақ аралас жаңбыр да сатырлай жауып, оның салған әлегі елді мекендегі адамдар ғана емес, анау тау бөктеріндегі мал мен жан-жануар, аң-құс атаулыны бір тарының қауы­зына сыйдырғандай күйге түсірді де жіберді.

Содан не керек, берекеміз кетіп, жатақханаға да жеттік-ау. Үсті-басымыздағы малмандай су киімдерімізді ауыстырып, көңілсіз күйде күбірлесіп отырмыз. Бір жақсысы мұндағы электр жарығы өшпеген екен. Жарқырай жанып тұр. Соны медеу тұтты ма, қарсы жақтағы Дәукең, Дәуітәлі ағамыз қаламын қолына алып, қойын дәптеріне шұқшиды да қалды. Міне, ол қабырғаға арқасын тіреген күйі бір нәрсені жазуға кірісті. Одан жантайып, қағаз бетіне қайта-қайта үңілді. Ара-тұра етбетінен жатып, жазғандарын күбірлей оқып қояды. Кешкі астағы стол басында да алакөңіл болып отырды. Ойы басқада. Жүріс-тұрысы да күнделікті қимыл-қозғалысына ұқсамайды. Өзгеше. Құдды басқа әлемде жүрген жан секілді.

Іңір қараңғылығы түсіп, шам жамы­рағанда іші пысқан жігіттер күнделікті өтетін «поэзия кешіне» қам жасай бастаған. Сол уақытта: «Әй, Тілеш! Тоқтай тұр, – деді көзі оттай жанған Дәукең. – Мен бүгін бір өлеңді өмірге әкелдім. Төрешісі өздерің болып, тыңдасаңдар деймін».

Осылай деген ол алғашқы шумақты ашық әрі нық дауыспен мәнерлеп оқи бастады. Біз сілтідей тындық. Ғажап! Тура бүгінгі табиғат көрінісі. Жаратылыс әлемінің ондағы құбылмалы мінезі. Сол суреттен туындаған буырқанған бұлқынысқа толы ақын сезімі… Одан бері қаншама жылдар өтті. Бірақ Дәукеңнің әлгі өлеңі, одан алған астан-кестең көңіл күй әсері әлі жадымда. «Тау суреті» деген атқа ие ол туындыда мынадай шумақтар бар-тын. «Найзағайдың жарқылы сілтеп тиіп, Жамылғысын тұр таулар бүркеп киіп. Баурайында барады оқша атылып, Үйірінен адасқан үркек киік. Тоғайдағы жатқандай барыс ұлып, Әкетеді әр үнді қамыс іліп. Тәтті екен ғой апыр-ай, мынау өмір, Жалғыз тірлік барады жанұшырып. Тауды бұлттар жұмарлап илейтіндей, Ақырғы рет ақ бұлақ билейтіндей. Найзағайдан жасқанған жас киіктің, Тасқа мүлде тұяғы тимейтіндей. Жана­рының жас парлап аласы үдеп, Қалмады өмір жарығы шамасы көп. Еш саясыз қалады осындайда, Бас сауғалар тірлік-ай, панасы жоқ. Найза­ғайдың жарқылы сілтеп тиіп, Тұр таулар жамылғысын бүркеп киіп, Баурайында барады оқша атылып, Үйірінен адасқан үркек киік».

«Ой, бәрекелді!» деді қойын дәптерінің бетін жаба берген Дәукеңе жанында малдас құрып отырған Айтуған Шәйімов. «Міне, нағыз өлең» деп үн қатты мына жақтан Нескең, Несіпбек Айтов. «Поэзиялық туынды дегеніміз осындай болады». Бұл – Тұрсын Жұртбаевтың даусы.

Осыдан бастап өздері ұйымдастырған «поэзия кештерінде» оңды-солды өлең оқитын курстастарымыздың үні шықпай, сап тиылды. Әсіреқызыл тақырыпқа құрылған ұраншыл «тақпақтары» үшін өз-өздерінен ұялған олардың қатары ауыл шаруашылығы жұмысы айлығынан Алматыдағы оқуға қайта оралғанша-ақ айтарлықтай азайып қалды. Бұл аталмыш «творчество иелерінің» ­поэзия деген құдіретті өнер екенін, оның тума перзенті өлеңнің сөзден сөйлем құрап жасалмай, құйылып түсетін қасиет болып табылатынын түсіне білгендіктерінің белгісі еді.

