Руханият

Бір суреттің сыры

Жайық Бектұров!

Қазақтың қазыналы қарты, Арқаның ардагер азаматы, Қарағандының көрнекті қаламгері еді ғой, қайран Жәкең. Сөйлеп кетсе, аузымен құс тістейтін шешен, жаза жөнелсе қаламы су жорғадай тайпалып отыратын көсем еді ол. Білімдарлығы, зеректігі, есте сақтау қабілетінің мықтылығы адамды еріксіз қайран қалдыратын. Көргені де ұлан-асыр, білгені де телегей-теңіз болатын біздің ардақты Жәкеңнің.

Жәкең ұзақ жасады, жасы 90-ға таяп барып, 1998 жылғы наурыз айының соңына таман дүние салды. Өмірдің өткелдерінде тар жол, тайғақ кешулерді басынан молынан өткізген шежіре қарт, қарапайым қаламгер әдеби ортаның арасына еркін кіре алмай, шетқақпайлау қалып, қоңырқай ғұмыр кешіп келген еді.

Әлі есімде, 1997 жылғы сәуір айының басы еді. Бір күні жұмыс бабымен Жәкеңнің Қарағанды қаласының бұрынғы Бейбітшілік бульвары бойындағы үйіне бардым.

Күн суық. Үй де салқын. Үстіне жасыл түсті шапанын киіп алған Жәкең әңгіме арасында маған бір қолжазбасын көрсетпекші болып, стол үстінде жатқан көлемді папканы ақтара бастады. Сол сәтте папкадағы қағаздардың арасынан шыққан ескі бір сурет көзіме оттай басыла кетті.

– Апыр-ай, мына бір суретте үлкен сыр бар сияқты ғой? – деп Жәкеңнің бетіне қарадым.

– Иә, солай екені рас, шырағым. Бұл өзі жаныма ерекше жақын жәдігер суреттердің бірі еді. Сурет сырын сұрасаң, айтып берейін, – деп абыз ақсақал осының алдында ғана айтып отырған әңгімесін тоқтата тұрып, маған тосын бір сырды баяндай бастады.

– Бұл сурет 1934 жылдың соңына таман Орал қаласында түсірілген еді, – деп бастады әңгімесін Жәкең. – Суретте сол жақта отырған – кезінде Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері болған абзал ағамыз Сейітқали Меңдешев, оң жақтағысы мен. Ол кезде небәрі 22 жастамын. Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің аппаратында жауапты қызмет атқарып жүрген шағым еді. Сейітқали ағам ол кезде Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің Президиум мүшесі, әрі республикалық ғылыми кеңестің төрағасы.

…1934 жылдың жазында Қазақстан үкіметі республикамыздың ашаршылыққа ерекше ұшыраған екі аймағына үкімет тарапынан нақты көмек көрсету үшін арнаулы екі бригада шығарған. Оның бірі Батыс Қазақстан облысына, екіншісі Шығыс Қазақстанға аттаныпты. Шығыс Қазақстанға шыққан үкімет бригадасын көрнекті мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов басқарған. Бригада Құрамында белгілі ғалым Молдағали Жолдыбаев, «Народное хозяйство Казахстана» журналының редакторы Константин Павлов, Қазақ педагогика институтының ректоры Серғазы Толыбеков, Қазақстан өлкелік комсомол комитеті орталық аппаратының жауапты қызметкері Жайық Бектұров болған.

Олар сол жылғы жаздың екі айында осы күнгі Абыралы, Шұбартау, Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа аудандарын, жаңадан қайта құрылып жатқан Қарқаралы округінің аудандарын аралап, шаруалары күйзеліске ұшыраған ауыл шаруашылықтарына мемлекет тарапынан мал, астық және ақша қаражатын, киім-кешекті дұрыстап таратуға нақты көмек көрсеткен. Үкімет бригадасының осы сапар барысында атқарып қайтқан аса жауапты жұмысы жайлы сол жылдың күз айларында С.Меңдешовтің, К.Павловтың және Ж.Бектұровтың мақалалары республикалық баспасөз беттерінде жарияланған.

