Референдум

Меруеш БАШАЙ: «Кемел келешекке жасалған жарқын қадам»

№65 сайлау учаскесінен әнші, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш БАШАЙДЫ кезіктіріп қалып, жалпыхалықтық референдум жөнінде аз-кем пікір алмастық. Меруеш ханым референдумның үлкен той екенін, еліміз үшін аса маңызды сәт екенін айтады…

– Меруеш ханым, тарихи сәттегі көңіл-күйіңізді білсек?
– Көңіл күйім керемет. Негізі, үлкен той ғой. Ата заңымыз 1995 жылы 30 тамызда алғаш референдумның өтуімен қабылданған. Кейін бірнеше рет өзгеріс кірді. Бірақ, ол өзгеріс халықтың дауысына салынбай, Парламент арқылы еніп отырды. Ал, енді осы жолы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» қағидасына негізделген бұл референдумның басты мақсаты үлкен өзгерістерге бетбұрыс қой.
– Дауыс беруге отбасыңызбен келдіңіз бе?
– Өз таңдауымызды жасау үшін отбасымызбен келдік. Біздің үйде референдумға дауыс беретін 5 адам екенбіз. Жолдасым екеуміз және үш студентіміз бар. Отбасымызбен реферундымды толық қолдаймыз. Біздің елімізде жаңа өзгерістерге жол ашылғанын қалаймыз.
– Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға толық келісесіз бе? Әлде, келіспейтін тұстарыңыз бар ма?
– Әрине, толығымен келісеміз. Бұл еліміздің келбетті келешегі үшін жасалып жатқан жарқын қадам ғой. Оң өзгерістер үшін жасалып отыр. Жер мәселесі үшін талай толқулар болды. Оның өзін жаңа редакцияда көрсетіп отыр. Жер байлығы халыққа тиесілі екенін. Демек, кез-келген дүниені мемлекет халықпен ақылдасады деген сөз. Бұл өзгерістердің халыққа тигізер жақсылығы көп. Лауазымды тұлғалардың да белгілі бір өкілеттілігін шектеп жатыр. Мемлекет Президенті, облыс әкімі болсын, бірінші, екінші тұлғалардың жақын туыстарының мемлекеттік қызмет саласында, квазимемлекеттік сектор нысандарында басшылық қызметтер атқаруына тыйым салынады. Сонымен қатар, «Самұрық Қазына», «Қазмұнайгаз» секілді алпауыт компанияларға бақылау күшейеді.
– Өзіңіз қазанында қайнап жүрген мәдениет саласынан қандай өзгерістер күтесіз?
– Үлкен өзгерістер болатынына сенемін. Мәдениет саласындағыларға көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Барлығын реттейтін құқықтық заңнамалар ғой. Әлеуметтік желіде халық талқылап жатыр, сахна мәдениетін. Сахна деген киелі дүние ғой. Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақтарды халықтың алдына шыққанда қалай құрметтеді, сал-серілеріміз халықты солай сыйлады, жауапкершілік болды. Ал, қазір жасыратыны жоқ, жастар батысқа еліктеді, сахнаға шығып, аузына келгенін айтатын болды. Осының бәріне шектеу болады. Жөн-жосығы, тәртібі болады. Осы референдум арқылы осының бәрі жүйеге келтірілсе деген үміт бар.
– Қандастырымыз да қарқынды дауыс беріп жатқан шығар?
– Әрине, өте белсенді деп айтуға болды. Отандастырымыз үшін де бұл тарихи сәт аса маңызды. Жалпы, халық болып қарқынды дауыс беріп жатқанын байқаймын. Әлеуметтік желіден де көріп отырмыз. Халықтың үлкен үміті бар. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демей ме? Сіз бен біздің дауысымыз үлкен рөл атқарады. Сондықтан, дауысты ынтамен берейік. Қазақ елінің бағы жансын деп тілек айтамыз сөз соңында. Негізі, бұрынғымен салыстырғанда қысқа мерзім ішінде біршама өзгерістер орын алып үлгерді. Сол да үмітімізді арттыра түседі.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын.

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button