Біздің сұхбат

Зайра УСУВАЛИЕВА: «Бұл заң қарызды қарызбен жапқандарды құтқарады»

Қаңтардың басында Қазақстан үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылданғаны мәлім. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ несие қамытын киіп, одан ұзын ғұмырында құтыла алмай зар илегендер үшін қандай да бір тиімді шешім қабылдау қажеттігіне назар аударды. Соның нәтижесі – «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң жобасы. Ақпаннан бері ел аузында жүрген жобаның осы күні артық-кемі сарапта. Демократиялық ұстанымды ел ретінде бұған түрлі маман иелері пікір білдіруге хақылы. Біз бүгін заң жобасы жөнінде экономист, сарапшы, «Болашақ» академиясының аға оқытушысы Зайра УСУВАЛИЕВАМЕН сұхбаттасқан едік…

– Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы талқыда. Заң жобасымен өзіңіз де таныссыз. Зерттеуші, сарапшы ретінде қандай пікірдесіз?

Банкроттық туралы сөз қозғамас бұрын сол банкроттық ұғымының мәнін ашып алған жөн. Анықтамалық ақпаратқа сүйенетін болсақ, банкроттық дегеніміз – тұлғаның қарыздық міндеттемелері бойынша төлем жасауының тоқтатылуымен сабақтасатын дәрменсіздігі. Тұлғаны банкрот деп тану – мемлекеттік уәкілетті органның құзыретіндегі процедура.

Бәрімізге белгілі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды дайындауға тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда заң жобасы әзірленіп, сәйкес инстанцияларда қарастырылуда.

Жалпы, кез келген күрделі жағдай бойынша шешім шығару кезінде сол жағдайға қатысты тараптардың мүдделері барынша сақталуы көзделеді. Ал, осы банкроттық процедурасын қолданғанда кім ұтады? Кім ұтылады? Бұл сұраққа жауап алу үшін банкроттық процедурасын қолданатын елдердің тәжірибесін зерттеп көрген жөн.

Кейбір сарапшылар бұл жоба өркениетті еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйенгендігін айтып, оның біздің елдің әлеуметтік жағдайына сәйкес келмеуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Өйткені өркениетті елдерде даму деңгейі бізге қарағанда жоғары, бізде одан әжептәуір төмен. Оларда бұл заң қалай әрекет етеді?

– Банкроттық процедурасы ең ұзақ (ХІХ ғасырдың соңынан) қолданылып келе жатқан елдердің бірі – Америка Құрама Штаттары. Онда Банкроттық қылмыстық заң мен Банкроттық туралы кодекспен реттеледі және арнайы құрылған орган – Атқарушы бюроның құзыретінде.

Америка заңы банкроттық процедурасының 6 нұсқасын қарастырады, бірақ соның ішінде тәжірибеде тек 3 нұсқасы көп қолданылады:

№7 бөлім қарыз алушыны оның мүлкіне деген барлық құқығынан айыруды қарастырады. Мұндай жағдайда ол мүлкін мүлдем қолдана алмайды. Барлық мүлкі сатылып, қарыз алушының қарыздарын жабуға жұмсалады. Қарызды өтеу кезектілігі федералдық заңмен анықталады.

№13 бөлім тұрақты табысы бар, бірақ, барлық қарыздарын өтеуге жетімсіз жеке тұлғаларға қолданылады. Бұл жағдайда борышкерді мүлік құқығынан айырмайды және ол мүлкімен кез келген операцияларды жүзеге асыра алады – сату, жалға беру, сыйға тарту және т.б. Кодекске сәйкес қарыз алушыдан белгілі сома алынып, кредиторларға аударылады. Қанша сома алынып, кімге аударылатыны федералдық заңмен анықталады.

№11 бөлім балық аулаумен айналысатын, отбасылық фермасы бар және сол секілді тұлғалар үшін қайта ұйымдастыру процедурасын қарастырады. Бұл бөлімнің талаптарына сәйкес қарыз алушы ешқандай құқықтарынан айырылмайды. Бірақ кредиторларына сотпен бекітілген қайта ұйымдастыру жоспарын ұсынуы тиіс. Кредиторлардың 3/2 бөлігі қарсы болмаса, құжат бекітілген болып саналады.