Осы өмірлік мысал арқылы айтпақ ойымыз, қадірлі қауым… 1969 жылғы сол бір күзде біздер курстасымыз Дәуітәлі Стамбековті жоғарыдағы бір өлеңі арқылы-ақ ақын, ақын болғанда да ұлт поэзиясының талантты да тегеурінді өкілі ретінде танығандығымыз еді.

* * *

Алматыдағы қызығы мол студенттік күндер… Айлар мен жылдар… Сондағы уақыт тегершігі жүрісіне ілесіп, 1-курсты бітірдік. Мезгіл дөңгелегімен айналып отырып 2-ші жылды да артқа тастадық. Ал 3-ші белеске иек артқанымызда арамыздан үркердей болып дара дарындар шоғыры шыға бастады дейсіз. Олар: Жүрсін Ерманов, Несіпбек Айтов, Дәуітәлі Стамбеков, Асқар ­Егеубаев, Тұрсын Жұртбаев, Бақытжан Майтанов, Намазалы Омашев еді. Осылардың ішіндегі Дәуітәлі ағамыздың болмысы бөлек-тін. Олай дейтініміз, біріншіден, бұл кісі лекцияға қатысып, сабақ оқу, семинарға әзірленіп, коллоквиум тапсыру дегенге о бастан-ақ бас ауырта қоймады. Бірақ қалай сынақ немесе емтихан басталады, олардан еш қиналыссыз өтеді де кетеді. «Мұның сыры неде?» деп таңданбаймыз ба. Сөйтсек, ағамыз осы КазГУ-ге дейін КазПИ-де де оқыған екен. Сонда, яғни филология факультетінде жүргенде кездейсоқ оқиға болады. Ол Алматыдағы орталық парктің би алаңындағы төбелес еді. Қазақ қыздарына тиіскен кавказдықтармен сол алыс-жұлыста қатты қимылдаған Дәукеңді қарсыластарының бірі есінде ұстап қалады. Төбелес біткеннен кейін тісі сынып, мұрны бұзылған армян жігіті милицияға арызданады. «Нәтижесі…» белгілі. Сол замандағы «ұлтаралық наразылық отын тұтандырушы» деген айыппен біздің кейіпкеріміз институттан шығарылады.

Содан Дәукең туған жері Қарағанды облысына қайтады. Сондағы Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде екі жыл жұмыс істейді. Ал КазГУ-дің журфа­гын­дағы біздің қатарымызға қосылуы осыдан кейінгі кез екен. Сондықтан да оның лекция, семинарларға көп алаңдамай, оқытушылармен тең дәрежеде сөйлесіп жүруі заңды нәрсе еді. Өйткені жоғары оқу орнындағы аудитория атмосферасы мен ­педагогтер психологиясы оған таныс-тын және біз өліп-өшіп әзірленетін тарих, философия, ғылыми коммунизм мен шетел әдебиеті, содан кейінгі қазақ, орыс тілдерінің жоғары курсын ол бұрын КазПИ-де оқыған болатын. Мұның сыртында ақын ағамыздың өзгелерге қарағанда «алиби» деп айтарлық екінші бір ерекшелігі бар еді. Ол оның тумысынан біткен тәуекелшілдігі мен батылдығы деуге болады. Осы жүректілігі арқылы ұстаздармен әзілдесіп, ұтқыр да ұтымды ой-пікірлерімен сөзден тосылдырып, кей жағдайда тіпті бірбеткейлігімен сес көрсетіп, қысқы, жазғы сессиялардан жеңіл өтіп кетіп жүрді.

