Руханият

Рух мұнарасы

Бала күнімізден «Менің атым – Қожа», «Көксерек» сынды фильмдерді көріп өстік. Кейіпкерлеріне еліктедік. Дегенмен, ондағы негізгі идеяны есейе келе ұқтық. Мәселен, «Менің атым – Қожадағы» Қожа – қазақ. Оның мектепке бармауы, лагерден бас тартуы, еркіндікке құмарлығы – кеңестік жүйеге деген ұлт қарсылығы, елдің азаттықты аңсауы. «Көксеректегі» асыранды қасқыр да – қазақ. Оның түптің-түбінде орманға қарап ұлуы, өз иесін жазым етуі – ұлттың бостандыққа талпынысы. Демек, әр фильм – мемлекеттік идеологияға, ұлттық рухқа құрылуы ләзім. Алайда, мұндай талғам үдесінен кез келген фильм шыға алмайды. Ал, егемендікке қол жеткелі патриоттық рухта қандай фильмдер түсірілді?

Рух мұнарасы

Сөзімізді Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген ауқымды жоба «Қазақ елі» телехикаясынан бастауымыз заңды. Өйткені, бұл қазақ телевизиясы тарихындағы тұңғыш тарихи сериал. Бас-аяғы 10 бөлімнен тұрады. Бастапқы 7 бөлімі Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хан дәуірін суреттейді. Қалған 3 бөлімі хандықтың іргесін кеңейтіп, тарих сахнасына мемлекет ретінде орнықтырған Бұрындық, Қасым хандарға арналды. Бұл туынды қазақ жастарының патриоттық сезімін күшейту жолында үлкен рөл атқарып, рухын көтеруге едәуір септігін тигізді. Бір айта кетерлігі қазақтың тұңғыш ханы Керейдің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биыл 90 жылдығын тойлап жатқан С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актеры Қайрат Кемалов сомдады. Бұл – Арқа жұртына ортақ абырой. Қарағандыда актердің өз атын ұмытып, «қазақтың Керей ханы» деп атайды. Бұл өз образын лайықты сомдағанын аңғартады.

Ал, Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасы қалың көрерменнің жүрегін қозғап, рухын тасытты. Фильмнің шығармашылық құрамы 2018 жылы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болып, туынды бірнеше халықаралық кинофестивальдерге ұсынылды.

Фильм ана мен бала махаббаты хақында. Осынау құдіретті күштің арқасында кейіпкер Ілияс біз кездері көз жазып қалған анасына, үйіне барар жолда кездескен ауыр қиындықтарды жеңеді. Картина – егемендік алғаннан кейінгі қазақ киносының үлкен жетістігі. Өйткені, мұнда тағдыр бар. Сюжеті – шымыр, идеясы – құнды. Ана – Отан, Атамекен, туған жер. Бала – перзент, халық, қазақ. Анасына асыққан Ілияс арқылы туған жерге байланған қазақ туралы айтады. Екеуінің басындағы талайлы тағдыр қатар өріледі, параллель сипатталады. Сол арқылы бүтін бір дәуірдің портреті шығады. Бұл фильм де патриоттық пен қайсарлыққа тәрбиелейді.

2012 жылы жарыққа шыққан «Жаужүрек мың бала» драмалық фильмі де – Ақан Сатаевтың туындысы. Фильм қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен XVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. «Мың бала» атанған Сартай жасағы қарасы әлдеқайда көп жауға мыңға жуық қолмен қарсы шауып, қазақ әскерінің жеңуіне үлес қосады.

Францияда 65-ші Канн кинофестивалінің аясында арнайы көрсетілген «Жаужүрек мың баланы» тамашалауға 40-тан астам агент пен дистрибьютер келген. «Жаужүрек мың баланы» әлемдік прокатқа шығарумен айналысатын канадалық компаниямен келісімге қол қойылды. Қазақтың жауынгер халық екенін әлемге танытқан табысы мен қаралымы мол туынды болды бұл фильм. Ұлыбританияның кинопродюсері, Пьер Спенглер:

«Фильмнің сапасы, актерлердің шеберлігі ерекше әсер қалдырды. Эпикалық аясы, трюктері және басқа элементтері де жоғары деңгейде. «Мың баланы» көрген сайын Қазақстанға барғым келіп, сонда бір фильм түсіруді армандаймын. Осындай сапалы кино мен үлкен әлеуетке ие қазақстандық кинематография саласы бағындырар биік әлі алда» деген.