Нәтижесінде борышкер жағдайын қалпына келтіруге уақыт алады, ал, кредитор қарызды өтеуге тең құқық алады. Бірақ борышкердің несие тарихында банкроттық туралы жазба 10 жылға дейін сақталады және оның кредиторларға қайта жүгінуін қиындатады.

Ұлыбританияда жеке тұлға үш жағдайда банкрот болу мүмкін:

1. Борышкер өзінің қарыздарын төлеу мүмкіндіктері болмағандықтан өзін банкрот деп тану үшін сотқа жүгінеді.

2. Кредитор 750 фунт (1000$-дан сәл көп сома) қарызы бар борышкерді банкрот деп тану үшін сотқа шағымданады.

3. Уәкілетті тұлға борышкер кредитормен жасасқан мәміленің шарттарын бұзғаны үшін оны банкрот деп тануын сұрап сотқа жүгінеді.

Ал, Жапонияда жеке тұлғаның банкроттығы жағдайында оның активтерін, банктік шоттарын, жылжымайтын мүлкін басқару құқығы арбитраждық басқарушыға өтеді. Борышкер өзіне тек жиһазын, алдағы үш айға ғана жетерлік жеке қажеттіліктеріне арналған ақша қаражаттарын (әдетте ол сома 10 000$-дан аспайды), жиынтық құны 2500$-дан аспайтын автомобилі мен өмірін сақтандыру полисін қалдыра алады.

Көршілес Ресей елінде жеке тұлғалардың банкроттығы процедурасы 2015 жылы ғана пайда болды. Оны заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың алдындағы жалпы берешегі 500 000 рубльден асқан, берешек мерзімі үш айдан асқан кез келген жеке тұлға қолдана алады. Сол сияқты міндеттемесін орындауға кедергі келтіретін, мысалы, жұмыстан шығарылу, ауыр ауру, мүлкінің бүлінуінен залал және т.с.с. жағдайлары бар жеке тұлғалар да өзін банкрот деп жариялай алады.

Банкроттық процедурасы айтарлықтай қымбат. Мемлекеттік баждан басқа борышкер қаржылық басқарушының еңбегін пошта шығындарын, шығынының бәрін өтейді, орта есеппен айтқанда жалпы сомасы 100 000 рубльдей болады.

Банкроттық нәтижесінде адам коллекторлар мен сот орындаушылармен жағымсыз қарым-қатынастардан құтылады. Банкроттық процедурасы Ресейде жағымсыз жайт емес, қайта қарыз алушылар 5 жылда бір рет қарыздарын осындай жолмен жоюға үйреніп қалған. Себебі банкрот деп танылған жеке тұлғаға қойылатын шектеулер 5 жылға дейін қолданылады.

Сонымен, әртүрлі ақпарат көздеріне сүйенетін болсақ, жеке тұлғалардың банкроттығы институты, жұмыс жасайтын елдерде банкроттық серпіні әр түрлі және ол белгілі бір критерийлер бойынша топтастыруға келмейді.

Сондықтан, біздің елге тән қандай әлеуметтік ерекшеліктер ескерілуі тиіс?

Біздің еліміздегі банкроттық туралы заң жобасына келер болсақ, бұл жоба 2019 жылы дайындалған, тек қазір талқыға түсіп, қарастырылып жатыр. 2019 жылы ел Президентінің Жарлығы бойынша кредиттік амнистия шеңберінде 577,7 мың азаматтардың жалпы сомасы 120,5 млрд. теңге қарызы кешірілген. Осы шара 2020 жылдың сәуір айына дейін үш кезеңмен жүзеге асырылып, елдегі борышкерлердің санын азайтуға ықпал етті. Бірақ, одан бері қарыз алушылардың саны тағы жоғарылап, Кредиттік бюроның мәліметіне сәйкес бүгінгі таңда 1 миллионнан астам азамат қарыздарын қайтару мерзімдерін бұзған.