Сес демекші… Журфакта Манасбаев деген оқытушы болды. «Стилистика» пәнінен сабақ беретін. Сол ағамыз сынақ тапсырып отырған Дәукеңнің жауабына қанағаттанбай ал кеп ұрыссын. Мұндайға шыдайтын Стамбеков пе?! «Неге дауыс көтересіз? Университеттің доценті деген дардай атыңыз бар. Ұят емес пе, бұл сізге» деп бір тұқыртып алды. Сөйтті де: «Ал білмедім дейік. Бірақ мұны бүгін білмегеніммен, ертең редакцияға барғанымда үйреніп, меңгеретінім анық қой. Себебі оны сіз емес, сондағы өмірдің өзі-ақ түсіндіретіні сөзсіз. Сол үшін баға қоймай, пәтер жалдап жүрген бізді стипендиядан айырмақсыз ба? Оқимыз, адам боламыз деген қазақтың баласы едік. Талабымыздың тауын шағып тұрсыз. Осыңыз өзіңізше дұрыс па?». Оқытушымыз әпенділеу мінезді жаңғалақ кісі еді. Шошып кетті. «Қой, қарағым… Қой. Ашуланба. Менікі жайбарақаттыққа салынбай, етек-жеңдеріңді жиып жүрсін деген ағалық ақыл ғой. Мә, сынақ кітапшаң. Зачет қойдым» деп қалбалақтады да қалды.

Дәукең университетте өзінің туа бітті бірбеткейлігімен тарпаң жылқы – асау ат секілді мінез танытып қойып, міне, осылай еркін жүрді. Бұған қарап кім-кім де ол сабаққа салғырт, лекцияларға атүсті қа­раған жан екен ғой деген ой тумаса керек. Кейіпкеріміз оқитын пәндерді оқыды. Ал сол кездері факультеттегі мето­дика кешенді болсын деген ұғыммен бағ­дар­лама кестесіне кіріп кеткен, сөйтіп әйтеуір оқу үшін оқу керек сыңайындағы сабақтарға көңілі соқпады. Сондықтан көбінесе 60-жылдардың басындағы осында оқыған Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғалиев ағаларымыз қалыптастырып кеткен әдіске еліктеді. Ол өз бетінше ізденіп, әрекеттену еді. Бұл бірден-бір дұрыс қадам-тын. Мұны 1970 жылдың көктеміндегі біздің курс студенттерімен кездесудегі жазушы Мұхтар Мағауиннің айтқан: «Осында отырған мына ұстаздарыңыздың көңіліне келмесін әрі мені кешірсін. Білім әлемі мұхиттағы бір бөлігі су бетінде, ал қалған алты бөлігі су астында тұрған айсберг сияқты. Жоғары оқу орнындағы бес жылда мұндағы оқытушылар сіздерге сол алып мұздың айдын бетіндегі көрінген бір бөлігіндей ғана ілімді береді. Ал айсбергтің су астындағы қалған алты бөлігіндегі қазынаға өздеріңіздің жеке ізденістеріңіз бен ұмтылыстарыңыз арқылы қол жеткізесіздер» деген сөзінен толық түсініп, ұғуға болар деп ойлаймыз.

Студент Дәукең, міне, алдыңғы толқын ағаларымыздың осы ақылына ден қойды. Сол жолды ұстанды. Сөйтіп журфактағы бірін-бірі қайталайтын сабақтарға кететін уақытты басқа бағытқа жұмсауды дағдыға айналдырды. Ол Алматыдағы әдеби ортаны көріп, қатысып, аралауға ұмтылу еді. Осы мақсатпен «Лениншіл жас» газетіне жиі баратын. Онда өлеңдерін қалдырған соң, араға уақыт салып, Қазақ радиосындағы «Ұшқын» жастар бағдарламасы редакциясына жол тартатын. Ойы – жаңа жазған жырларын эфирге шығаруға талпыну. Кейіпкерімізге сондай-ақ біз оқуға түскен 1969 жылғы күзде тұсауы кесілген «Жалын» альманах журналы да жат емес еді. Оны курстасымыз өлеңдерінің мұнда жиі жарияланғанынан байқауға болатын. Бұдан бөлек Дәукең қаладағы сол кезгі атаумен алғандағы КазПИ, ЖенПИ, СХИ секілді жоғары оқу орындарындағы мәдениет пен өнерге құштар студенттер ұйымдастырған әдеби кештерге жиі барып, жастық шақ пен махаббат туралы өлеңдерін төгілдіре оқып қайтатын. Бертін келе мұндай рухани іс-шаралар Қазақстан Жазушылар одағында да өте бастады. Сонда ондағы мінбеге шыққан, алды 2, арты 1 кітабын шығарып үлгерген танымал ақындар Жарасқан Әбдірашев, Темірхан Медетбеков, Серік Тұрғынбеков және Иранбек Оразбаевпен ілесе біздің кейіпкеріміз, студент Дәуітәлі Стамбеков те өзінің өлеңдерін оқып жүрді. Осының бәрі оны уақыт санап Алматыдағы әдебиет сүйер қауымға жақындастыра түсті.

