Мыс балқыған, көңіл шалқыған күн

Жуырда Балқаш мыс балқыту зауытының мыс­ты электролиздеу цехының ұжымы цехтың 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтой аясында ұйымдастырыл­ған іс-шарада зауыттың үздік қызметкерлерінің еңбегі еленіп, марапатталды.

Айта кетейік, аталмыш цехтан 1952 жылы Балқаштың алғашқы шақпақ мысы өндірілген болатын. Балқаш мыс зауытында өндірілетін жоғары сапалы катод мысы, тек Балқаш қаласын ғана емес, Қазақстанның дүниежүзілік экономикалық аренада есімін мәлім етті. Мерейтойға орай цех ұжымы 13 млн.59 мың тонна дайын өнім шығарды. Өндіріс ошағы іске қосылған алғашқы күнінен бастап алдыңғы қатарда келеді. Бұл туралы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Марат Әубәкіров атап өтті.

Елдің тарихындағы алғашқы ірі индустриялық жобалардың бірі – Балқаш мыс балқыту зауытының мысты электролиздеу цехы десек артық айтқанымыз емес. Мұнда қаншама ардагерлеріміз, өндірістің өрендері тер төкті. Осы уақыт ішінде олар өз ісінің шебері атанып, үздіктер сапында болды. Зауыт мамандары өндірістің өнімділігін арттыра түскен. Өнім шығару мерзімі жыл сайын өсіп келеді. Бұл зауыт қызметкерлерінің тәжірибе жинақтап, іске әбден төселгендігінің белгісі. Баршаңызды мысты электролиздеу цехының 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, – деді «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Марат Әубәкіров.

Бұдан бөлек, еңбектің қазанында қайнаған Ерсұлтан Әуезханұлы, Медет Рамазанов, Ермек Қыстаубаев, Өмірсерік Оралбайұлы бастаған еңбеккерлерге Құрмет грамоталарын табыс етті. Мерейтой барысында өндіріс озаттарын марапаттаған Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Айдын Қапашев: «Жүздеген, мыңдаған адамның металлург мамандығын игеруі кәсібі ғана емес, тағдыры да болып кетті», –дейді.

Сонымен қатар, Балқаш қаласы әкімінің Алғыс хатымен мысты электролиздеу цехының еңбеккерлері Серік Мырзабайұлы, Ерлан Әбілғазыұлы, Дулат Жанғазыұлы, Манас Аманұлы, Еркебұлан Бақытжанұлы, Еркебұлан Қайыркенұлы бастаған 10 адамды марапаттады.

Атап айтқанда, бұл күні мысты электролиздеу цехының жұмыскерлерінің еңбегі еленді. «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар Кеңесі төрағасының және «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директорының Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Үздік бригадир», «Үздік шебер», «Өндіріс озаты», «Тәлімгер» және «Жас маман» номинациялары бойынша 37 еңбеккерге Құрмет грамотасы тапсырылды.

Өз қамқорлығындағы еңбеккерлерді «КәсіпҚорған» кәсіподағының Балқаш филиалының кәсіподақ комитеті, «Қазақмыс» және «Жастар Болашақ» Жастар одағының төрағалары құттықтап, қоғамдық ұйымдардың өміріне белсенді қатысқаны үшін 27 жұмыскерді Құрмет грамоталарымен марапаттады. «Жастар Болашақ» Жастар одағы атынан «Даңқты жастар» төсбелгісі мысты электролиздеу цехының химиялық қорғау жұмыстары телімінің оқшаулаушысы Владислав Подолякоға табысталды.

Құттықтау сөз сөйлеген мысты электролиздеу цехының басшысы Мәди Абдуалиев цехты дамытуға өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлері мен өндіріс озаттарына айтар алғысы шексіз екендігін жеткізді. Шахмұрат Амантайұлы бастаған өндіріс ардагерлерінің ізбасарлары болашақта цехтың еңбегін еселей беретіндігіне сенім білдірді.

Іс-шараның соңы мысты электролиздеу цехының 70 жылдығына арналған мерекелік концертке ұласты. Қалаға белгілі әншілер Арсен Арғынбай, Жанбота Әміртаева, Диана Нарова әннен шашу шашты.

Нұрдос КӘРІМ. 

БАЛҚАШ қаласы.