Бұдан бөлек, Ақан Сатаев «Томирис» фильмінің де режиссері. Қарағандылық жерлестері бүгінде рух қарашаңырағы «Қазақфильм» киностудиясын басқарып отырған Ақан Сатаевпен мақтанады. Ол баяғы Қалибек Қуанышбаев, Шолпан Жандарбековалардың жолын жалғап, қазақ киноөнеріне, ұлт рухының көтерілуіне үлес қосып жүр.

«Анаға апарар жол» фильмі сияқты Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмі де «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскарға» ұсынылған.

«Аманат» тарихи драмасы репрессияға ұшыраған біртуар тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың қилы тағдырына арналады. Ермұхан Бекмаханов – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жайлы ғылыми тұжырымдамалар жасаған сұңғыла ғалым.

Сюжет бойынша «Аманат» фильмінде – үш желі мен үш кейіпкер – Кенесары, Ермұхан және Рамазан – әрқайсысы ойды өздігінен жеткізгісі келеді. Негізгі идея бір, әр кейіпкердің ұлт тәуелсіздігіне деген мұраты ортақ. Актерлер түсірілім алдында тарихи деректермен қайта мұқият танысыпты.

Сонау 1930-жылдардағы алапат қиын кезеңде қазақ халқы корейлер, немістер, түріктер, шешендер мен күрдтерді бауырына басып, ажалдан аман алып қалған. Осы өмір шындығын «Қазақфильм» студиясы кино тілінде сөйлетіп, «Жерұйық» фильмін жұртшылыққа ұсынды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» демекші, патриоттық Отанды сүюмен ғана өлшенбейтініне осындайда көз жеткіземіз. Өзін жарылқамағанның өзгені жарылқап жарытпасы тағы анық. Фильмдегі «Егер Орынбай аға болмағанда, сол жылдар мен үшін ит-құс құтырған жыл ретінде ғана есімде қалған болар еді» деген корей ақсақалының естелігі сол дәуірді елестетеді. Қазіргі Қазақстанның күннен-күнге дамып келе жатқаны құшағының кеңдігі мен пейілінің тазалығынан. Көпұлтты республикамыздағы елді ұйытып отырған саясатты да дөп басқан фильм – бұл.

Ал, Мұрат Бидосовтың «Тар заман» телехикаясы «Ұлттық мемлекет құрамыз» деп, өз уақытынан оза шапқан тұлғаларға арналған. Оқиға желісі Алашорда үкіметін құру жолындағы Әлихан Бөкейханов бастаған ортақ мұратқа топтасқан алаш зиялыларының өмірінен құрылады. Мұнда Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Смағұл Садуақасов сынды тұлғалар бар. Фильмдегі Әлихан, Жақып, Әлімхан сынды тұлғалардың Қарағанды топырағынан екені кеудемізде мақтаныш сезімін оятады.

Ұлт рухын алып мұнараға теңесек, ол мұнара бір кездері өте зәулім еді. Тарих желі қатты соғып, әлсіретіп тастаған. Осыдан 32 жыл бұрын 25 қазанда Егемендік декларациясына қол қойылғанда рух мұнарасы еңсесін қайта тіктеді. Қазақ қайтадан атқа қонды. Алла алқады, әруақ жебеді. Енді, осындай айтары бар фильмдермен рух мұнарасы әрленуде. Әрленіп болған күні қазақтың асқақ рухы шыңына шығып, әлемнің дамыған 30 елінің біріне айналмақ. Бұл жолда Арқаның, Қарағандының қасиетті топырағында туып, Алаш аспанына қанат қаққан арда ұлдарының сүбелі үлесі бар. Рух мұнарасы Мәңгілік болғай!

Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button