…Біз 3-курсқа келгенде одақта ерекше бір жиын болды. Ақсақал ақындар арнайы қатысып, көркемдік кеңес сияқты пішінде өткен бұл басқосудың мақсаты осы кеште өздерінің оқыған ең таңдаулы туындыларымен оза шапқан таланттарды іріктеп алып, олардың жыр топтамаларынан ұжымдық жинақ шығару екен. Міне, Ғали Орманов, Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин мен Сырбай Мәуленов және Мұзафар Әлімбаев сарапшы болып отырған ағалардың алдынан бір-бір өлеңін оқып Шөмішбай Сариев, Ерлан Бағаев, Нәсіпқали Сейітов өтті. Кезек Дәуітәлі Стамбековке келді. «Бұл өлеңнің аты «Өмір» деп аталады», – деді ол жөткірініп қойып. Сөйтті де төмендегідей жыр жолдарының түндігін желпілдетіп оқи жөнелді. «Биіктей берсе басқышың, Жұрт жақсы, сен де жақсысың. Ар үшін біреу өледі, Өледі біреу ақша үшін. Уақытта осынау қас-қағым, Бақыт та сондай шап-шағын. Басқаны біреу ойлайды, Ойлайды біреу бас қамын. Досыңа берген серт енді, Қияды, досым, желкеңді. Селтеңді біреу қоймайды, Ойлайды біреу ертеңді. Туған ел соны қолдайды, Азамат болмай болмайды. Ойлайды біреу жамандық, Заманды біреу ойлайды. Өмір деп біздер қарманып, Өмір деп қарап қалмадық. Жан бағып біреу жылайды, Жылайды біреу алданып. Заманды билеп барады, Адамның екі қабағы. Жүреді біреу ақ киіп, Жамылып біреу қараны. Біреуді мәңгі жол алып… Келеді біреу оралып. Табылып біреу жатады, Кетеді біреу жоғалып. Бәріне ашып берді есік, Көтеріп өзі жер-бесік. Жүреді күнде мың рет, Өмір мен өлім белдесіп. Түсетін кейде шаншылып, Қателіктер де баршылық. Шабуыл жасайды адамдар, Көрсетеді өмір қарсылық».

Мына өлеңді тыңдаған залдағы жұрт дүр ете түсті. Қол соқпаған, риза болмаған жан жоқ. Төрдегі орнынан түрегелген Сырағаң, Сырбай Мәуленов: «Дәуітәлі сіздер тыңдаған туындысы арқылы жазуға әбден төселген, өлең техникасын мықты меңгерген тегеурінді талант иесі екенін танытты, – деп күндей күркіреген даусымен лекіте сөз бастады дейсіз. – Оның шығармасындағы айтылған жәйттер шындық. Көтерген тақырыбы тың. Жыр шумақтарындағы серіппе секілді сөйлемдердің экспрессиялық қуаты ше? Айтайын дегенім, бүгін мен қазақ поэзиясына өзіндік үні, мінезі бар ақынның келгенін көріп тұрмын. Соған қуанайық, жарандар!»

Мұны еске алып отырғанымыз, қадір­ленді жамағат… Одақтағы осы кеште оған шақырылған ақсақал ақындар КазГУ-дің 3-курс студенті, албырт ақын Дәуітәлі Стамбековке ризалығын білдіріп, бата бергендігі. Мұны сол аға буын өкілдерінің кейіп­керіміздің көркемдік кеңесте көптеп жатқан өлеңдер топтамасын «Жазушы» баспасынан жарық көретін «Қана­тқақты» ұжымдық жинағына кіргізуге шешім қабылдағандарынан байқауға болады. ­Сосын… иә, содан соң сөз етейік дегеніміз… Жоғарыдағы жиында Дәукеңнің Алма­тыдағы рухани ортада танылып, ондағы талабы зор, талғамы биік әдебиет сүйер қауымның мойындағанына курстас достары біздердің куәгер болуымыз еді.

