Референдум

Жаңа қоғам құру – халық қолында

5 маусым ел есінде тарихи күндердің бірі ретінде қалатын болды. Өйткені, бұл күні Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтеді. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті жиынында  Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Бұл реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейді.Референдум – маңызды мәселені халықтың талқысына салып, көпшіліктің пікірімен шешім қабылдауға үндейтін шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді.

Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет.

Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін!» – деп қазақстандықтарды 5 маусымда өтетін референдумға қатысуға шақырды. 

Халықтың ерік-жігері саналатын құжатқа қатысты жалпыхалықтық референдум осыған дейін 1995 жылы өткен болатын. Әлемдік тәжірибені саралай отырып жазылған Конституция сол кезден бері елдің дамуына жол ашты. Өйткені, 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай болмаған еді. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы, оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын. Сондықтан, 1995 жылы тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Оған 7 миллионнан астам азамат қатысып, қазақстандықтардың 89 пайызы жаңа Ата Заңды қолдап дауыс берді. Құжат негізінен 4 құрылымнан тұрды: Конституция, Адам құқығы, Билік, Демократия және құқық қорғау.

Бұл Референдумға дейін Конституцияның жобасы жалпыхалықтық талқылау үшін екі мәрте жарияланған болатын. 1995 жылғы 30 маусым – 30 шілде аралығында 33 мыңға таяу ұжымдық талқылаулар өтті, 30 мыңнан астам ұсыныстар түсіп, бұларды зерделеу нәтижесінде жобаға 1100 түзету мен өзгеріс енгізілген.

Конституцияның мазмұнына үңіліп көрсек те, ел үшін маңызды тұстарын аңғарамыз. Мысалы, Конституцияның 1-бабының 2-тармағында Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарына қазақстандық патриотизм жатқызылған. Ал Конституциялық патриотизм қазақстандық патриотизмнің бір түрі, бір бөлігі екені анық. 2-баптың 2 және 3-тармақтарында республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитыны нақты айтылған. Сол арқылы Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты. Республика қызметінің түбегейлі қағидалары, атап айтқанда, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму саналады. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне және өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы қызмет атқарып жатыр. Ал Конституцияның 8-бабында Қазақстан халықаралық құқықтың қағидалары мен нормаларын құрметтеп, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасауды, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізіп, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартатыны баян етілген. Міне, осындай құжат арқылы мемлекет азаматтарының қауіпсіздігін, жақсы тұрмыс-тіршілікте өмір сүруін қамтамасыз етіп отыр. Айтылған ережелерді қатаң сақтау арқылы еліміз өзінің жаһандық жауапкершілікке ден қоятынын көрсетіп, әлемдік өркениеттің алға басуына үлес қосуға ниетті.

Жаңа Қазақстанға бағыт алдық. Оны құру – халықтың қолында.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button