Жоба заң тілінде, оны қарапайым адамның түсінуі қиын. Жобадағы банкрот деп танылған тұлғаға қойылатын талаптар мен шектеулерді түсіндіріп өтесіз бе?

Бүгінгі таңда банкроттық туралы заңның қабылдануы азаматтарға несие қамытынан құтылып, жаңа өмір бастауларына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Осы аумақтағы халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда қарыз сомасы мен ұзақтығына байланысы банкроттық процедурасының үш түрін енгізуді ұсынып отыр.

Бірінші жағдайда тұрақты табысы бар борышкер қарыздарын өтеуге сот арқылы 5 жылға дейін мерзім ала отырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіре алады. Қалпына келтіру жоспары қаржылық басқарушымен бірге құрылып (5 млн. теңгеден асатын қарыз болса), сотпен бекітіледі. Жоспарда көрсетілмеген әрекеттер жүзеге асырылмайды.

Екінші түрі тұрақты табысы жоқ борышкерлерге соттан тыс банкроттықты қолдануды ұсынады. Соттан тыс банкроттық процедурасын үш жағдайда қолдануға болады:

Бірінші – банктік және несиелік ұйымдардың алдында 5 жылдан асқан қарыздары бар азаматтар;

Екінші – егер азаматтардың қарызы 12 ай бойы қайтарылмаған болса. Бұл жағдайда қарыз сомасы 100 АЕК (306 300 тенге) аспауы тиіс және қарызды өтеуге жұмсауға болатын мүлкі болмауы тиіс;

Үшінші – 6 ай бойы өтелмеген 5 млн.теңгеге дейінгі қарыздары бар азаматтар.

Соттан тыс банкроттықты қолдануға өтінішті «Электрондық Үкімет» веб-порталы немесе «Е-салық азамат» мобильді қосымшасы арқылы беруге болатын болады.

Үшінші түрі – сот шешімімен банкрот деп тану. Бұл жағдайға 1600 АЕК-тен асатын өтелмеген қарыздары бар азаматтар жатады. Үшінші нұсқаға сәйкес борышкердің мүлкі сатылып, алынған қаражат кезек бойынша кредиторларының алдындағы қарыздарын өтеуге жұмсалады.

Егер борышкердің жалғыз баспанасы қамтамасыз ету кепілі болса, кредитор оны алып қоюға құқылы. Ал, жалғыз баспанасы қамтамасыз ету кепілі болмаса, кредиторлар оған тиісе алмайды. Егер борышкердің сенімсіздігінің белгілері (мүлікті жасыру немесе ол туралы жалған ақпарат беру және т.б.) болмаса қалған өтелмеген сома тоқтатылады.

Бірақ алименттер, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залалдар бойынша қарыздар тоқтатылмайды.

Соттан тыс немесе сот арқылы банкрот болған жеке тұлға 5 жылға дейін күнкөріс деңгейінен асатын сомада қарыз ала алмайды және 3 жылға дейін шет елдерге шыға алмайды. Тек емделу және жақын туысын жерлеуге қатысу үшін шет елге шығуға рұқсат етіледі.

– Заң қабылданғанда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаншалықты ықпал етеді?

– Сонымен, елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі жоспарланып отырған заң жобасы Ресей Федерациясының тәжірибесіне көп ұқсайды. Дегенмен, банктік және несиелік мекемелерден жеңіл несиелерді алып, қарызға белшесінен батқан азаматтар үшін банкроттық процедурасы тығырықтан шығар жол деп санауға болады. Бұл заң жобасының ең тиімді жақтары борышкердің қаржылық жағдайын жақсартуға заң жүзінде мерзім алуы және осы мерзім ішінде оның қарызына ешбір айыппұл және өсімпұл қосылмайды. Сонымен қатар, кейбір елдердің тәжірибесіндегідей, егер, жалғыз баспанасы кепілде болмаса, кредитор оны алып қоя алмайды. Ал, берілген мерзім ішінде сотпен бекітілген жоспарға сәйкес борышкер өзінің қарызын өтейді. Бұл заң – әсіресе, бір қарызды екінші қарызбен жауып жүрген көптеген азаматтарға тығырықтан шығар жол деп айтар едім.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button