***

КазГУ-ді бітірген соң біздің, курс жігіттерінің біразы Алматыда қалып, газет-журналдарға қызметке орналаса бастады. Олардың қатарында Дәукең екеуміз де бар едік. Арасына 2-3 ай салып, біріміздің артымыздан біріміз дегендей «Лениншіл жасқа» келдік. Сөйтіп, ол жұмысшы жастар, мен комсомол тұрмысы бөлімінде жұмыс істедік. Бұдан кейін ағамыз «Қазақстан пионері» газетіне ауысты да біраз уақыттан соң «Жазушы» баспасына барды. Одан соң «Егемен Қазақстан»… Осы басылымдардың бәрі кейіпкеріміз үшін жаман болған жоқ. «Лениншіл жаста» жүргенде «Алтын бесік» атты өлеңдер кітабы шықты. «Қазақстан пионерінде» қызмет істеген жылдарында пәтер алып, отбасын қуантты. «Жазушы» бас­пасында еңбек еткен кезде «Нұрлы әлем» деген толғаулар мен балладалар жинағы жарық көріп, сол уақыттағы қалам иелерінің үкілі үмітіне айналған «Жалын» баспасы жабық бәйгесінің жеңімпазы атанды. Ал «Егемен Қазақстанда» қызмет атқарған уақытта «Бұлақтар даланы аңсайды» өлеңдер кітабын шығарумен қатар, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттығына ие болды. Сөйтіп, ол жоғарыдағы редакциялар мен баспада еңбек еткенде нағыз шығармашылықтың үлгісін көрсетіп, өте еркін жүрді. Елге еркелеп жүрді. Олай дейтініміз, Дәукең қызмет істеген бұл басылымдардың басшылары Сейдахмет Бердіқұлов, Фариза Оңғарсынова, Әбілмәжін Жұмабаев пен Нұрлан Оразалин оны түсіне білді. Себебі олардың өздері де үлкен творчество иелері еді. Сондықтан бұл аға-апалар ақынға қамқорлықпен қарап, оның кей сәттегі жұмысты «ұмытып», жүріп-тұрып кететін эмоциялық көңіл күйлеріне кең ұғым тұрғысынан қарады. Бұл – шындық.

Мұны айтып отырғаным, осы күндері сонау 70-80-ші жылдардағы таланттар ­туралы: «Оларға жағдай жасалмады. Жұмыс берілмеді. Кітаптарын шығаруға кедергі келтірілді» деген сөздер айтылып қалып жүр. Оны күбітетіндер көбінесе сол кезеңді көзімен көрмегендер. Яғни ел арасындағы «ертегі айтқыштарға» еліккендер. Ойлап қарайықшы, қиындық қайда жоқ. Рас, өмір болған соң ол сол кезде де болды. Уақытында пәтер ала алмауымыз… Жинақтарымыздың жарық көруінің кешеуілдеуі… Міне, оларды сол кезеңнің өкілдері біздер де көрдік. Бірақ университетті бітіріп, жұмысқа араласқан 5-8, асып кеткенде 10 жылдан кейін бәрі рет­теліп, аш та болмай, көштен де қалмай қа­тарға қосылып кеттік. Аталмыш мәселе, яғни, тұрғын үй жағдайы сол уақыттағы жалғыз газет-журнал, телерадиода істейтін қаламгерлер емес, Қазақстан Жазушылар одағында да мақсаткерлікпен қолға алынды. «Оны мұндағы Әнекең, Әнуар Әлімжанов басшылыққа келген 1970–1979 жылдардағы ілгерілеушіліктен байқауға болады, – дегені бар «Ақиқат» журналында бірге қызмет істеп жүргенімізде бізге жазушы Ахат Жақсыбаев. – Аталмыш кезеңде Алматыдағы Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысынан жаңа екі үй салынып, оған аға-ақын жазушылар қоныс аударды. Ал олардың босаған пәтерлеріне орта және кіші буын өкілдері кіріп, шексіз қуанышқа кенелді. Сөйтіп сол кездегі республика астанасындағы «КСРО Жазушылар одағының мүшесі» деген куәлігі бар үлкен-кішінің 75 пайызы үйлі болғаны бар. Ал қалған әріптестеріміздің әлеуметтік жағ­дайын одаққа 1981–1989 жылдары төра­­ғалыққа келген қос қайраткер Жұбан Мол­­да­ғалиев пен Олжас Сүлейменов шешіп берді».

