Руханият

Тау-кен ісінің майталманы – Бекжан Қобдықов

Тау-кен металлургиясы өндірісінің ережесінде былай делінген: шағын және ірі істер кен базасынан басталады. Қоңырат кен орны – Балқаштың алтын бесігі. Оны 1928 жылы көрнекті қазақстандық геологтардың бірі, ҚР ҰҒА академигі М.РУСАКОВ ашты.

Қоңырат кеніші Қазақстаннан тыс жерлерге де танымал. Бұл ашық дамудың үлгісі және қазіргі уақытта кен құрамында мыс мөлшері 0,31 пайыз болатын кен өндіріледі. Қоңырат кендерінде басқа металдар да бар, олардың ішіндегі ең құндысы – рений, оның құны түсті металдар нарығындағы күмістен он есе жоғары. Жүз жылға жуық уақыт ішінде кен орны бірнеше рет қиын кезеңді бастан өткерді, бірақ соған қарамастан, Қоңырат кеншілері «Қазақмыстың» және Қарағанды өңірінің өркендеуі үшін еңбек вахтасын жалғастыруда. Кеніште жоғары санатты мамандар – тау-кен ісінің майталмандары жұмыс істеуде. Солардың бірі – кеніште 30 жыл көлемінде еңбек етіп келе жатқан Бекжан Махметжанұлы Қобдықов.

Бекжан аға 19 жастағы жігіт шағында Алматы облысынан Қоңыратқа келді. Балқаш кен-металлургия техникумын бітірген. Ол – техник-пайдалы қазбалар кен орындарын ашық игерудің кеншісі. Техникумды бітіргеннен кейін Павлодар облысының көмір кенішінде 10 жыл жұмыс істеді. Кейін туған жері Қоңырат кенішіне оралды. Теміржол көлігі учаскесінде жол шебері болып жұмысын жалғастырды, содан кейін жол бастығы болды. Бекжан аға Қоңырат-Балқаш теміржол тармағының, карьердің құрылысына тікелей қатысты. Содан кейін ол карьерге ауысым шебері болып ауыстырылды, учаскесінің бастығы болды, онда ол бүгінгі күнге дейін жұмыс істейді. Оның қарамағында 60-тан астам адам жұмыс істейді, олар тәулігіне 5 мың тонна кенді тиеп, оны Балқаш байыту фабрикасына жөнелтеді.

Білесіз бе, біздің кеніште өз ісін жақсы білетін тамаша мамандар жұмыс істейді. Даңқты әулеттердің де сабақтастығы сақталған. Ата, әке жолын жалғаған әріптестеріміз бар.

Мен Қоңырат кенішіне келгенімді, өмірімнің бір бөлшегін осы салаға арнағанымды мақтан тұтамын, – дейді кейіпкеріміз.

Иә, шын мәнінде кеніште тұтас әулеттердің – байырғы қоңыраттықтардың өкілдері еңбек етуде. Бұл Узалиндер, Макиндер, Тоқабаевтар, Тоғжановтар, Сәрсекеевтер, Жақыповтар, Керебаевтар және Алтынбаевтар әулеттері, олардың есімдері Балқаш маңы тау-кен кәсіпорындарының тарихына алтын әріптермен жазылған.

Қоңырат кенішінде жұмыс істеген әрбір адамның тағдыры әртүрлі, олардың әрқайсысы өз жолымен сүрлеу салған. Бекжан Қобдықовтың та өзінің сара жолы бар. Бастысы, ол үшін бір нәрсе өзгеріссіз қалды – мамандыққа, кәсіпорынға деген сенімділік, адалдық. Бұл қасиеті оны әріптестері арасындағы биік беделге, асқақ абыройға жетеледі.

Қуаныш АМАНҚҰЛ,

журналист.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button