Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Цифрландыру: бюрократияны жоюда таптырмас құрал

Елімізде цифрландыру жүйесі екпінмен жүзеге асуда. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ жетекшілігімен өткен аппараттық кеңесте Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық жүйелері талқыланды.

– Соңғы 7 жылда Қарағанды облысында қылмыстың төмендеуі байқалады. 2015 жылы 30 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, 2021 жылы – 11 мың. Биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 20 пайызға төмендеген. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың жалпы ашылуы 74 пайызды құрады. Қылмыстың жалпы төмендеуіне қарамастан, Жаңаарқа, Абай, Қарқаралы аудандарында, Қарағанды, Сәтбаев, Саран, Қаражал қалаларында өсу байқалады, – деді жиында ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының басшысы Жұлдыз Бұламбекова.

Сонымен қатар, ол, құқықтық саладағы ақпараттық технологиялар көптеген процесті оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік бергендігін атап өтті.

– Азаматтардың арыз-шағымымен жұмыс жасау мақсатында 2021 жылдан бастап «Е-өтініш» жүйесі енгізілді, ол өтініштерді қараудың жеделдігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басшыларында әкімшілік процедураның бүкіл процесін бақылауға мүмкіндік бар. Жүйе адресатты автоматты түрде анықтаумен қатар, өтініш берушілердің өтініштері бойынша бүкіл тарихты және мемлекеттік органдарға талдау жүргізуге мүмкіндік беретін құралдарды қамтиды, – деп түсіндірді Жұлдыз Бұламбекова.

Басқарма басшысы І тоқсанда электронды жүйеде 22 018 өтініш тіркелгендігін айтып өтті.

– Цифрлық технологиялар мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен тиімділігін, ақпараттың қолжетімділігін, ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің жеделдігі мен сапасын арттырады. Бүгінгі күні кәсіпкерлік субъектілерін тексеру рәсімі автоматтандырылды. Осылайша, адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылды, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдарындағы қағазбастылық кемігені атап өтілді. Цифрландыру сотқа дейінгі тергеуде, қылмыстық және әкімшілік істерді жүргізуде енгізілген. Мысалы, ӘҚБТ жүйесі бірнеше рет басу арқылы электрондық хаттаманы құрайды. Айта кету керек, құқық қорғау және арнайы органдар арасында автоматтандырылған ақпарат алмасу қамтамасыз етілген. Мұнда 26 мемлекеттік органның 87 дерекқоры біріктірілген. Түрлі геоақпараттық карталар мен сервистер әзірленді: апаттылық, қылмыс картасы, айыппұлдар, алимент бойынша борышкерлер, адамдарды іздеу және т. б. туралы мәліметтер. Сонымен қатар, басқарма басшысы мемлекеттік мекемедегі жауапты қызметкерлердің халықтан түскен өтінішке уақытылы жауап бермейтіндігі туралы да айтып өтті.

– Өтініштерге жауап беру мерзімі жиі кешіктіріледі. Биылғы жылдың І тоқсанының өзінде жергілікті атқарушы органдар 40 өтінішке жауапты кешіктіріп берген. Осыған назар аударуыңызды сұраймын, өйткені әкімдік аппаратының қызметіне берілген баға өтініштердің қалай қаралатынына қарай бағаланады, – деді Жұлдыз Бұламбекова.

Жиын соңында Жеңіс Қасымбек цифрлық технологияларды сапалы пайдалану жөнінде тапсырма берді.

– Кез келген автоматтандырылған ақпараттық жүйенің мақсаты – жұмыс процестерін оңтайландыру, бюрократизация, жылдам нәтиже алу. Бұл – азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінетін мәселелерін жедел шешудің маңызды құралы, – деп атап өтті облыс әкімі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button