Жаңалықтар

Қазақстан құрамасы FIFA-дан чемпионатқа өтті

Ала доптың аламанында бақ сынау оның ішінде алғаш рет FIFA Nations Series 2022 симуляторынан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе еді?! Осынау тарихи сәтке себепші болған қазақстандық құраманың – ойыншылары, қос қарағандылық Ақназар БЕКСЕЙІТОВ пен Олжас ЕСЕНТАЕВ.


Отандық футбол бәсекесі талқыланар болса біздің команда ылғи жағымсыз пікірдің астында қалатын. Мына бір серпіліс көптің көңіліне үміт шырағын жаққандай. Таяу Шығыс, Африка, Сауд Арабиясы мен Кувейт және БАӘ-тері бақ сынасқан додада қазақстандық құрамаға қамшы салмау қиын-ды. Бәсекенің бәссіз жеңімпазы (фавориті) Сауд Арабиясы мен Кувейт құрамалары еді. Алайда, біздің құрама ептілік пен еңбектің арқасында төрткүл дүние назарын аударды өзіне. Құрама сапындағы қарағандылық һәм жезқазғандық ойыншылардың ойыны еліміздің футбол жанкүйерлерін марқайтып тастады.
– Іріктеу Дубай мен Манамада өтті. Жалпы қандай сайыс болмасын дайындықтың рөлі маңызды ғой. Қарсылас командалардың дайындықтары жоғары дәрежеде. Біз де осы дайындық мақсатымен Дубайда 1 ай жаттығып, шеберлік шыңдадық. Олар өткізген әр матчтарды қарап, ұтымды жақтарына қарсы қарымта шабуылдар жоспарладық. Құрама тактикасын өзгертіп, бар күшімізді тек жеңіс жолына біріктірдік. Нәтижесі өздеріңіз көргендеріңіздей, – дейді құрама ойыншысы Ақназар Бексейітов.
Айта кетейік ұлттық құрама FIFA 2018 ойынының екі дүркін чемпионы атанған Сауд Арабиясының саңылдауын тауып, жеңіске жетті. Бұл өз алдына бір бөлек жаңалық. Жалпы әлемге аты мәлім командалармен иық тіресе ойнаған әсердің ерекше болатыны айғақ. Құраманың жезқазғандық ойыншысы Олжас Есентаевтың айтуынша, сөзбен айтуға келмейтін әсерден әлі арыла алмайтынын жеткізуде.
– Бізге әлдебір құрама не команданы таңдау бұйырмады. Ultimate Team режимінде барлық құрамаға кез келген футболшыны таңдауға рұқсат берілді. Біздің құрамда Криштиану Роналду, Мбаппе, Гуллит, Виллингем, Пеле сияқты әлемге аты мәлім ойыншылар болды. FIFA бұл бар Еуропаның бірлестігі ғой, – дейді Олжас Есентаев.
Біздің құрама үшін бұл жеңіс тек бастама. Алда әлем чемпионатына дайындық бар. Жоспар бойынша құрама Германияда дайындалмақ. Копенгагенде 27-30 шілде аралығында өтетін әлем біріншілігінде басты үш орынға үміткер болмасақ та, кем дегенде 8 орынның қатарынан көріну қазіргі таңда құраманың басты мақсаты. Жалпы 24 команда бақ сынасқалы отырған ала доп аламанының жүлде қоры 400 мың долларды құрайды.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button