Сол 1934 жылдың күзіне қарай мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов пен республикалық комсомол ұйымының жас қызметкері Жайық Бектұровтың жолы тағы тоғысады. Бұл жолы ҚазЦИК-тің Президиум мүшесі Сейітқали Меңдешов, Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитов, ҚазЦИК-тің сол кездегі төрағасы Елтай Ерназаровтың бірінші орынбасары Заваритко және комсомол Жайық Бектұровтың туғанына – 110 жыл қызметкері Жайық Бектұров бәрі бірге Батыс Қазақстан облысының аудандарында, Саратов және Москва қалаларында іссапарда болады. Сергей Кировтың өлімі мен оны жерлеу рәсімі кезінде қазақстандық делегация мүшелері Мәскеу қаласында жүреді. Біз сөз етіп отырған осынау тарихи сурет сол сапардың барысында Оралда түсірілген екен.

– Әлі есімде, жолаушылар пойызы келгенше біршама бос уақытымыз болған еді, – деп еске алды Жайық ақсақал.

– Сейітақаң маған: «Қарағым, жүрші, екеуіміз бірге суретке түсейік. Мынау жердегі Банк үйінің қасында Данько дейтін фотограф бар еді. Ол өзі баяғыдан бері суретке түсіріп келе жатқан фотографтар әулетінен еді, – деп мені суретке түсуге өзі бастап алып барды. Біз бұл суретке солай түсіп едік, қарағым!

Аласапыран жылдарда Жәкең өзіндегі осы бір қастерлі суретінен айырылып қалыпты. Халықтың ұлдарының мойнына «халық жауы» деген қара қамыт кигізілген қара түнек күндердің бірінде Жәкеңнің ағасы альбомдағы осы жәдігер суретті ортасынан екіге бөліп, өз бауырының ғана бейнесін жеке алып қалған. Онсыз да бір басына жететін жаланың ортасында жүрген Жайық бауырына мына сурет қосымша бір соққы болып кете ме деп алаңдаған аға көңілін әбден түсінуге болады. Сейітақаңдай абзал азаматпен иық түйістіре қатар отырып суретке түспек түгілі, кезінде үйінен бір шыны аяқ шай ішіп кеткен талай шаңырақ иелері түрмеге түсіп, айдалып кете барған аласапыран жылдар еді ғой, ол кез.

Арқаның ақ боранындай ұйытқи соққан заман-ай! Халықтың бағына туған небір аяулы да ардақты азаматтарды тағдырдың араны кең ақ бораны шайнамай жұтып жіберді емес пе? Өкініштен өзегің өртенгендей…

– Е, шырағым, біздің ардақты Сейітақаң туралы айтатын жыр да көп, сыр да көп. Кезінде оған Мағжан Жұмабаевтың шығарған бір әзіл өлеңі де бар еді. Оны айтсам, басқа бір әңгіменің сүрлеуіне түсіп кетуім кәдік. Осы айтқандарымды қанағат етсең, бұл әңгімені әзірше осымен тәмамдай тұрайық, – деп Жәкең бетіме қарады.

Мен не дейін? «Кеудесі жақсылардың – алтын сандық» деген аталы сөз осы біздің Жәкең сияқты көненің көзі, тарихтың өзі сияқты шежіре қарттарымызға қарап айтылған ғой деп ойладым іштей.

…Жәдігер суреттің көшірме нұсқасын қолыма қайта алып қарадым. Оралдық кәсіби фотограф Данько түсірген осы тарихи суретте өндір жас Жайық інішегін жанына алып, өзіне тән сабырлы қалпымен маңғаз отырған Сейітқали Меңдешов атамыз:

– Шырағым, біз деген жаланың құрбаны болып кеттік қой. Ел аман болса, ердің аты өшпейді. Туған еліміз, байтақ жеріміз, көңілі даладай, мінезі баладай қазағымыз аман болсын! – деп тебірене тіл қатқандай…

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button