Сондықтан деп тұжырайын ойымды. 70-80-ші жылдардағы ақын-жазушыларға қатысты кейбір қисыны келмеген қиындық­тардан трагедия жасауға болмайды. Онда сол кезеңнің тума таланттары Кеңшілік ­Мырзабеков, Шөмішбай Сариев, ­Тынышбай Рахимов пен Дәуітәлі Стамбеков және Есенғали Раушанов, Ибрагим Исаевты жұмысқа алып, оларға мүмкіндігінше жағдай жасаған газет-журнал басшылары мен одақ төрағаларының еңбегін елемегендігіміз. Ұмытқандығымыз. Қазір көбі өмірде жоқ аруақтарға обал жасағандығымыз.

…Дәукең, Дәуітәлі ағамызды соңғы рет көріп, жүздескенімізде есімде. Бұл 1999 жылғы ақпан айы еді. Оның алдында билік орындары мені Астанада ашылғалы жатқан қалалық газет жұмысын ұйымдастыруға жіберген. Соны 9 ай көлемінде аяқтаған соң «Егемен Қазақстан» бас редакторының орынбасарлығына тағайындалып, Алматыға қайта оралғанмын. Аз күннен кейін бүкіл редакция болып елордаға көшпекшіміз. Соның ию-қию тірлігімен отырғанымда бөлмеге Дәукеңнің кіріп келгені. Бір-бірімізді көптен көрмеген едік. Құшақтаса кеттік. Үй-жай, бала-шағаны сұрап жатырмыз. «Бірінші, – деді ағамыз орындыққа отыра бере, – өзіңді құттықтауға келдім. Екінші, Арқа төсіне аттанғалы жатыр екенсіңдер. Көш көлікті болсын! Үшінші, баяғыда «Лениншіл жаста» бірге істеп жүргенде, одан «Халық кеңесіне» ара-тұра соққанымда, ылғи мақала қорытып, оқырман хаттарын өңдеп, авторлардың күлдібадам дүниелерін жаман-жасқап отырушы едің. Сөзден сөйлем құраған сол ауыр тір­лігің есіме түскен мен осыдан 4 жыл бұрын өзіңе деп өлең жазған болатынмын. Бұл арнау емес. Сюжетті поэзия тіліндегі басқа форма, маз­мұнмен сөйлеттім. Соны өзіңе оқып беріп, тап­сырайын. Қабыл ал. Ескерткіш болсын».

Осыны айтқан Дәукең өлеңді оқи бастады. «Жұмыскер сөздер» деп аталатын ол туындының өн бойы мынадай шумақтармен өрілген еді. «Ойларымды қозғап тұрып тереңнен, Ақ қағазға өрнек салам өлеңмен. Әр сөзіме жұмыс беру арқылы, Әрқайсының тіршілігін көрем мен. Бәрі куә, бар табиғат – айналам, Солар мені шынықтырған, қайраған. Көркем сөздер түрлі-түрлі әу баста, Өздеріне мені патша сайлаған. Әрбір сөздің өз мінезі бар қызық, Біреулері қол сілтесе сәл қызып. Тапқырлары бар ақынын қинамай, Қиып жерден шығаратын жол бұзып. Өз-өзінен буырқанып, томсарып. Қабақтарын түйіп алып, қарсы алып. Оқта-текте ұрынуға тіленіп, Бүлік іздеп тұратыны қаншалық. Барлығы да тумаған-ау осалдан, Кейбіреуі қызыл тастап қашалған. «Сен тұра тұр, мен көрейін» дейтіндей Қаһарманы толып жатыр «асау жан». Бәрінде де бар демеймін қызу қан. Сұлуы бар, сырбазы бар ызылған. Ұсынамын жаны нәзік жандарға, Әдемісін қыздай болып сызылған. Қайсыбірін өзі сұрап тілеген, Қапысыз-ақ қылығынан білер ең. Небір қиын мінездісі бар менде, Қыр­сық­тарға осыларды жіберем. Мына күнде қабағы тарс түнерген, Не жақсылық күте аласың бұл елден. Инабатты, ізеттісін іріктеп, «Ауыл-елдің халін біл» деп жібергем. Достарым бар, бұл сөзімді қолдайды. Мен оларды, олар мені қорғайды. Жұмыссыздық жайласа да бұл елді, Бізде ешқашан жұмыссыз сөз болмайды!»

Осыдан кейін Дәукең үйіне қайтуға жиналды. «Мына өлеңдер, – деді бір бума қолжазбаны маған ұстатып, – саған аманат. Елордаға көшіп барып орныққан соң газетке асықпай берерсің». Сол кезде хатшы қыз келіп, мені бас редактордың «Полиграфист» мәдениет үйіндегі жиналысқа барсын деген хабарын жеткізді. Ағамыз екеуміз сыртқа бірге шықтық. Қоштастық. Мен Жібек жолы 50-дегі ескі ғимаратқа, ал ол кісі Гоголь 39-дағы корпустың арт жағындағы автобус аялдамасына тартты.

Астанаға көшіп келген соң жұмыс көбейіп кетті. Үкімет үйіндегі жиналыс. Парламент комитеттеріндегі отырыс. Министрлік сұратқан түрлі қағаздарды жанталаса әзірлеу. Мұнымен қатар күнделікті шығатын газет нөмірін жоспарлап, соның жіп-шуын жинақтау. Осы қат-қабат тірліктің арасында Дәукеңнің өлеңдер топтамасын ойлап қоямын. Ресми дүниелер сыймай жатқанда ұсыну ыңғайсыз. «Шілде айында, – деймін ішімнен. Сонда науқан саябырлағанда…». Осылай 3 ай өтті. 6 маусым күні: «Дәукең қайтыс болды» деген суық хабардың келгені. Төбемнен жай түскендей жағдайда қалдым. Ойыма ақынның маған тапсырған өлеңдері оралды. Көңілім алай-дүлей. Осы кейіппен бас редактор Ержұман Смайыл ағамызға бардым. Айттым. «Бекер істегенсің, – деді ол кісі. – Адам баласымыз ғой. Түсіністікпен қарайтын едік. Бірақ әлі кеш емес. Ол өлеңдерді марқұмның қырқына орайлас­тырып берейік. Ақын аманатын сөйтіп орындайық».

Ақыры солай болды. Аталмыш өлеңдер топтамасын арнайы жазылған аңдатпамен сол жылдың 10 шілдесі күні газетке жарты бет етіп бердік. Мұндағы айтайық дегеніміз, халайық… Бұл жырлар Дәукең, Дәуітәлі Стамбековтің қазақ баспасөзі беттерінде жарияланған ең соңғы дүниесі еді.

…Сөзіміздің соңында мынаны айт­пақшымыз. Әдеби сөздіктер мен анықта­малықтарда квинтэссенция деген термин бар. Мұның мағынасы негіз дегенге ­саяды. Оған өмірлік тұрғыдан алғандағы түсініктірек ұғыммен жауап берер болсақ былай. Әбекең, Әбіш Кекілбаев 1970 жылғы күзде «Дружба народов» журналының ­Тбилисиде өткен көшпелі мәжілісіне қатысты. Сонда жазушы қазақ әдебиетінің жаңашыл жақтарын сөз ете келіп, оларды нақты мысалдармен бекітіп отырды. Соның бірі: «Олжас Сүлейменовтің «Арғымақтар» атты өлеңдер кітабы 60-жылдардағы творчествосының квинтэссенциясы» ­деген сөз еді. Демек, шығарманың негізі, автордың ұстанымы деп меңзегені ғой. ­Объект контексіне қарай ол түйін, өзек ұғымын да білдірері анық. Бұдан мән-мағына, мазмұн дегеніміз де алыс емес сияқты. Осыны сөз еткенде: «Ақын Дәуітәлі Стамбеков… Оның өмірі… Тағдыры… Шығар­машылығы… Солардың белгі-бейнесі болып табылатын олардағы квинтэссенция неде?» деген сұрақ ойға оралмай қоймайды. Білетініміз, ол намыстың адамы еді. Еркіндіктің иесі-тін. Болмысынан бар батылдық оны өзгелерден ерекшелеп тұратын. Ал аузын ашса көмейі көрінетін аңқылдақ, ақжүрек адалдығы ше? Ең бастысы, ол өлеңді сүйді. Өлеңмен өмір сүрді. Бейнелей сөз еткенде, поэзия әлемі оның өзі айтып кеткендей «жұмағы мен тозағы» еді. Сөйтіп, өзі де, өмірі де өлеңмен тұтастай бірігіп, кірігіп кеткен жан болды. Әдебиет сыншылары мен сарапшылары өз бағаларын болашақта бере жатар. Ал курс­тас, дос, оқырман біздің білетініміз – осы.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button